Брифинг

Pfizer – Қазақстанда тіркелген 7-вакцина

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вакциналардың сапасын бақылау мәселесі айтылды. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Фарида МАКЕЕВАНЫҢ айтуынша, облыс аймағында вакцинаның жарамсыз болып қалу фактілері анықталмаған.

Спикердің айтуынша, жарамсыз болып қалған вакцина, дәрі-дәрмек немесе медициналық бұйым болсын жойылады.

– Алматы облысында жол апатынан вакцинаның бір партиясы жарамсыз болып қалғанын білесіздер. Ал, біздің өңірде облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті барлық медициналық ұйымдарда вакцинаны сақтау шарттарының орындалуын тексерді. Жүргізген тексеріс жарамсыз вакциналардың жоқ екенін көрсетті. Егер қандай да бір фактілер анықталса, ол препарат жойылады, – деп атап өтті Ф.Макеева.

Сонымен қатар, Қазақстанда 7 вакцина медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне тіркелген.

– Бірінші болып өзіміздің қазақстандық QazVac вакцинасы тіркелген. Оны Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты шығарды. Екіншісі, ақпан айында тіркелген – «Спутник V». Ол бүгінде Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндіріледі.

Сәуірде Hayat-Vax вакцинасы тіркелді. Оның негізгі өндірушісі Қытай болса да, өндіріс алаңы Біріккен Араб Әмірлігінде. CoronaVac та қытайлық вакцина. Сосын шілде айында «Спутник Лайт» вакцинасы тіркелді. Бұл жоғарыда атап өткен «Спутник V»-нің бірінші компоненті. Осы шілде айында тағы бір вакцина – қытайлық Vero Cell тіркелді. Және өткен аптада ғана Pfizer вакцинасы тіркелді. Бұл препараттың өндірістік алаңы Бельгияда орналасқан. Pfizer яғни, Comirnaty вакцинасы елдегі медициналық ұйымдарға күзде жеткізілуі керек. Осы аталған вакциналардың әрбір сериясы пен партиясы қауіпсіздік және сапа сараптамасынан өтеді. Сәйкестік сертификатын алғаннан кейін ғана медициналық ұйымдарға жөнелтіледі. Бұлардың ішінде НayatVax пен CoronaVac шағын көлемде жеткізілген. Ал, QazVac, «Спутник V» мен Vero Cell жеткілікті көлемде бар, – деді Фарида Үргенішбайқызы.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button