Қош бол, АСЫЛ АПАМ!
Ардақты ана, елдің анасы, халықтың тілеуқоры Хабиба апамның өмірден өткені мен үшін күтпеген жайт болды. Ғасыр жасаса да мен үшін Хабиба Елебекованың орны бөлек. Алғаш рет ол кісімен мәдениет жанашыры – Рымбала Омарбекованың ұйымдастыруымен өткен Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әншілердің облыстық байқауында танысқан едім.
Бұл 1994 жылдың мамыр айы болатын. Туған жеріне келіп, елімен қауышқан Хабиба апам бір жасап, арқа-жарқа болды. Киелі туған топырақтан жары Жүсіпбектің ізбасарлары бар екенін көріп қуанды. Туған елден риза көңілмен аттанған асыл апам сол жолы маған ақ батасын берді. Содан болар, бүгінге дейін небір өнер майталмандарымен тіл табысып, абыроймен еңбек етіп келе жатқандығым. Міне сол кезден бастап мен үнемі апамның жанынан табылдым. Алматы мен Қарқаралының арасы қанша шақырым болса да, жиі телефонмен хабарласып, хал жағдайын біліп тұрдым. Ол кісі сол кездерде қатты қуанып қалатын еді. Үнемі «ел аман ба, елім жүдеген жоқ па» деп сұрайтын. Мен арқылы туған Қарқаралысының хал-ахуалын біліп отыратын. Елдің аманаты – сәлем сауқатын, дәмін арқалап жеткенімде бір марқайып қалушы еді. Төбесіне көтеріп, отыратын халқына ризашылығы шексізтін. Мен аз күнде болса, ол кісінің жанында болып, қызу әңгіменің құшағына еніп, Жүсекеңнің әндеріне сусындайтынмын. Хабиба апамның жары Жүсіпбекке адалдығы, шексіз құрметі кімге болса да үлгі өнеге. Ол кісінің әндерінің қаймағын бұзбай, кейінгі ұрпаққа жеткізе бліді. Маңайына жақсылар мен жайсаңдарды жинады. Бақыты – қазақтың сары алтын тұлғаларымен замандас болды.
Кісіден көңілінің сәулесін аямаған, сұлулық пен жақсылықты серік еткен асыл апам мен Қарқаралының арасындағы алтын көпір болды. Қашанда елім деп еміреніп отырған ардақты апамның жарқын бейнесі менің мәңгі жүрегімде сақталады.
Раушан Жылтыбаева,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қарқаралы аудандық
мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы.