Патриотизм мен популизм
Осы тақырыпты «Отансүйгіштік», «Беделқұмарлық» деп беруге болатын еді, бірақ, «изм» қосылмаса, иі қанбайтындай көрінді. Иі қанбаса, орысша ойлап, қазақша қағазға түсіретін туысқанның түсінуі қиындайды. Айтайын дегенім, біз осы екеуінің ара жігін ажырата аламыз ба? Кейде «Отан!» деп көп өзеуреген кейбіреулер кейін арзан беделдің құлы болып шығады. Себебі, сөзі мен ісі үйлеспейді…
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп жазды. Оны отансүйгіштіктің қарапайым қағидасындай қабылдадық.
Мен әлеуметтік желіден оқыған мына бір оқиғаны ортаға салғым келіп отыр.
Қысқа қайырсам, ол шағылы сағымға шомылған шөл далаға бірінші бамбук отырғызғанда, тайпаласының тайлы-тұяғы қалмай келемеждеп күлген. Отыз жеті жылдан кейін оның есімі әлемге әйгілі болды. Қалай? Жер бетінде тұрмысқа өте қолайсыз «өлі аймақтар» кездеседі. Соның бір себебі – қатты қуаңшылық. Көп жағдайда адамдар ондай өңірге қолды бір сілтеп, табиғатты тағдыр тәлкегіне тастайды. Алайда, ерік-жігері мықты жанның қолынан келмейтіні жоқ екен.
Джадав Пайенг Үндістанның Джорхат қаласы төңірегінде тұрды. Ол аймақта өсімдік өсе қоймайтын, жанжануар өте сирек кездесетін. Өйткені, қуаңшылық қыспағында қалған. Джадав жасы он алтыға толғанда жергілікті билікке барып, әлгі аймақты көгалдандыру мәселесін көтереді.
Қала басшылығынан қолдау көрмеген жасөспірім өзінің ойын тайпаның ақсақалдар алқасына айтады. Олар да оның тірлігіне онша сене қоймайды, сонда да көңілін қимай қолына жиырма бамбук көшетін ұстатады. Ол оны шөл даланың қақ ортасына отырғызады.
Көшет қадауды кейін де жалғастырады. Бірнеше жылда тұтас орман белдеуі пайда болады. Қазір Джадав отырғызған орманның аумағы 6 шаршы шақырымға жеткен көрінеді. Ондағы жан-жануар арасынан бенгаль жолбарысы, үнді мүйізтұмсығы, бұғы, қоян, маймыл, қаптаған құс түрлері кездеседі.
Жылда мұнда алты айға піл табыны келеді. Кейінгі кезде он шақты піл осы жақта туды. Мұндай байлық браконерь біткенді бей-жай қалдырмасы белгілі. Бірақ, жергілікті билікпен білек біріктірген Джадав Пайенг құныққан күшке тиісті тойтарыс берді.
Бастапқыда піл табыны орманға жеткенше жолай күріш алқабын жайпап кететін. Бұған шамырқанған шаруалар орманды отап тастамақ болған. Бірақ, бірте-бірте жалаңаш жазықтан жасыл желекті орман әлдеқайда пайдалы екенін бәрі түсінді.
Жергілікті «жарымес» қандай жақсылықтың жаршысы болғанын адамдар толық түсінгенше, әрине, талай жыл өтті. Джадав Пайенг Үндістанның азаматтық марапатын иеленді, елінің нағыз Қаһарманы атанды.
Өлімсіреген өңірді нағыз тропикалық қорыққа айналдырған Джадав отбасымен ормандағы жұпыны үйде тұрады. «Әлемнің бас орманшысы» енді бос жатқан басқа жер телімін көгалдандыруды көздеп отыр.
P.S. Енді ойланып көрейік, егер әркім өз үйінің іргесіне жылына бір тал шыбықтан отырғызса, оны дұрыс күтіп-баптаса, қоршаған орта қалай құлпырар еді? Бәлкім, бұл игі істі биылдан бастармыз?!
Әлібек ӘБДІРАШ,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі