Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды қаласына жұмыс сапарымен келді. Бұл сапар Парламент Сенатының жылдық қорытындысын жасап, елдегі фармацевтика саласын дамытуға арналған нақты шараларды белгілегеннен кейін жүзеге асып отыр. Серік Балғатайұлы сапар барысында «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ және «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС-ны аралап, өндіріс пен ғылыми зерттеулердің қазіргі ахуалымен танысты.

Ғылым мен өндіріс біріккенде
Сапардың негізгі мақсаты – отандық фармацевтика саласының дамуына жаңа серпін беру. «Фитохимия» ҒӨО» АҚ-да депутат 12 ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-өндірістік бөлімшелердің жұмысын қарап, дәрілік шикізатты көмірқышқыл және сұйықтық экстракциялау, субстанцияларды бөлу, тазалау, таблеткаларды қабықпен қаптау, өндіріс сапасын бақылау, фармакологиялық зертханалар сияқты бағыттардағы жұмыстармен танысты.
Орталықта 72 бірегей фитопрепарат шығарылған, оның ішінде, ісікке қарсы «Арглабин», паразитке қарсы «Саусалин», атеросклерозға қарсы «Атеролид», гепатопротекторлық «Салсоколлин», анаболикалық, адаптогендік және сергітетін «Экдифит» пен фитошәрбат «Экдисоп» сияқты дәрілік құралдар бар.
Серік Балғатайұлы «Қарағанды фармацевтикалық зауытының» жаңа өндіріс жобасымен танысып, 2000 м² алаңда дәрілік шикізатты экстракциялау және сублимациялық кептіру цехын салу жоспарын қарады. Жаңа цех пайдалануға берілгеннен кейін жылына 75 000-нан астам бірегей лиофилизацияланған, қатты және сұйық дәрілік қаптамалар шығарылады. Жобаның жалпы құны 10 млн АҚШ долларын құрайды.
Сонымен қатар, Қарағандыдағы ботаникалық бақты қайтару мәселесі де назардан тыс қалмады.
– Парламент 4 сессия 8 шақырылым жұмысын аяқтады. Біз елге іссапарға келдік. Облыста қандай мәселе бар екенін зерттеудеміз. Бірінші кездесуді «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығынан бастадық. Бұл – іргелі мекеме.
Сапар аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оны «Фитохимия» ҒӨО» АҚ директоры, химия ғылымдарының докторы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серғазы Әдекенов жүргізді. Кездесу барысында отандық фармацевтика саласының өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Академик Серғазы Мыңжасарұлы шетелдік нарыққа шығу үшін туындап отырған қиындықтарды атап өтті. Оның пікірінше, отандық бірегей дәрілік препараттардың бәсекеге қабілетті болуы үшін GMP (Good Manufacturing Practice) стандарттарын қатаң сақтау қажет. GMP халықаралық стандарты өндіріс процесінің барлық қадамдарын, цехтағы температурадан бастап қызметкерлердің киіміне дейін, қадағалайды. GMP сертификаты бар компаниялардың өнімін тұтынушылар өз денсаулығы үшін алаңдамай, сеніммен пайдалана алады.
Кездесуде дәрілік құралдарды цифрлық таңбалау мен штрих-кодтау мәселесі де көтерілді. Бұл рәсім шетелдік препараттарды бақылауға тиімді болғанымен, отандық бірегей дәрілік құралдарға қосымша шығын әкеледі, себебі, таңбалау мен штрих-кодтау үдерісі қымбатқа түседі. Сонымен қатар, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер жүргізу шығындары да үлкен мәселеге айналған. Бір препараттың төрт кезеңдік клиникалық зерттеулеріне орта есеппен 200 млн теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Бұл өнімді өндіруге кететін шығындарды есептемегендегі сома. Осы мәселелерді шешу үшін дженериктік препараттарды тіркеу тәрізді бірегей отандық дәрілік субстанцияларды тіркеуден уақытша бас тарту ұсынылды.
Академик Серғазы Әдекенов пен жас ғалымдар ғылыми кадрларды даярлау мен ынталандырудың маңыздылығын да атап өтті. Жас мамандардың жалақысын көтеру, ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін ашуды сұрады. Өз кезегінде Серік Балғатайұлы бұл ұсыныстарды қолдап:
– Ғылыми әлеует – еліміздің фармацевтика саласының болашағы. Егер жас мамандардың материалдық жағдайы мен кәсіби дамуы қамтамасыз етілмесе, олардың потенциалы толық пайдаланылмай қалады, – деп атап өтті.
Отандық фармацевтика үшін жоғары білікті кадрларды даярлау мәселесі университеттер мен ҒЗИ бірлескен жұмысы арқылы шешілуі тиіс, сонымен қатар мемлекеттік гранттар арқылы оқыған түлектерді міндетті түрде отандық кәсіпорындарға 3-5 жылдық жұмысқа тарту қажеттілігі айтылды.
Ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың теңсіздігі де өзекті проблема ретінде қозғалды. Қазіргі кезде қаржының 90%-ы Алматы мен Астана қалаларының ҒЗИ мен ЖОО-ларына бөлінеді, ал өңірлерде ғылымды дамыту қаржы тапшылығына ұшырайды. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығын (ҰМҒТСО) Алматыдан Астанаға көшіру және «Ғылым қоры» АҚ мен «QazInnovations» АҚ қызметін қайта қарау қажет екені айтылды.
Инновациялық жобалардың игілігі
Сапар қорытындысы бойынша Серік Өтешов пен академик Серғазы Әдекенов фармацевтика саласының дамуы үшін нақты іс-қимыл жоспарын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Жобалар жаңа өндіріс цехтары арқылы бірегей дәрілік препараттардың көлемін арттыруға, ғылым мен өндірісті біріктіруге, жас ғалымдар мен мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Отандық фармацевтикаға инвестиция салу, GMP стандарттарына сәйкес өндіріс жүргізу, отандық ғылым мен өндірісті қолдау, жас мамандарға жағдай жасау – бұл тек өндірістің дамуына ғана емес, ел тұрғындарының денсаулығын қорғауға да үлкен үлес қосады. Бірегей фармацевтикалық субстанциялар негізіндегі отандық дәрілік құралдар өндірісін дамыту арқылы Қазақстан шетелдік нарыққа шығуға, өз өнімін әлемдік сапа стандарттарына сай шығаруға мүмкіндік алады.
– Біз отандық фармацевтикаға барлық қолдау шараларын жасауға дайынбыз. Бұл – экономикалық маңызды қадам ғана емес, елдің денсаулығы мен болашағын қамтамасыз етудің кепілі, – деді Серік Өтешов сапар қорытындысында.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



