Публицист парасаты
Жақында «Алаш» аллеясынан ашылған «Өлкетану» кітапханасында белгілі цублицист, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабекпен «Журналист тұлғасы» атты кездесу кеші өтті. Атауы айқындап тұрғандай кездесуге келген меймандар қаламгердің тұлғалық қасиеті, азаматтық болмысы жөнінде сөз қозғады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің студенттері жолдаған сұрақтар сәтті шығып, кеш соңына қарай ұлттық журналистиканың мәртебесін көтеру жөніндегі мәселе талқыға түсті.
Әуелі меймандарды «Өлкетану» кітапханасының меңгерушісі Айтолқын Жаңабай жаңадан ашылған рухани орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырып шықты. Өз сөзінде кітапханадағы алғашқы кездесудің Ерсін Кәрібайұлына бұйырғанын және атап өтті.
Қадірлі меймандардың ішінен алғашқы болып сөз алған Қазақстанның Құрметті журналисі, телеарна майталманы Әли Тойжігіт Ерсін Мұсабектің публицистік қырына тоқталып, портреттік мақалалардың шебері екенін, әрі соларды қалт жібермей оқитынын айтты. Әсіресе студенттерге баспадан кейіннен шыққан «Ораза күнделігі» кітабын оқып шығып, рухани азық алуға ағалық кеңесін білдірді.
Ерсін Кәрібайұлы – көсемсөз шебері, қарашаңырақты ұзақ жыл басқарған бас редактор Мағауия Сембайдың төл шәкірті. Жүрген жерінде Мағауия мектебінің өкіліміз деп сөз бастайтын ол ұстазының атын ардақтап келеді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова кездесу қонағының ұстазға деген құрметін жоғары бағалады.
– Ерсін інімізге қаламының қарымын былай қойғанда, оның ұстаз есімін ұлықтап жүрген шәкірт ретінде ерекше риза боламын. Мағаш тұрған үйге ескерткіш тақта орнатып, оның атынан қаламгерлерге байқау ұйымдастырды. Басқа да шаруаларының басы-қасында жүр. Осындай азаматтық қасиеті бар бауырымыздың ізінен де лайықты шәкірттер ереді деп ойлаймыз, – деді Рымбала Кенжебалақызы.
Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық журналист Сағат Батырхан әріптес бауырының облыстық басылымның бас редакторы қызметін орнықты басқарып отырғанын, «Егеменнен» кейінгі екінші басылым деген бейресми байырғы атауға лайық өзекті тақырып қозғалып, өткір материалдар басылып жатқанын атап өтті.
Мектеп жасында айтыс сахнасына қатар шыққан филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғап кездесу кейіпкерінің бала талантынан бастап, публицист парасатына дейінгі кезеңіне тоқталды.
Бір топ филология факультетінің студенттері қаламгердің ертеректе шыққан «Бұлт астында сәуле бар» атты жыр жинағындағы өлеңдерін жатқа оқыды. Қаламгердің ұлы, «Жыл оқушысы» атанған Тоқтар Кәрібаев та әкесінің өлеңін нақышына келтіре оқып берді.
Мұнымен қоса, студенттердің салмақты сауалы кешті кішігірім конференцияға ұластырып жіберді. Ұлттық журналистиканың келешегі жөнінде әңгіме кеңінен өрбіді.
Кеш соңында Ерсін Кәрібайұлы арнайы кездесу кешін ұйымдастырған кітапхана ұжымына зор ілтипатын білдірді. Студенттерге кітабын үлестіріп беріп, естелік суретке түсті.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz