Бас тақырып

ПАНДЕМИЯ: даму дөңгелегі тоқтаған жоқ

Экономикасы әлсіреген елдің, болашағы бұлыңғыр. Осыны алға тартқан Мемлекет басшысы Жолдауда «Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады» деді. Бұл бағдар әлемді әбігерге салған пандемиядан кейінгі уақытта, экономикамызды нығайта түсуге жол ашпақ.

Пандемияға дейінгі деңгейге жетті

Қазіргідей нарық заманында ел экономикасына күш беретін де, оны алып жүретін де кәсіпкерлер екені сөзсіз. Екі жылға жуық уақыт бойы тек Қазақстанды ғана емес, әлемді дүрліктірген коронавирус еліміздегі бизнес өкілдеріне ауыр соққы жасады. Дегенмен, мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. Осының арқасында Үкімет экономиканы әлсіретпей, пандемияға дейінгі деңгейге жеткізген. Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында «Ұлттық экономика көрсеткіштері орнықты қалпына келтіру динамикасын көрсетуді жалғастырып отыр және пандемия басталар алдындағы деңгейіне жетті. Сегіз айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 3 пайызға дейін жылдамдады. Өңдеуші өнеркәсіпте өсу қарқыны 5,8 пайызға, сауда саласы 9,1 пайызға, байланыста 12,8 пайыз және құрылыста 11,4 пайызға күшеюде. 8 айда елімізде 8,9 млн. шаршы метр үй пайдалануға берілді», – деуі айтарымызды айшықтай түспек.

Ірі жоба – ілгерілеу жолы

Қазіргі таңда экономиканы әлдендіру мақсатында ірі жобалар қолға алынуда. Пандемияға қарамастан, бұдан бірнеше жыл бұрын айқындалған бағдарламалар да тұрақтап қалмай, экономикамыздың ілгерілеуіне сеп болды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев: «Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр. Бірінші – инвестицияларды тарту мен сүйемелдеу бойынша тиімді жұмыс атқару, инвестициялық жобаларды іске асырудың тұрақты мониторингін жүргізу. Екінші – егін жинау және мал азығын дайындау көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша уақытылы шешімдер қабылдау, құрылыс жұмыстары маусымының аяқталуына дайындалу. Үшінші – инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін жедел орындау. Төртінші – халықты вакцинациялау және шағын және орта бизнес қызметін қалпына келтіруге белсенді түрде қолдау көрсету. Бесінші – «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары аясында жұмысқа орналастыру шараларын тиімді іске асыруды жалғастыру. Жоғарыда аталған шараларды іске асыру еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді», – деп бес бағдарды ұсынды. Ендігі уақытта осы жобамен ілкімді істер қолға алынады.

Берекелі бағдарламалар

Жолдауда экономикамызға оң ықпал еткен бірнеше бағадарламаның жемісі де айтылды. Мысалы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты.   Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді.

«Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда, бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек. Сондықтан, мен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шығыс болмай – кіріс жоқ. Бұл бағдарламаларға бөлініп жатқан триллиондаған теңге, ертеңгі күні екі еселеніп қайтанына сенім мол.

Иә, Мемлекет басшысы Жолдауда экономикамызды ілгерілетудің бірнеше жолын атап қана қоймай, жіліктеп айтып берді. Оны тек іске асыра білуіміз керек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button