Жаңалықтар

Отбасының цифрлық картасы: механизмі мен тиімділігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Отбасының цифрлық картасын іске қосуды тапсырған болатын. «Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына қолдау көрсету өте маңызды. Үкімет әлеуметтік қолдаудың проактивті форматына көшуі, оны барынша атаулы жасауы тиіс» деді Қазақстан Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Осы орайда, 1 қаңтардан мемлекеттік қолдау шараларын проактивті (электронды) тағайындау үшін жұмыс процесінде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Яғни, әр отбасының әлеуметтік картасы көңілге қонымды түрде жасалып, шынайы іске асырылады. Аталмыш ақпараттық жүйенің аймақтағы орындалысы мен ерекшеліктері, әлеуметтік қолдаудағы өзгерістер жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Атқарылған іс-шаралар туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Нүркен Блялов толығырақ баяндады.

– 2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Әлеуметтік кодекс» жобасы аясында пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесі жұмыс жасай бастады. Жоба биыл іске қосылды. Отбасылық цифрлық карта азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін күн сайынғы электронды жаршысына айналмақ. Мемлекеттік қызмет проактивті түрде СМС-хабарлама жіберу арқылы жүргізіледі, яғни мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады, – дейді департамент басшысы Нүркен Блялов.

Отбасының цифрлық картасы бастапқыда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері негізінде жасақталды. Отбасылардың әл-ауқат деңгейі, оларға көрсетіліп отырған қолдау шаралары анықталды. Бүгінде аймақ бойынша 432 556 отбасының дерегі бар. Жан-жақты деректер негізінде «отбасы портреті» қалыптасты десе де болады. Әрі отбасы мәртебесі өзгерген сайын картадағы деректер де жаңарып отырады.

Мемлекеттік қолдау шарасын алуға құқық берілген тұста әлеуметтік көмек алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін де СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлем немесе мемлекеттік қолдаудың өзге де түрі тағайындалып, кейіннен алушының банк шотына аударылады.

2022 жылдың 1 қыркүйегінен бүгінге дейін азаматтарға проактивті түрде мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған 4898 СМС-хабарлама жіберілді.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің тоғыз түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылған. Олар, жүктілік кезеңі мен босануына байланысты, бала күтіміне байланысты, жұмысынан айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе қамқоршысына төленетін, мүгедектігіне байланысты берілетін, көпбалалы отбасына, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгісі бар көпбалалы аналарға тағайындалатын төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек түрлері.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруі бойынша, «Отбасының цифрлық картасы» жобасы 2025 жылға дейін бірнеше кезеңде іске аспақ. Атап айтқанда, 2024 жылғы 1 қаңтардан денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. 2025 жылдан мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылады.

«Отбасының цифрлық картасы» негізінде отбасылардың жекелеген санаттарын қолдау шаралы да күшейе түскен.

– Бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Бұл санатқа өткен жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген балалардың ата-аналары кіреді. Осы орайда төленетін жәрдемақыны ұзарту жөнінде құжат тапсырудың қажеті жоқ, төлем мерзімін ұзарту автоматты түрде жүзеге асады. Сондай-ақ, бұрындары бала күтімін жүзеге асыратын ата-ана еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны төлеу тоқтатылатын. Бүгінде аталмыш санаттағы отбасыларды қолдау үшін төлемдер тоқтатылмайды және республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшерінде жүргізіледі, – дейді Нүркен Аманбайұлы.

Аналарға деген әлеуметтік қамқорлық артып, «Алтын алқа» және «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын алғандарға, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерін алған аналарға «Марапатталған аналар» деген жаңа мәртебе берілді. Сәйкесінше, жәрдемақы мөлшері де өсті.

Зейнетақымен қамсыздандыру саласында да өзгерістер болды. Олардың бірі – 2023 жылдан әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде жоспарланған арттыруды 5 жылға тоқтата тұру. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданған. 2023 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы мөлшері 10,5 пайызға өсті. Облыс бойынша зейнеткерлер саны – 176 мыңға жуық.

«Отбасының цифрлық картасын» пайдалана отырып, медициналық қызметтерді де электронды түрде алуға мүмкіндік бар. Аймақтағы барлық медициналық ұйымдарда аталмыш жобаға қатысады.

– Онкологиялық аурулар, туберкулез, ересек адамдардағы қан айналымы жүйесінің, терминалды бүйрек жеткіліксіздігімен зәр шығару жүйесінің аурулары, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, балалардағы 1 типтегі қант диабеті, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар, даун ауруы туралы барлық мәліметтер медициналық ұйымның ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Жан-жақты тексерістен кейін мүгедектік белгілері анықталса, емдеуші дәрігер медициналық әлеуметтік сараптамаға жолдама мен оңалту бағдарламасын әзірлейді. Барлық шаралар қызмет алушымен электронды форматта СМС-хабарлама арқылы жүзеге асады. Мүгедектікті анықтау бірнеше кезеңдерден тұрады. Соңында қызмет алушыға немесе оның заңды өкіліне қабылданған сараптамалық қорытынды туралы СМС-хабарлама келеді, – дейді мүгедектікті куәландыру саласындағы өзгерістер туралы департаменттің бас маманы Айгүл Өркенқызы.

Баспасөз мәслихаты барысында зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Ләззат Сембек қойылған сұрақтарға толымды жауап қайтарды.

Жалпы, «Отбасының цифрлық картасының» артықшылықтары зор. Біріншіден, уақытты үнемдейді, қағазбастылықтан арылтады. Құжат жинап, табаныңыздан таусылмайсыз. Қызмет алушыға өте ыңғайлы әрі тиімді. Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау автоматты түрде жүзеге асады.

Сағыныш ӘБІЛ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Бір пікір

  1. Кай жерге барып аламыз екен ОЦК картасын мен окыдым козим сал нашарлау кореди толык тусине алмадым менде 4 балам бар аз камтылган отбасымыз жане жалгыз басты анамын тусиндирсениздер екен отиниш

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button