Жаңалықтар

Қозғалыс – өмір

   Жерлесіміз Төлеутай ЖАМАНБЕКТІ Қазақстанда білмейтін адам кемде кем шығар. 65 жасқа келсе де, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген спорт ардагері, марафоншы, еліміздегі ғана емес, халықаралық жарыстардың да жүлдегері.

Жуырда Шымкент қаласында өткен «Бірге болсақ, бәрі мүмкін!» атты марафонда І орынды иеленген Төлеутай ағамыз жүлделі сыйлықпен бірге облыс әкіміне арналған марафон ұйымдастырушылардың Алғыс хатын да ала келіпті.

– Марафоншы болу – мен үшін бедел. Ол темірдей төзімділікті, асқан жігерді, сонымен қатар, ерінбей жаттығуды талап етіп қана қоймай, халыққа қуаныш пен мақтаныш сыйлайды, – дейді Т.Жаманбек.

Шет ауданында туып-өскен марафоншы 1979 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Бірақ, зейнетке шыққанға дейін шахтер болып еңбек еткен ағамыз қазір әртүрлі деңгейде өткізілетін жүгіру марафондарына қатысып жүр.

Төлеутай Жаманбектің айтуынша, Қарағандыда марафоншылар жоқ емес, бар. Бірақ, солардың көпшілігінің жарыстарға шығуға мүмкіндігі бола бермейді. Ел тұрғындары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиі айтатын салауатты өмір салтын ұстануда басқа елдерден кемшін түсіп жатқан жоқ. Қазақстан бойынша өткізілетін жарыстарға өз қаражаттары есебінен барып келетін спортшылардың шетелде өткізілетін жаяу марафоншылар жарысына шығуға қалталары көтере бермейді.

– Егер, бізді арнайы киіммен жабдықтап, қаржы жағынан сәл де болса көмек көрсетсе, марафоншыларымыз кез келген жарысты еңсеретініне сенімім мол, – дейді ардагер спортшы.

Т.Жаманбектің ең үлкен жарыстарының бірі – 2006 жылы Үндістанда өткен дода. Аталмыш жарыста қола жүлдені қанжығалаған спортшымыз әлі талай әлемдік жарыстарға қатысып, Қазақстанның атын шығаруды алдына мақсат етіп қойған.

Төлеутай ЖАМАНБЕК, марафоншы:

– Қозғалыс – өмір. Ал, оңтайлы спорт түрі –  жеңіл атлетика. «Таңертең тұрып, жүгір» деп мені ешкім міндеттеген емес. Адамның өз мақсаты болуы керек. Себебі, өмір бір-ақ рет беріледі. Бастысы – кәрілікке бой алдырмау. Ешкім мәңгі жас болып қалмайды. Бірақ, өз денсаулығына қарауға міндетті. Жүгірудің адам денсаулығына, ұлт денсаулығына әсері мол.

Спортшының жетпіске тарта медалі бар. Жарыстарға «бізді де құрметпен шығарып салып, жүлдемен оралғанда қуанышпен қарса алса» деген арманы да жоқ емес. «Сонда қарағандылықтардың да салауатты өмір салтын ұстануға деген құлшыныстары оянар еді», – дейді ол.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button