Бас тақырып

«Отау»: баспана бұйырғандар белгілі болды

«Отау» ипотекалық бағ­дар­ламасы арқылы баспаналы болған қазақстандықтардың есімі жарияланды.

Сурет: dom.kz сайтынан

«Отбасы банктің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 8 мың қазақстандық «Отау» бағдарламасы арқылы өткені жайлы SMS-хабарлама алды.

– Біз мұны алдын ала 5 күн бұрын әзірледік. Бастысы – ашықтық. Сайтта барлық 25 мың өтініш берушінің аты-жөні жарияланды. Барлығы өзінің ұпайларын көрді. 8 мың жеңімпаздың есімі де белгілі болды, – деді Ләззат Ибрагимова.

Басқарма төрағасының айтуынша, «Наурыз» бағдарламасында да осындай тәсіл қолданылмақ. 25 сәуірде іске қосылған бағдарламаға 10 мамырдағы жағдай бойынша 17 432 қазақстандық өтініш берді. Оның ішінде, 8 945 өтініш қабылданып, 3 955 өтініш тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдерінен түскен.

Ал 2 436 өтінім қабылданбай, кері қайтарылды. Негізгі себеп – клиенттердің депозиттерінде 1 млн. теңге мөлшеріндегі қажетті сома жоқ болып шыққан. Сондай-ақ, тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбаған.

Тағы 5 008 өтінімге мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізіліп, жүйе өтінімдерге ЭЦҚ көмегімен үміткерлердің қол қоюын күтіп отыр.

Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды. Үміткерлердің маусым айының соңына дейін бір жарым ай уақыты бар. Сондай-ақ, өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейді. Қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіреді.

Жалпы бағдарламаға түскен өтініштердің 57%-ын әйелдер жолдаған. Ал, барлық өтініш берген азаматтың 62%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button