Тұлға

Осы жұрт Хамзекеңді біле ме екен

       Биылғы 25 ақпанда Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов сынды Алаш арыстары бастаған 39 адамның саяси қуғын-сүргіннің сойылына ілігіп, атылып кеткеніне де 80 жыл толмақ. Қылышынан қан тамған атақты отыз жетінің ойраны! Осы күннің ертеңінде Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанинмен бірге опат болған тағы 37 аяулы жанның қатарында жас қайраткер һәм қарымды қаламгер Хамза Жүсіпбеков те бар еді.

Десе де, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында елеулі із тастай білген азаматтың есімі өкінішке қарай осы күні ұмытылуға айналды. 1937 жылдың күзінде қамалып, 1938 жылдың ақпаны соңында қаза тапқанда ол небәрі 38 жаста екен. Пір тұтқан партиясының өзі мойнына қыл бұрау тақты. Ақыры, намысшыл, сөзіне берік жан жалған жала арқалап, жөнелді де кетті. 1938 жылдың 11 қаңтарындағы тергеуде де сол намысшылдығы мен асқақ рухы тергеуге түрткі болса керек. Ораз Исаев, Ұзақбай Құлымбетов сынды қайраткерлермен ертеден контрреволюциялық байланысы бары «дәлелденді».

Кейіпкеріміздің өмір-дастаны осы өлкеден тамыр тартады. Ол 1900 жылы Нұра ауданына қарасты Ахмет аулында дүниеге келген. Бұл өлке – Тәуке хан ұрпақтарының ата қонысы ретінде мәлім. Мұнда 1916-1917 жылдары Сәкен Сейфуллин сабақ берген. Х.Жүсіпбековтің Омбыда білім алған тұсы да осы кез. Азаматтық ұстанымы, саяси көзқарасы Абдолла Асылбеков, Сәкен Сейфуллин, Әбілқайыр Досовтың ой-мақсаттарымен үндесіп, ұлттар теңдігіне, жарқын болашаққа жол салмақ болған большевиктер желеуіне сенеді. Жаратылысынан зерек, алғыр қабілетіне қарай, жиырма жасынан-ақ Көкшетау уездік, Ақмола, Бөкей губерниялары партия комитеттерінің хатшысы, Қазақ өлкелік партиялық бақылау комитетінің, республикалық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы қызметтерінде ысылды. Бұл аз десеңіз, Қазақ АКСР әлеуметтік халық комиссары, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы директоры болған да осы Х.Жүсіпбеков. Заман – қисық, қоғам – қырыс, жүйе – жүгенсіз болмағанда еңбегі биіктей берер ме еді дейсіз. Қайтерсің. Қырыққа жетпей ғұмыр-жібі қырқылды. Сондықтан болар, Х.Жүсіпбеков қандай еді дегенде арда жазушы Жайық Бектұровтың естелігіне жүгінеміз.

«1931 жыл. Жаз айлары. Нұраның екінші және алтыншы ауылдарында ауданнан мәдениет жорығының өкілі болып жүріп, Хамзаның әкесі Жүсіпбек ақсақалдың үйінде тұрдым. Ол кезде бұл ауылдар әлі жазда киіз үй тігеді, суы күмістей Нұра өзенінің шөбі шүйгін қалың тоғайлы алқабында отырады. Міне, осы ауылға үйіне Москвада марксизм-ленинизм курсында оқып жүрген Хамза ағамыз демалысқа бала-шағасымен келе қалды.

Ол мінезі салмақты, кішіпейіл, қараторы, көзі үлкендеу, дөңгелек беттеу, етжеңді жігіт еді. Ауылдас ағайыны Сұлтан Аблаевты қатты құрмет тұтты. Орысшаға жүйрік одан сөз арасында «Аға, объективный, ходатайство» деген сөздерге қазақша балама табуға бола ма?» деп сұрап отырды бірде қарттан. Хамза Маркстың «Еңбек, баға және пайда» атты еңбегін аударғанда қалың дәптерге арабша жазған екен, менің ауылда латын әрпімен бала оқыта бастағанымды біліп, сол дәптеріне латынша маған көшіртіп алды.

Келесі жылы Хамзаның суретін республикалық газеттерден көрдім. Өлкелік партия комитетінің транспорт жұмысын басқаратын хатшы болып сайланыпты. Алматыға баруымда Үкімет үйіне соғып, сәлем бердім. Мені көріп, дәл өз аулынан, өз үйінен туған інісі келгендей қатты қуанды. «Оқуға келгенің жақсы болған екен! Оқы. Үйге кел» деп адресін берді» деп жазады Жайық ақсақал. /« Енеден айрылған төл секілді» Алматы./

Қазір қарап отырсаңыз, сол уақыттағы қоғам, мемлекет қайраткерлерінің көбі төл әдебиет пен мәдениетке жанашыр, жан-жақты, білікті адамдар болғаны сүйіндіреді. Кітап жазып, өзекті тақырыптар, көкейкесті мәселелер жөнінде қалам тартқан. Талант жағынан құр алақан емес Хамзекең бастап­қыда саяси, ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударумен көзге түссе, кейін көркем туындыларды да өрнектей білген екен. Қарсақпайлық өндірісшілер еңбегі мен өмірін сипаттайтын «Қарсақпай» атты кітабы – соның бір көрінісі. Николай Островскийдің әйгілі туындысы атауын «Құрыш қалай шынықты» деп жарастырып, құбылтуынан-ақ аудармаға шеберлігін аңғарамыз. Көркем әдебиет басқармасына директор болып тағайындалуында орнын ауыстырған әдебиетші Ғалымжан Жаманқұловтың «Баспаға орныма Хамза Жүсіпбеков барды. Орныңа жақсы адамның келгені қандай жақсы» деп ризашылық білдіруі Х.Жүсіпбековтің қаншалықты қадірлі болғанын аңғартса керек.

Аталған баспаның тікелей мұрагері – «Жазушы» баспасы. Бір қызығы, араға 40 жыл салып, бұл баспаға директор болу бақыты көрнекті жазушы, Х.Жүсіпбековтің туған күйеу баласы І.Есенберлиннің маңдайына жазылды. Ештеңеден үрікпей, ешкімнен сескенбей І.Есенберлин жар еткен «Халық жауының қызы» Дилара – Х.Жүсіпбековтің тұңғыш перзенті еді. Кейін «Көшпенділер» трилогиясының авторы «Дилара менің төрт жеткіншегімнің анасы ғана емес, берік қорғаным, артымдағы тылым секілді. Перзенттеріме мен көрмеген, мен сезбеген ана мейірімін сіңіріп өсіргені үшін өмір бойы ризамын. Мен қиналмасын, соққы алмасын деп өмір сүрді» деп ағынан жарылғанын қаламдасы Дүкенбай Досжановтың жазғандарынан білеміз. /« Есенберлин туралы жыр»/

Зымыраған уақыт кімнің ізін өшірмей жатыр! Хамза Жүсіпбеков те соның бір ақтаңдағы болып қалды. Амал не? Кіндік қаны тамған өлкеде осы күнге дейін не ескерткіші, не белгітасы да жоқ. Құрметке лайық азамат-ақ емес пе еді?! Осы күйінтеді.

Айқын НЕСІПБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button