12 мыңнан астам тұрғыны бар Приозерск қаласында жаңа учаскелік полиция пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Шараға облыстық Полиция департаментінің басшысы Санжар Әділов пен қала әкімі Мансұр Ахметов арнайы қатысып, бөлімшенің материалдық-техникалық базасымен танысты.
– Мұнда полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әріптестеріміз халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындайды деп сенемін. Жергілікті полиция пунктінің ашылуына атсалысқан қала әкімі мен мәслихат депутаттарына өз атымнан алғыс айтамын, – деді Санжар Әділов.
Аталмыш учаскелік полиция бөлімшесінде төрт қызметкер өздеріне бекітілген аумақтың қауіпсіздігін қадағаламақ. «Бұл аумақта үш мыңнан астам адам тұрады. Сондықтан учаскелік полиция пунктін ашу – уақыт талабы», – деді қала әкімі Мансұр Ахметов.
– Бұған дейін Приозерск қаласында екі-ақ учаскелік полиция пункті болған. Біздің міндетіміз – халықпен тығыз қарым-қатынаста болып, қауіпсіздікті қадағалау, – дейді учаскелік полиция инспекторы Мұхаммед Шалғынбаев.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ
Суреттер: Полиция департаментінен