Подиумнан – плацқа: қарағандылық модель Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүр
Бір кездері халықаралық сән көрсетілімдерінде өнер көрсеткен қарағандылық модель қазір Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүр, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі «24KZ»-ке сілтеме жасап.

Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Шыңғыс Танатпаев модельдік мансабын 17 жасында бастаған. Бойы мен сыртқы келбеті оған сән индустриясына жол ашып, халықаралық подиумдарға шығуына мүмкіндік берген.
Шыңғыс кезінде француздың әйгілі Pierre Cardin сән үйінің, сондай-ақ италиялық Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің топтамаларын таныстырған. Ол түрлі елдерде өткен сән көрсетілімдеріне қатысқан.
Бүгінде оның подиумдағы жүрісін әскери саптық қадам алмастырған. Жауынгердің айтуынша, модельдік пен әскери қызметтің ұқсас тұстары да бар. Екі салада да тәртіп, жинақылық, жауапкершілік және өз ісіне сенімділік маңызды.
Қазір Шыңғыс Қарағандыдағы қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып, бұқаралық іс-шаралар мен адам көп жиналатын орындарда қызмет атқарады. Қызмет барысында ата-анасынан адасып қалған балаларды табуға көмектесіп, тұрғындарға жоғалған бағалы заттарын қайтаруға да жәрдемдескен.
Бүгінде Қазақстанның 21 қаласында 7 мыңнан астам Ұлттық ұлан әскери қызметшісі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Оның ішінде Қарағандыда күн сайын 250-ден астам әскери қызметші осы міндетке тартылады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



