Пара алу – арды сату
Пара алу деректерінің көптігі, қоғамның қай саласында болмасын жемқорлықтың белең алуы, әділетсіздік пен ұрлық-қарлықтың асқынып бара жатқандығы кімді де болса бей-жай қалдырмасы анық. Бұл қылмыстарға қарсы қабылданып жатқан заңдарды, жасалып жатқан бағдарламаларды санап бітпейсің. Бірақ, нәтижесіне келгенде күмілжіп қалатынымыз бар. Оны Елбасы да сан рет өткір сынға алған болатын.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды кешенді түрде іске асыратын арнайы уәкілетті органдар құрылды. Жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда. Елбасының 2014 жылғы «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Жарлығы шықты. Келесі жылында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы» Заңы жарияланды. Ұлт Көшбасшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге арналған. Онда жаңа заңнамалар әзірлей отырып, құқық қорғау органдарының ауқымды бөлігін құрайтын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру керектігі айтылған болатын. Осыған сәйкес, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюросы» құрылды. «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізіліп, құқық қорғау органдарының құрамына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметі» органы енгізілді. Дегенмен, бұл қоғамымызда ісініп барып жарылған жараға ұқсаған қылмыспен, тек, осы құрылымдар ғана күресуі тиіс деген сөз емес. Мемлекеттік қызметтің әрбір құрылымының әрбір буынына дендеп енген бұл індетпен барша қауым болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бел шешіп, білек сыбанып күреспесек болмайтындай хәлге жеттік.
Қоғамдық тәртіпке қайшы, адамдық ұстанымға жат бұл құбылысқа етіміз үйреніп кеткені соншалық, біз үшін бұл қатардағы жай құбылысқа айналып барады. Ашып айтсақ, бұл қылмыстың мәні, біріншіден, мемлекеттің халықаралық беделіне нұқсан келтіріп, оның экономикалық және әлеуметтік үдерістерін реттеудегі орнын төмендетеді, екіншіден, қоғамда жалпы қылмыстың орын алуына түрткі болады, үшіншіден, соның салдарынан адамның бойында билікке, билік өкілдеріне, өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау қабілетіне деген сенімді жоғалтады. Оған қарсы іс-қимыл жасау кез келген өркениетті ел үшін маңызды мәселелердің біріне айналып, мемлекет саясатының басым бағытын құрайтыны да сондықтан.
Пара беру, пара алу және параға делдал болу – жемқорлықтың өте кең тараған түрі. Заңға жүгінсек, пара алу – мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеті не әрекетсiздiгi. Ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алуы. Пара беру де осы қатарда, заңның қасаң тілімен айтсақ: мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамына жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беру, парақорлыққа делдал болу, яғни, пара алушыға және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге немесе оны iске асыруға ықпал ету қылмыстары санатына жатады. Заң бойынша барлық бекітілген және заңмен қорғалатын қоғамдық және шаруашылық қатынастар жемқорлық нысаны болып саналады. Осыған қарамастан, парақорлық тергеу жөнінен ашылуы қиын қылмыстардың біріне саналады. Өйткені, мұндай қылмыс, біріншіден, куәгерлер болмаған жағдайда жасалады. Екіншіден, барлық қылмысқа қатысушы тұлғалар (пара беруші, пара алушы және делдал) қылмыстың жасалуына және қылмыстық іздерді жасыруға барлық шараларды қолдануына мүдделі. Үшіншіден, олар дұрыс айғақтар бермей, істеген қылмысты мойнына алмаудың қамын істеп, тергеу амалдарын жүргізу барысында өзара кепіл шеңберін құрып үлгереді. Төртіншіден, парақорлық жағдайлары мәдени-этикалық саламызда да кездесіп қалатынын жасырмауымыз қажет. Пара алу мен жемқорлықты сөз қылғанда, оның ұлтымыз үшін өте нәзік тұстары бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені ол төл менталитетімізбен тікелей астасып жатыр. «Қазақтар жаратылысында – коррупционер» деп баяғыда Астананың төрінде өткен журналисттік бас қосуда бір қонағымыз жоқ жерден дау шығарған-ды. Оған тойтарыс берген шенеунігімізді көпшілік боп жатып кеп мақтағанбыз. Дұрыс та шығар. Әйтсе де, сол даушының сөзінде шындықтың астары бар еді. Той-томалақта туған-туыс, құдажекжаттарға, соның ішінде, лауазымы биік ағайындарға тарту-таралғы, кәде-сый, сыбаға үлестіріп, ағайыншылықпен құрмет көрсетіп, ат мінгізіп, иыққа шапан жауып жатамыз ғой. Сол уақытта көкейіміздің түбінде үлкен лауазымды ағалардың «ертең керегі боп қалады-ау» деген есек дәмеміздің тұратыны шындық. «Орамал тон болмайды, жол болады» – тойларда жиі айтылатын сөзіміз. Қаралы қазада атқарылар өз жөн-жоралғыларымыз тағы бар. Мешіттің имамы не молдасына жаназа шығарғаны үшін, аруақтарға бағыштап құран оқығаны үшін қолақысын бер деп қыстамаса да беріп жатамыз. Мектептегі мұғалімге де беретін сый-кәдеміз дайын. Жоғары оқу орнындағы жайлар – өз алдына арқауы бөлек әңгіме. Қазіргі күні кейбір заңгерлер мұны жемқорлыққа итермелейтін алғышарт деп танып, бұл әрекетті заң нормасымен түсіндіруге ұмтылып жүр. Билік жағының ол екі айлық есептік көрсеткіштен аспасын деп, көлеміне қарай ескерту де жасап қоюы соның дәлелі. Бұл – бес мың теңгенің шамасы. Алайда, соңғы кезде өз мүддесін күйттеген адамдардың ебін тауып, сары майдан қыл суырғандай етіп, ізін білдірмей, пара беруді ұлттық тұрмыстық дәстүрмен қабыстырып жібергісі келетін жаман әдетті байқап жүрміз. Абай хәкім «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деп, келер ұрпаққа көкейіндегі алаңын білдіріп кеткен еді. Арды ойлаған арда ақынның көкейтестісі осыған саятын шығар. Әсілі, пара алу – арын сатумен бірдей қылмыс екенін әрқайсымыздың ұққанымыз ләзім.
Елеужан Серімов,
заң ғылымдарының кандидаты.
«Болашақ» академиясының оқытушысы