Парасат пен парыз

 

1981 жылдың жазы. Қарағандыны үрей билеп тұр. Қарапайым халық күн сайын такси жүргізушілерінің айуандықпен өлтірілгені туралы суыт хабарды естиді де, үрейленеді. Бір-біріне қатты ұқсас қанды эпизодтың қайталануы жиілей түскен. Тәртіп сақшыларының кәсіби болжамы бұл қылмыстардың барлығы бір ғана топтың әрекеті екенін меңзейді. Әзірге қолға түспеген бұл топ ел аузында «Ұялы қорқаулар» атанып та кетті. Алдын ала жүргізілген зерттеу-анықтау қорытындылары бұлардың төртеу екендігін де болжап отыр. Алайда, қолға түсер емес. Тұтас облыстың ішкі істер органдары күшейтілген режимдегі жұмыс тәртібіне көшті. «Ұялы қорқаулардың» соңғы құрбандығы облыстық атқару комитеті төрағасы бірінші орынбасарының жүргізушісі болды. Тәртіп сақшылары 3-4 сағат демалып, қайтадан ауысымға шығады.

…№3 автокомбинаттан бір жыл бұрын ғана Қарағанды қаласы мемлекеттік автоинспекциясына жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша инженер болып ауысып келген лейтенант жетекшілік ететін арнайы топ түнгі ауысымды асқан қырағылықпен атқарды. Барлық көлікті тоқтатып, жүргізушісі мен жолаушылары тексерілді. Күдікті ешкім байқалмаған. Лейтенанттың күшейтілген режимдегі 5-ші ауысымы. Бұрынғы 20-шы шахтаға баратын айналма жолдың торабын торуылдап тұрған. Таңғы 4-5-тер шамасы. Лейтенанттың бойын әлдебір сергектік билеп алды. Әлденеге құлшыныс пайда болсын. Таң бозара бастады. Түнгі түнек етегін түріп, көкжиек нұрға малынған шақта ыңырана қозғалған автобус даусы елең еткізді лейтенантты. Тоқтатты. Басшылық бекіткен нұсқаулық бойынша бұлар күдік тудыратындай әрекетке бармауы шарт. Күнделікті жұмыстарындай жүргізуші құжаттарын тексеріп, жолаушыларды аңдаусыз шолып өту. Күдік тудыратындай жағдай болса, шұғыл әрекетке бармай, қосымша жасақ шақырту. Міне, осындай нұсқаумен жұмыс істеп тұрған лейтенант автобус салонын шолып шықты. Соңғы орындарда қызыңқырап алып, дабырлап отырған үшеудің (екі жігіт, бір қыз) таңмен таласқан «тамашасы» бірден күдік тудырды. Лейтенанттың көзі біреуінің қолындағы сағатқа түсті. Иә, соңғы құрбандық қолында болған сағаттың сипаттамасына дәл келіп тұр. Бет-бейнелерінен де фотороботпен жасалған күдіктілер кескінін шырамытты. Байыпты қалыппен, жай ғана автобустан сыртқа шығуларын өтінді. «Салонды тексереміз» деген желеумен. Тысқа шығармасқа болмайды. Өйткені, олар қарсылық білдіріп, қару қолдануы кәдік. Басқа жолаушыларға қауіп төндірмеу үшін солай жасауы керек. Алайда, бұларға күдік тудырған жағдайдың өзінде оларды тұтқындауға тыйым салынған. Лейтенанттың ішкі түйсігі алдап тұрған жоқ. Бұл үшеуі әлгі қанды қолдар квартетінің серкелері еді. Сыртқа шыққан бетте бірден бас салды. Қарсылық көрсеткендеріне қарамай, артқа қайырылған қанды қолдарына кісен салып үлгерді.

Күдіктілерді ең жақын деген милиция бөлімшесіне табыстап бол­ғанша ауысым уақыты да болған. Үйіне келіп, сәл ғана көз шырымын алған соң, күндегі тәртіп бойынша ауысымға келді. Кезекші бөлімнен «Ұялы қорқаулардың» қолға түскенін, күшейтілген режимнің алынғанын естіді. Ал, жас лейтенант өзі құрықтаған күдіктілердің «Ұялы қорқаулар» екендігін келесі күні ғана білді. Басқарма басшысы шақырып алып, лейтенанттың тобына алғыс жариялады. Сол лейтенант ұзақ жыл жол сақшысы болып абыройлы қызмет еткен, жеті жыл ҚР ІІМ Жол полициясы Комитетін басқарған полиция полковнигі Өмірзақ Төлеуұлы Түсімов еді.

Сол жолғы ерлігі мен тәуекелі үшін Өмірзақ Түсімов бастаған кезекші топ (инспектор Е.Есмағанбетов және Қарағанды жоғары милиция мектебінің курсанты) СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін» медалімен марапатталды. Өмкең үшін бұл марапат болашақтағы асқақ абыройдың алғашқы баспалдағы еді.

***

    Өмкең бірыңғай жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ету саласында 30 жыл қызмет етті. Қатардағы инженерден бастап, Қазақстан Республикасының Жол полициясын басқарды. Абыройлы болды. Абыройға адалдықпен жетті. Әйтпесе, жол сақшылары жайлы анекдот аз ба?! Ал, Өмірзақ аға әділеттің ақ жолынан айныған жоқ. Соның арқасында екінің біріне бұйыра бермес абырой асуын бағындырды.

Адалдық – оның қанының құрамындағы алуан түйіршіктердің ең көбі. Ол – Арқа атырабына даңқы шыққан әйгілі Игілік бидің ұрпағы. Арғынның Мұрат бұтағынан тарайтын Игілік би туралы тәптіштеп жатудың қажеті шамалы шығар. Топардан – Қызылжарға (Петропавл) дейінгі қазаққа әділдігімен жағып, ел тарихында данышпандығымен қалған Игілік би. Тарихи тұлғаның Нұра мен Есіл арасын еңсерген малы да болыпты. Алайда, бүгінгі ұрпақ Игілік бидің мыңғырған малын емес, аласармаған Арын айтады. Сол кіршіксіз Ардың бір түйірі Өмкеңнің қанына сіңіп, жанына дарыған.

***

    Қай қызмет, қай лауазым болсын, кездейсоқ келетіндер көп. Ондайлардан бәтуалы сөз де, нәтижелі іс те күтуге болмайды. Ал, Өмірзақ Төлеуұлы – өз ісінің кәнігі сардары. Өзі айтады:

– Лейтенант кезімде ішкі істер органында 55 жасқа дейін қызмет етіп, майор шенімен зейнеткерлікке шықсам арманым болмас деп, ойлаушы едім. Алланың берген абыройының арқасында полковник шенімен республиканың Жол полициясын басқару мүмкіндігіне қолым жетті, – деп. Шынымен-ақ, өз қалауымен, шын ниетімен таңдаған кәсібінің ең биік асуын бағындырып, бақытын сезінуден асқан не бар?! Көріп жүрміз, бізде полиция болып жүріп – әкім болуды, әкім болып жүріп – бизнесмен болуды армандайтын тұрлаусыздар көп қой. Өмкең олардың қатарынан емес. Табан аудармай 30 жыл жол сақшысы болу да асқан табандылықты қажет етеді, білем.

…Өмкеңнің өмір жолы – өнегеге толы. Мұғалімнің баласы. Әкесі Төлеу – төңіректегі халық төрін ұсынған ұлағатты ұстаз. Айтпақшы, Өмірзақ аға екеуміз – бір топырақтың төліміз. Жаңаарқа ауданының К.Маркс атындағы (қазіргі Ералиев ауылы) шаруашылығы. Айырмамыз – ол К.Маркс атындағы колхозда, мен дәл осы неміс шал атындағы совхозда туғанмын. Қарағанды педагогикалық институтын бітірген Төлеу ақсақал біздің ауылға жолдамамен барып, біршама жыл ұстаздық қызмет атқарыпты. Сонымен, Өмкең екеуміз жерлес болып шықтық.

…Өмірзақ Төлеуұлы ішкі істер органындағы, оның ішінде МАИ-дегі қызметін 1980 жылы бастапты. Қарағанды қаласы ІІБ МАИ жол қозғалысын ұйымдастыру бөлімінің инженері болып басталған сақшылық сонар Қарағанды қаласы Киров аудандық ІІБ МАИ бастығы, Қарағанды қалалық МАИ бастығы, ҚР ІІМ МАИ Бас басқармасында бөлім бастығы, Ақмола облыстық Жол полициясы Басқармасының бастығы, ҚР ІІМ Жол полициясы Департаменті бастығының орынбасары, бастығы, ҚР ІІМ Жол полициясы Комитетінің төрағасы болып жалғаса береді.

Өмкең өмірінің бедерлі белестері республиканың Жол полициясын басқарған жылдармен өлшенсе керек. 2000 жылдардан кейін халықтың жағдайы жақсарып, тәуелсіз Қазақстан еңселене түсті. Жағдайы жақсарған халық не істейді? Артық ақшасына көлік сатып алады. Көлік көбейді. Кеңес дәуірінде жоспарланып, салынған Қазақстанның жолдары мұнша көп көлікке негізделмеген. Жол апаты көбейді. Осындай күрделі кезеңде Өмкең тізгін ұстады. Өмкеңнің өзі емес, статистика айтады: Өмірзақ Төлеуұлы Комитет төрағасы болғаннан бір жылдан кейін жол апаты салдарынан болатын адам өлімі күрт (20%) азайғанын. Қазақстандағы жол қауіпсіздігі қағидаларын халықаралық стандартқа негіздеу, бейнебақылау камераларын енгізу, рөлдері оң жақтағы көліктердің республикаға әкелінуіне шектеу жасау, жол ережесін бұзған көлік иелерінің жауапкершілігін арттыру секілді нақты реформалар Түсімовтің тұсында оң нәтиже берді.

Айтқандай-ақ, Өмірзақ Төлеуұлы – БҰҰ мінберінен жол қауіпсіздігін нығайтудың қазақстандық нұсқасын жариялап, 2020 жылдары жол апатының салдары туберкулез бен СПИД-тен де қауіпті деңгейде белең алуы мүмкін деп дабыл қаққан тұңғыш қазақ. Жалпы, БҰҰ-ның биік мінберінен үн қатқан төртінші отандасымыз. Сол жолы Өмірзақ Түсімовтің жол қауіпсіздігінің жаһандық проблемалары туралы жасаған мәлімдемесі мәртебелі ұйымның Бас Ассамблеясын елең еткізген еді. Өмкең сол жолы жол қауіпсіздігі бойынша біртұтас техникалық нормалар қабылдау қажеттігі туралы ұсыныс жасап, халықаралық деңгейдегі әріптестеріне таңдай қақтырды.

Ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке шыққанымен, аттан түскен Өмкең жоқ. Ел игілігі жолындағы жарқын ісін жалғастырып, Қазақстанның келбетті келешегі үшін тер төгіп жүр. Жүрегі – елге деген махаббатқа, омырауы – марапатқа толы. Көп марапаттың ішінен тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен марапатталған «Ерлігі үшін» медалін ерекше қадірлейді. Өйткені, ол – өз Отанының марапаты. Ал, барлық марапаттан да халықтың құрметі мен Шолпан жеңгеміздің кіршіксіз сезімін биік қояды. Өйткені, екеуінде де жасандылық жоқ.

Асқаралы алпысыңыз құтты болсын, Аға! Алқынбаңыз, жарқылдаңыз! Алаңдамаңыз! Ел алдындағы парызыңыз адал өтелген. Парасатыңыз – өтелген парыздың өлшемі!

   P.S. Мақаланы түнде – ел жатқан соң жазуды дағды еткенмін. Тура осы әпсананы жазып отырған едім, ұйқы айналдырды. Тысқа шығып серуендеп келетінім тағы бар. Шықтым. Арқаның аязына бет шымшытып, өзім ой аулап, ауланы кезіп жүргенмін. Темірдің темірге соғылған даусы естілсін. Селт еттім де, дыбыс шыққан жаққа аяңдадым. Университет-Язев көшелерінің қиылысындағы жақында ғана орнатылған бағдаршамды жапырып өтіп, жолдың қарсы жолағына тоқтаған қара «Джип» тұр. Маңайы – тәртіп сақшылары. Жүргізуші түсе салып қашқан екен. Оны ұстап әкелді. Жедел анықталғаны – «Джиптің» иесі көлігін жөндеу шеберханасына қалдырған. Мына жігіт шеберхана жұмыскері болса керек, көлікті ұрлап теуіп кеткен. Жол сақшыларының тоқтату белгісін назарға алмаған ол осындай жағдайға душар болып отыр. Өзі ішімдікке сылқия тойып алған. Жол сақшылары алымды екен, із жасырғысы келген күдіктіні алты аттатпады. Солай болуы керек. Өйткені, бұлар Өмкеңнің ізбасарлары ғой!

Ерсін МҰСАБЕК

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.