Жаңалықтар

Профессордың пейілі

Вилен Борисович Молотов-Лучанский. Бұл есім елге ертеден белгілі. ІІ дәрежелі «Достық» орденінің кавалері. «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Кейіпкеріміз ел мен жерді кие көреді. Қазаққа деген құрметі жыл өткен сайын артпаса, еш кеміген емес.

Сурет: профессордың жеке мұрағатынан

Ол бүгінде – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі, «Қарағанды еврей мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Балқаштың бауырында дүние дидарын ашқанына да былтыр 70 жыл болды. Саналы ғұмырын ел дамуына, бірлік пен бейбітшіліктің салтанат құруына арнаған жан.

«Менің кіші Отаным – Балқаш қаласы. Әйгілі Көкше теңіздің жағасы. Әлі есімде 8 сынып оқып жүргенде эссе жазғаным. Сонда жусанның иісін, жазық дала мен көлдің толқыны туралы толғанып жазғанмын. Қазақ жеріне деген іңкәрілігім сол қалпы әлі. Киев даласында екі жыл әскери борышымды өтегенде ел мен жерімді қатты сағындым. Бұл өткен ғасырдың 70-ші жылдары еді. 1937 жылы менің әжем Қарағандыдағы Долинкада жазасын өтеген соң, 1952 жылы анам екеуі қайта қауышты. Осылайша, мен Балқаш қаласының бейбіт аспанында дүниеге келдім. Әжем ары үшін өмір сүрген, адамдардың ала жібін аттамаған жібі түзу жан еді. Ал анам Қазақстанды өмірінің соңына дейін сүйіп өтті. Әжемнің айтуынша, біз бұл елдің халқынан мейірім мен шапағатты көп көрдік дейтін», – деп өткеніне көз жүгіртті В.Борисович.

Кейіпкеріміз «бірлігі босаңсыған мемлекеттің берекесі де кетеді» деген ұстанымда.

– Ұлтты ұйыстыра білу – үлкен ерлік! Ал оған бастайтын – отандастардың алдағы күнге деген сенімі. Қайдан біліп отыр демеңіз. Аз ғұмыр жасадым деп те айта алмаймын. Ғасыр соңындағы таршылық теперішін көрген біреу болса, сол менмін! Мен ғана емес, шаңырағы опырылып ортасына түскен КСРО халқы түгелдей көрген болар. Көшкені көшіп, кеткені кетіп жатты. Бірақ, ертеңгі жарқын болашаққа деген сенім жүрегімде бір сәтке болсын сөнген емес. Талаптандым, еңбектендім. Бірнеше қызметті қатар атқардым. Отандастарымыз түрі мен түсіне, ұлты мен діни наным-сеніміне қарамастан бір шаңырақ астына бірікті. Елімнің көпшілдігіне ерекше ризамын және алғысымды білдіргім келеді, – дейді ол.

Вилен Борисович терапия саласында ғана емес, онымен қатысты барлық ғылымды тұтас меңгеріп, алдынан өткен науққастың риясыз алғысын арқалады. Бәлкім, Қарағанды клиникаларында профессормен шағын және үлкен құрамда жұмыс істемеген, тым күрделі жағдайларда, дәрігерлік консилиумдарда гаухарға бергісіз кеңесін алмаған әріптестері жоқ шығар. Мұнымен қоса, 150-ге жуық ғылыми еңбек алыс-жақын шетелдердің мерзімді басылымында жарық көргенін де атап өткеніміз жөн.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button