Психиатрия – жан мен тән үйлесімі
Қазіргі таңда Қазақстандағы түрлі реформаларға сәйкес халықтың денсаулығын сақтауда медициналық қызмет күн сайын дамуда. Психиатрия болса, отандық медицинаға кешеуілдеп келгені белгілі. Дегенмен, бүгінде өзіндік тарихы қалыптасқан үлкен салаға айналды. Аймақтың психиатрия қызметінің қалыптасқанына 80 жылдан асты.
Жан аурулары туралы түсінік сонау медицина атасы саналған Гиппократтан бастау алады. Одан кейінгі пікірлер Платон мен Аристотель еңбектерінде кездеседі. Авл Корнелий Цельс психикалық аурулар жөнінде жүйелі ілім ашты. Психиатриялық көмек алғашында психикалық ауруларды қоғамнан бөлектеумен ғана шектелді. XVIII ғасырдың басында Ресейдің бірқатар қалаларында психиатриялық ірі ауруханалар салына бастады. Қазан төңкерісінен кейін психиатриялық көмек көрсету қызметінде түбегейлі өзгерістер болды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында психиатриялық көмек психоневрологиялық диспансер ұйымы арқылы жүзеге асты. Диспансерлер науқастарға емдік және әлеуметтік көмек көрсетті. Бұл үрдіс Қазақстанда да қалыптасты.
Қарағанды психиатриясының тарихи бастауы 1937-1938 жылдармен тұстас келеді. 1939 жылдан бастап Орталық Қазақстанда бірінші рет психиатриялық көмек көрсетіле бастады. Компанейск ауылында Н.Ширяевтің басшылығымен 15 төсектік психиатриялық бөлім ашылды. 1940 жылғы 19 қыркүйектегі Қарағанды облыстық денсаулық сақтау бөлімінің №140 бұйрығы негізінде Теміржол ауданының Компанейск ауылында психикалық науқастарды емдеуге арналған облыстық психиатриялық аурухана ашылды. 1941 жылдан аурухананы Е.М.Деревинская басқарады. Соғыс жылдарында психикалық ауруға шалдыққандардың легі көбейгені туралы деректер бар. 1947 жылғы 25 ақпанда облыстық психиатриялық ауруханада соттық психиатриялық сараптау комиссиясы құрылады. Аурухана саман үйде орналасты. Кәріз орнына қазылған шұңқыр, пеш жағу, отын-су тасу емдеу ісімен қатар жасалатын күнделікті жұмыс болатын.
Облыстық ауруханада 1940-1955 жылдары материалдық-техникалық база кеңейеді. Алайда, аурухана орналасқан ғимараттың тозығы жетіп, науқастарды қабылдауға қолайсыз болатын жағдайда екені басшылық тарапынан жыл сайын ескертіліп отырды. Ақыры 1955 жылдың 15 тамызында психоневрологиялық диспансер ашылады. Диспансердің бас дәрігері лауазымына дәрігер Е.Деревинская тағайындалады. Бар болғаны жеті маман болғанымен, психиатрия мамандығын иегерген бас дәрігерден басқа ешкімде болған жоқ. Сондықтан, мамандардың білімін жетілдіру бірінші кезекке шықты. Бұл жұмысты Қарағанды медицина институтының психиатрия кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Свядощ жүргізді. Ол осы жылдары сот-психиатриялық сараптама комиссиясына да төрағалық етті.
Осы жылдары психологиялық көмек көрсететін бөлім Балқаш қаласында, ал, Жезқазғанда ауданаралық психоневрологиялық диспансері ашылды. 1961 жылдың наурызында Теміртау қаласының психиатриялық қызметі өз жұмысын бастады. Алкогольге тәуелділерді психоневрологиялық ауруханада емдеу қиындық туғызатын болғандықтан, аурухана басшылығы арнайы тәртіп орнатылған, заң негізіндегі наркологиялық стационар ашу мәселесін көтерді. 1975 жыл заманауи наркологиялық қызметтің пайда болған жылы ретінде саналады. Осы жылы КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің алқасында дербес наркологиялық қызметті құру туралы шешім қабылданған. Алғаш рет учаскелік психиатр-нарколог дәрігерлер, фельдшер-наркологтар пайда болды. Осы мамандық бойынша аттестаттау енгізілді. Бастапқыда наркологиялық қызмет психиатриялық қызметтің құрамына кірді. 1976 жылдың ақпан айында Қарағанды қаласында алғаш рет наркологиялық диспансер ашылды (1994 жылға дейін жұмыс істеді). Диспансер 20-шахтада орналасқан еді. Кеңес дәуіріндегі наркологиялық қызметтің басты міндеті маскүнемдікпен күрес болатын. Қарағанды психиатриясында әр жылдары емдеу-еңбек шеберханалары – тігін, кітап тігу, ағаш шеберханалары жұмыс істеді.
Деректерге сүйенсек, 1985 жылдан бастап алкогольдік психоздар санының азаюы және жалпы алкоголизммен сырқаттанудың төмендеуі байқалды. 1990 жылдан бастап отандық наркология, кейбір мамандардың пікірінше, дағдарысты бастан өткерді. Наркологиялық диспансерлер таратылып, психиатриялық диспансер құрылымына көшірілді. Бұл жағдай біздің облысты да айналып өтпеді. 90-шы жылдардан бастап Қарағанды облысының тұрғындары арасында есірткі заттарын қолданудың артуы, есірткіге тәуелділік байқала бастады және осы кезеңнен бастап психиатр-наркологтар алдын алу және емдеу мәселелерімен белсенді түрде айналысты. 1992 жылы Компанейскідегі Қарағанды облыстық психоневрологиялық ауруханасы мен Қарағанды облыстық психоневрологиялық диспансері облыстық «Психиатрия» қауымдастығына біріктірілді, оның бас дәрігері В.Дюсембеков болды. 1993-1994 жылдары психиатриялық және наркологиялық қызметтер біріктірілді. 2001 жылы балалар наркологиялық диспансері ашылғанын да айта кету керек. Тағы он жылдан кейін балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында суицидологиялық қызмет құрылды. 2013 жылы Қарағанды облыстық, Теміртау, Жезқазған, Балқаш қалаларындағы психоневрологиялық диспансерлері біріктірілді, ал 2018 жылы облыстық балалар психоневрологиялық диспансері, Саран қаласындағы облыстық мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесі қосылды. 2014 жылы Жезқазған өңірлік бөлімшесі Сәтбаев қаласындағы ескі, апатты ғимараттардан Жезқазған қаласындағы заманауи ғимаратқа көшірілді.
Қазақстан Республикасының психикалық денсаулық қызметін дамытудың Жол картасы аясында Қарағанды облысы тұрғындарының барлық жас санаттары арасында суицидтің алдын алу үшін айтарлықтай жұмыс жасалды. Нәтижесі облыста суицидтің деңгейін 100 мыңға шаққанда 18-ге дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда Қарағанды облыстық психикалық денсаулық орталығы науқастарға мамандандырылған консультациялық-диагностикалық, жедел, дәрігерге дейінгі, сараптамалық-құқықтық, оңалту және әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Аурухана басшылығы өз қызметкерлерінің кәсібилігін арттыруға табандылықпен ұмтылуда. Ұйымның материалдық-техникалық базасы жақсаруда. Психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмектің жаңа инновациялық әдістерін меңгеруге ерекше назар аударылады. Ұйым электронды құжат айналымын кеңінен енгізуде.
Әсіресе, қазіргі заман ағымында адамның жүйкесіне көп жүктеме түсетіні туралы ғылыми зерттеулер нәтижесі көрсетіп отыр. Бұл ретте аталған қызметтің мәні тереңдеп, маңызы арта түсетіні анық.
А.Беккулова,
А.Абдикадирова,
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының оқытушылары.
Суреттер автордан.