Қоштасты қаламгермен қалың елі!
Арқа даласы аяулы азаматынан айрылғанда, қарашаның аспаны қоса жылап қоя берген. Алаш күңіренді десек, артық айтқандық емес шығар. Кешелі бері ғаламтордағы әлеуметтік желі, республикалық баспасөз беттеріндегі азанамалар – соның дәлелі. Қара жамылған қарағандылықтар мен халқымыздың қабырғалы азаматтары кеше ғана қазақ баспасөзінің қара нарындай қарымды қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағауия СЕМБАЙ ұлдарын ақтық сапарға шығарып салды.
Қазақ баспасөзінің отымен кіріп, күлімен шыққан қаламгердің ақтық сапарына жиылған халықтың қарасы көп еді. Бір өзі бір мектеп қалыптастырып, өзі басшылық еткен «Орталығын» ұстаханаға айналдырған тұлғасын жоқтамасын ба ел?! Ақжан әл-Машани мешітіндегі қаралы жиынға Алаштың небір аяулы ұлдары келіп, «Бақұл бол, бауырым!» десті. Ақтық сапар алдындағы қаралы жиында алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов алды. «Мағауия ағамыз азаматтық арымен, ерекше адамгершілігімен абыройлы еді. Соңынан ерген көптеген шәкірттерін білеміз. Жиырма жылдан астам облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде редакторлық еткенде, елімізге елеулі ер-азаматтарды тәрбиелеп, ордалы орта құра білді. Олардың дені Қазақстан аумағында жемісті еңбек етіп жүргенін білеміз. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мырза қайғыға ортақ екендігін жеткізіп жатыр. Қайраткер азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!» деді.
Облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабек марқұмның қазасына байланысты жолдаған Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың және облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің көңіл айту жеделхаттарын оқыды.
Бұрынғы Бас редакторымызды өткен шақпен еске алу қаншалықты ауыр екенін біз Мағауия ағамызды жақсы көретін ағаларының бірі, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің елжірей айтқан сөзінен аңғардық. «Бұл кісі шындықтың алдында жүретін. Әділеттің алдында жүретін. Бойы да, ойы да биік, аузын ашса, жүрегі көрінетін азамат еді. Ол Қарағандысын, Орталық Қазақстанды жазуымен көтеріп өткенде, кейін көп кісілер оны көтере алмай қалды деп ойлаймын. Ең қайғылысы – ерте кетіп қалды. Біз жиі кездесетінбіз. Артында өнегелі мол мұрасы қалды. Иманды бол, бауырым!» деп қоштасты інісімен
Ардақты азаматты ақтық сапарға шығарып салуға келген қазақтың аяулы ақындары арасынан Мағауия ағаның рухани досы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Абзал Бөкен де қимастықпен тебіренді.
Несіпбек аға: «Ойламаған жерден көңіліміз қаралы, жүрегіміз жаралы болды. Кеудеміз күңіреніп, ортамыз үңірейіп қалды. Нарымыздан айрылдық, бауырымыздан айрылдық. Мағашымыз қаламы да жүйрік, көңілі де жүйрік үлкен азамат еді. Тек Қарағанды жұрты емес, бүкіл Қазақ елі күңіреніп жатыр. Мағаш жақсыларды түгендеп, адамдықтың арқанын ұзартып, жамандықты жүгендеп жүруші еді. Ортамыздың ұйытқысы еді, амал жоқ. Барлықтарыңызға қаламгер ағаларының атынан көңіл айтамын. Алды пейіш, арты кеніш болсын! Мағаштай азаматтың аты ешқашан өшпейді!», – десе, Абзал Бөкен ағамыз газеттің алдыңғы санына жарияланған «Мағаш кетті дегенше…» өлеңін оқығанда, ел солығын баса алмады.
Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов та қимастықпен еске алып, марқұмның отбасы мен жамағатқа қапа көңілін білдірді. Қаралы жиынның қорытынды сөзін облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Қамбар Ахмет сөйледі. «Орталық Қазақстан» газеті үшін бұл – ауыр қаза. Ағамыз 43 жыл ғұмырын журналистикаға арнаған екен. Сол жылдар ішінде «Орталығынан» алыстаған емес, бойтұмарындай қастерледі. Арқада «Мағауияның мектебі» деген мектеп қалыптастырды. Талай бұлақтың көзін ашты. Талай таланттың тұсауын кесті. Зейнеткерлікке шығарда маған батасын беріп, «әлі талай дүние жазып тұрамын» деп еді.
Бірақ, өкінішке қарай, ортамызды ойсыратып кете барды. Қош, жайсаң жан, аяулы ұстаз!» – деді басылым басшысы.
Қалың елі аяулы қаламгерімен қоштасарда Әл-Машани мешітінде шариғат шарттары орындалып, жаназасы шығарылды.
Қазақ журналистикасының қара нары шөккенде, оның шекпенінен шыққан бізбен қарашаның аспаны қоса жылап еді. Ал, ақтық сапарға аттандырған күні аға жанының белгісіндей алғашқы қар түсті. Басқың келмейді. Табиғат Тәңірдің көлеңкесі ғой, ағаның ақтығын айтып жүрген біз де қателеспеппіз, ендеше!
Жәнібек ӘЛИМАН