Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

«Отырардан – Ұлытауға» экспедициясы – өңірде

Ұлытау ауданына «Отырардан Ұлытауға» тарихи-ағартушылық экспедициясы келді. Ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Экспедиция Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінде, «Домбауыл» кешенінде, сондай-ақ, Әулиетауда және Ембұлақ шатқалында болды. Осыдан кейін саяхатшылар сапар орталығында аймақ жұртшылығымен кездесті.

 

Экспедиция құрамында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов, «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері, ақын Әселхан Қалыбекова, Отырар археологиялық қорық-мұражайының директоры Жангелді Мақашев бар.

Пердехан Жаппарқұлов пен Жангелді Мақашев Отырар ауданының тарихи және мәдени нысандарының ерекшеліктері туралы айтып берді. Жылжымалы көрме көрсетілді.

– Материалдық фактілер тұрғысынан ұлы Отырар қаласының тарихы жайлы ақпарат беру үшін біз бүкіл ел бойынша көшпелі көрме ұйымдастырдық, – дейді Пердехан Жаппарқұлов. – Көрме аясында Ұлытауға Отырар қаласында дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фарабидің ребаб пен әл-канун аспаптарының көшірмелерін алып келдік. Бұл екі аспап қазіргі қобыз бен жетігенге ұқсас. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев өз кезегінде қонақтарға Ұлытау туралы айтып, оларға “Ұлытау” энциклопедиясы мен “Қасиетті Ұлытау” кітабын табыс етті.

Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы директорының міндетін атқарушы Аман-Серік Есенғалиев экспедиция мүшелеріне буклеттер мен фотоальбомдар сыйлады.

Белгілі ақын Әселхан Қалыбекова Ұлытауға арналған өлеңін оқып, тарихи жерлерге саяхатынан алған әсерлерімен бөлісті.

– Ұлытауға баруды көптен армандағанмын, ол арманым орындалды. Бұл – қазақтың салт-дәстүрі мен әдетғұрпы шоғырланған өте әдемі өлке, – деп атап өтті Әселхан Қалыбекова.

Одан әрі экспедиция Жезқазғанға аттанды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button