Жаңалықтар

Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері-ай!..

Осыдан біраз уақыт бұрын Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Қарағанды облысы іскер әйелдерінің форумы өткені белгілі. Форумды ұйымдастырған Теміртау қаласы іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Наталья Арыстанова тек кәсіпкерліктің қыр-сырын ғана емес, мемлекеттік тілді де жетік меңгеріпті.

Теміртау қаласы Наташаға әуелден жат емес. Марқұм әкесі Иван өткен ғасырдың 70-жылдарының басында осында әскери борышын өтеп жүргенде анасы Любамен танысып, бас қосады. Содан 1974 жылдың 22 қаңтарында дүниеге келген осы қызының екі айлығында өзі туып-өскен жері Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына көшіп барады. Кейін отбасына Борис, Павел есімді тағы екі бала қосылады.

Кейіпкеріміз Мұғалжарда орыс балабақшасына барып, орта мектепті де орысша бітіреді. Бірақ, сыныбындағы 18 оқушының 14-і қазақ баласы болып, олармен күнде араласып-құраласып, дос-құрбы болғандықтан қазақ тілін меңгеру аса қиынға соға қоймаған. Қазақ арасында өскен әкесі Иванның да қазақша таза сөйлеп, ән салатыны да ықпал еткен. Екі бауыры да қазақшаға судай.

– Бала басқа тілді жасынан үйренуі керек және оған орта болуы тиіс, – дейді қазағы қалың өлкеде бойжеткен Наташа.

Ол орта мектепті аяқтасымен туған жері Теміртауға оралып, осындағы құрылыс техникумына оқуға түседі. Оны тәмамдаған 1994 жылы аталған оқу орнында өндірістік оқыту шебері болып істейтін жерлесі Нұрлыбек Арыстановқа тұрмысқа шығады. Жас келінді Шалқарға алып барғанда ата-енесі Орынбасар мен Алдан еш жатырқамай бауырына басып, дүрілдетіп той жасайды. Бір қызығы, келіні атасының атын айтуға келгенде қатты қысылып, әрең дегенде «заместительдің аудармасы ғой» деп айтқанда ғана барып түсіндім. Міне, үлкенді сыйлаған ізет қандай!..

Техникумнан құрылысшы-техник мамандығын алып шыққан Наталья басында геодезист, қаладағы «Бидай-Нан» кәсіпорны дүкендерінде сатушы болып, 2005 жылы жеке кәсіпкерлікке ден қойды. Оған дейін Қытай мен екі арада сан қатынап, тауар тасыған күндері де аз емес. Қазақ тілін білгеннің арқасында Астанадағы Л.Гумилев атындағы университеттің экономика факультетін де сырттай оқып алды. Білімі мен тәжірибесі толысқан шағында ұлттық үлгідегі төсек-орын жабдықтарын тігетін цех ашып, бүгінде онда 15 адам жұмыс істейді. Енді «Даму» бағдарламасы бойынша алған несиесіне осы өнімдерін сататын «Арна» дүкенін алдағы Наурыз мерекесіне орай ашқалы отыр. Көпқабатты үйдің бірінші қабатын тұтас алып жатқан бұл сауда нүктесінде 25 адамды жұмыспен қамтымақ. Оларды тұтынушылармен қазақша ауызекі тілдесуге өзі үйретуде.

– Дүкеніміз ашылатын Наурыз мерекесінде есік алдында үстелдер қойып, қала жұртшылығына ыстық палау мен шай, тәтті-дәмділерді тегін ұсынамыз, – дейді кәсіпкер келіншек. Оның қайырымдылық тұрғысындағы игі істері мұнымен шектелмейді. Мысалы, жылда «Мектепке жол» акциясына атсалысып, қаладағы Қарттар үйінен, Дағдарыс орталығынан қолдан келген көмегін аямайды. Оған қоса биылғы қыста суықтан тоңған теміртаулық 60 отбасына жылы киім таратқан. Бір кезде өзімен бірге сатушы болып бірге істеген орыстың жетім қызы Кристинаны жолдасы Нұрлыбек екеуі той жасап, қолдан ұзатқаны да адамгершіліктің үлгісі.

Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына жетік Натальяны теміртаулық қандастарымыз да қатты құрметтейді. Олар осынау пейілі кең, мейірімді жанға сәбилерін қырқынан шығартып, бесікке салғызып, тұсауын кестіретін көрінеді. Тіпті, жуырда орыс жігітіне тұрмысқа шыққан құрбысы Гүлжанаттың бөбегі Давидке де осындай жоралғы жасаған.

– Осы уақытқа дейін 24 ер баланы қырқынан шығардым. Қырқынан шығарудың жөн-жоралғысын кейбір замандастарымның әлі білмейтіні өкінішті. 1994 жылы туған қызым Лаура мен 2000 жылғы ұлым Жангелдіні туғаннан бесікке бөлеп өсірдім. Бұл деген нағыз тазалық қой. Шүкір, одан балаларым кем болған жоқ, – деп ағынан жарылды.

Айтса айтқандай, екі баласы да жоғары білімді, IT саласының білікті мамандары. Атап айтқанда, Лаурасы Астана қаласындағы осындай кәсіпорынның бас директоры болса, Жангелді сондағы IT университетінің магистратурасында оқиды. Ал отағасы Нұрлыбек «Алаутрансгаздың» апаттан құтқару қызметінде істеп, қазір қалаға газ тарту мәселелерімен шұғылдануда. Бұл шаруаға еліміздің түпкір-түпкірінен, әсіресе, өздерінің Ақтөбесінен тәжірибелі мамандар ағылып келуде. Оларға қонақжай Арыстановтардың есігі қашанда ашық. Жерлестері Натальяның өзі айналдырып, тұздаған қазы-қартасын сүйсіне жеп, қаймақ қатқан күрең шайын қанып ішіп, өз үйлеріне келгендей болады. Мұның бәрі, әрине, қазағымның керемет келінінің кісілігі мен қазақы болмысының арқасы деуіміз керек.

Ержан ИМАШ,

ТЕМІРТАУ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button