Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Отандық өнімге сұраныс бар

Жақында «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытында облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар КҮЛПЕЙІСОВТІҢ қатысуымен «Атамекен» ҰКП аймақтық кеңесі жанындағы Машина жасау комитетінің кезекті жиыны өтті.

Облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков өңірдегі машина құрастыру мен өнеркәсіптегі қазіргі ахуалды баяндады. Оның айтуынша, еліміздің ең ірі өңірлерінің бірі – Қарағанды облысы пандемияға қарамастан, 2020 жылы даму қарқынын бәсеңдеткен жоқ және бұрынғысынша серпінді дамып келе жатқан өңірлер қатарында қалған. Базалық салалармен, олардың ішінде, отын, электр энергетикасы, қара металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібімен қатар, экономиканың барлық салалары тұрақты өсуді көрсеткен. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысы тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны және отандық өндірушілерді қолдау қабылданып жатқан шаралар бойынша көшбасшылар қатарында болған.

КЛМЗ өнімдерімен арнайы танысуға облыстың жетекші машина жасау кәсіпорындарының бірінші басшылары, өңірдің тау-кен өндірумен айналысатын мекеме өкілдері, сондай-ақ, жабдықтар мен жинақтауыштарды жеткізуші халықаралық компаниялардың бөлімшелері мен өкілдіктерінің басшылары қатысты.

Машина жасау комитетінің төрағасы, KLMZ басшысы Жәнібек Байғабелов:  

– Машина жасау – республиканың ұлттық қауіпсіздігінің кепілі. Бұл, әсіресе дағдарыс кезінде, шетелдермен тауар тасу тоқтап, шекара жабылған уақытта байқалды. Әлемдегі дағдарысқа қарамастан, біздің облыстың машина жасаушылары өз өнімінің көлемін ұлғайтты. Бұл импорттық өнімді алмастыру, өндірістің жаңа номенклатурасын игеру арқасында мүмкін болды, – дейді.

Бүгінгі күні «Maker» ЖШС-KLMZ – Қазақстандағы СББ станоктардың ең ауқымды паркі бар, озық технологияларды, құралдарды және виртуалды ортада өңдеуді толық модельдеумен компьютерленген конструкторлық-технологиялық өнімдерді пайдаланып, механикалық өңдеудің кең ауқымын қамтитын әмбебап үлгідегі импорт алмастыратын ірі машина жасау кәсіпорны. Зауыт өңдеудің барлық кезеңдерінде Renishaw датчиктерін пайдаланып, станокта бөлшектерді өлшеп және импорттық кескіш құралды қолдана отырып, жоғары жылдамдықты, жоғары дәлдікті өңдеуді қолданады. SIEMENS NX, Teamcenter бағдарламалық өнімдері базасында өндірісті конструкторлық және технологиялық дайындаудың бірыңғай жүйесін, құрал ұзындығын анықтау үшін Zollerd өлшеу машинасын пайдаланады. Кәсіпорында металдың барлық түрі өңделеді.

Жәнібек Байғабелов облыс басшылығының қолдауымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен үш жақты келісімнің нәтижелі болып, импорттық өнімді теміртаулық металлмен алмастырған KLMZ зауыты ішкі нарықты игеріп қана қоймай, өз өнімдерін экспортқа шығара бастағанын айтты. Сонымен қатар, әлемде машина жасау саласы 25%-ға қысқарған кезде Қазақстанда өткен жылы өндіріс көлемі ақшалай мәнде 35%-ға өскен.

«Өңірдегі машина жасаушылардың жақсы бәсекелестік артықшылығы бар. Бұл әлі күнге әлемді әбігерге салған пандемия жағдайында шығындарды ұлғайтпай, жаңа нарықтар мен технологияларға дейін импорттық өнімдерді тұтынатын елеулі тұтынушылардың болуы. KLMZ зауытының негізгі тапсырыс берушісі – «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазмырыш» компаниясымен келісім бар. Компания ай сайын миллиард теңгеге 12 мың өнім түрін шығарады», – деді зауыт басшысы.

Зауытқа биыл – 80 жыл. Мерейтой қыркүйек айында тойланады. Оған дейін жарыстар ұйымдастырылып, зауыт ардагерлерін құрметтеу жұмыстары жүргізіледі.

Жәнібек Байғабелов өндіріске жаңа жұмыскерлер керек екенін де жеткізді. Өйткені, қазіргі уақытта автоматтандырылған станоктарда тұратын жастар азайған. Дегенмен, бұл тығырықтан жол табылғандай. «Қаладағы машина жасау техникумын бітірген жас мамандарды жұмысқа алуға дайынбыз», – дейді ол. Келісімшарт та жасалған.

Жиынға қатысушылар әлемдік машина жасау нарығының жай-күйін, елімізде машина жасауды дамыту бағытындағы KLMZ ұсыныстарын талқылады.

Зауытты аралаған қонақтар түрлі металл жабдықтары мен қосалқы бөлшектер шығаратын, металл кесетін станогы, дәнекерлеу роботы, дайындау, пресс, газбен кесу және ию арқылы жабдықтарды күрделі жөндеуден өткізетін цехтармен танысты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button