Брифинг

ПИК кетіп, МИБ келеді

Қарағанды облысында 304 мүлік иелері бірлестігі мен қарапайым серіктестік тіркелген. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай ҮСЕНОВ Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тікелей эфирде өткен брифингте Мүлік иелері бірлестігі және Қарапайым серіктестік енгізудің аралық қорытындылары туралы айтып берді.

Пәтер иелері кооперативі ме, әлде Мүлік иелері бірлестігі ме? Қайсы тиімді? Осы күнге дейін пәтер иелері кооперативінің жұмысы көптің көңілінен шыға қоймағаны рас. Құбыр жарылса, өрт шығып, су басса, кейбір жауапты адамдарды орнынан табу қиын еді. Әлі де солай. Енді сол ПИК-тің орнын мүлік иелері бірлестігі басқалы отыр. Бұл тәсіл озық елдердің көбінде бар. Қазақстанда «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Осыған байланысты, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап, пәтер иелері кооперативтерінің қызметі тоқтатылады. Олардың орнына Мүлік иелерінің бірлестігі және Қарапайым серіктестік келеді. Бұл ұйым тұрғындарға үйді өз бетінше басқаруға мүмкіндік береді.

Осы уақытқа дейін кооперативтер басқарушы немесе сервистік компания болып қайта құрылуы және жаңа мәртебеде үйлерге қызмет көрсету жөніндегі өз қызметін жалғастыруы тиіс. Бірақ, олар тұрғындар жиналысында таңдалса ғана. Егер тұрғындар пәтер иелері кооперативінің жұмысына наразы болса, пәтер иелері олардың қызметінен бас тартып, қазірдің өзінде МИБ немесе ҚС құра алады, – деп атап өтті Ұлантай Үсенов.

МИБ – заңды тұлға. Оны құру механизмі келесідей. Алдымен, тұрғындар жиналысын өткізу керек. Үй иелері құрамынан үш жыл мерзімге кеңес сайланады. Төрағаны таңдау қажет. Оның өкілеттігі жыл бойы жарамды болады. Аудиторды немесе тексеру комиссиясын анықтау керек. Содан кейін жарғыны бекітіп, ХҚКО-ға МИБ тіркеу туралы құжаттарды тапсыруы тиіс. Онда өтініш толтыру, жиналыс хаттамасы ұсынылады және 1 АЕК (2 917 теңге) мөлшерінде мемлекеттік баж төлейді. Бүкіл қызмет барысында МИБ-тен ешқандай салық алынбайды. ҚС құру үшін тұрғындардың 100% келісімі қажет. Ол заңды тұлға болып табылады. Жарғыны Әділет органы мен ХҚКО-да тіркеудің қажеті жоқ. Бірақ, жергілікті атқарушы органдарда тіркеу есебіне тұруы қажет. Үй тұрғындары сенімді адамды таңдай алады. Бұл адам пәтер иелері берген сенімхат негізінде жұмыс істейді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button