Ресми

Прага: төрт түлік ақты болсын!

Шетелде жүргенде, Отанымызға деген махаббат екі еселеніп, іште ұлттық сезім пайда болады екен. Өзіміз үйренген тағамдарды, конақжай халқымызды, дүркіретіп атап өтетін мейрамдарды сағынады екенбіз. Осындай керемет мерекемізді атап өтпеу, үлкен қате болар. Біз Чехия мемлекетінде жүріп те, Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды дәстүрге айналдырғанбыз.

Сурет автордан

Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі. Халық таза, жаңа киімдерін киіп, бір-бірімен қол алысып, амандасып төс қағыстырып жақсы тілектер айтылады. Мерекеге арнап, наурыз көже дайындалады. Осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, арылады. Чехиядағы бауырларымызбен бірге Ұлыстың ұлы күнін ән-күй, ұлттық ойын-сауықпен жыл сайын керемет атап өтеміз. Бір-бірімізге қонаққа барып, «Наурыз құтты болсын!», «Көктем құтты болсын!» деп тілек білдіреміз.

Жалпы, қазақтың салт-дәстүрі заманның тұманынан, көшпелі тайпалардың әдет-ғұрпынан бастау алады. Қазақтың қазір ұлттық мінезге айналған басты дәстүрлерінің бірі – қонақжайлылық. Қонақжайлылық, қазақ қоғамында басты міндет – қонақты ашық, құшақ жая қарсы алу. Қонақ – үйдегі ең маңызды және ең қалаулы адам. Біз қазақтар әрдайым жақын достарымызды, таныстарымызды қонаққа шақырып, күтеміз.

Чехия топырағында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің деректері бойынша 2500-ден астам қазақстандық студент білім алып жатыр. Студенттерден бөлек, жұмыспен келгендер және ертеден осы жақта тұратын бауырларымызбен 8000-ға жуықтайды.

Кейбір деректерге сүйенсек, 1970 жылы Чехиядағы қазақ диаспорасында 1700 адам болған. Содан бастап көбейе бергенбіз. Менің ойымша Чехияда қазақтар Шыңғыс ханның кезінде әскердің құрамында болып, кейіннен осында қалып, ең алғаш тамыр жайған. Бірақ сол кезде бізді қыпшақтар деп атайтын. Бізді мадиярлар деп те атаған кезінде.

Мен білім алып отырған Прага қаласында «Тарлан» деген жастар ұйымы бар. Чех мемлекетінің әр тұсынан жиналған қазақтардың басын қосып отыр. Бұл ұйымдағы студенттер өте ұйымшыл, мерекелерді бірге атап өтуге құштар, бірге дастарқан басында жиналып, әрдайым бір-біріне көмектесуге дайын.

Ал, жергілікті халық Наурыз мерекесіне ерекше қызығушылық танытып, қазақ халқының мәдениеті, ұлттық киімі және салт-дәстүрі туралы сұрақтарын жаудырады. Біздің мемлекетті чех халқы ерекше құрметтейді және жақсы көреді. Оларға өз мемлекетімізге деген махаббат, құрмет ерекше болып көрінеді. Менің чех достарым да бізбен осы мейрамды атап өткізгілері келіп, жоспарлап отыр.

Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласы мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін – әз Наурызбен шын жүрегімнен құттықтаймын! Үйлеріңізге береке, жайлылық, жылылық тілеймін. Берекелі дастарқандарыңыз жиылмасын!

Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!

Ең бастысы – халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Айжан ҚАЛМҰРЗА,
Чех Агрономиялық жоғары оқу орнының студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button