Жаңалықтар

Қос ғұлама һәм әулие

Қазақстанның Құрметті журналисі, публицист Серік Сексенұлы – 75 жаста

Сурет ғаламтордан 

Қазақтың өткен тарихына көз жүгіртсек, талай ойшыл ғалымдар, терең білімді ғұламалар өмір сүрген ғой. Талай ғылымды игерген әл-Фарабидің бір өзі неге тұрады?! Ал, далалық ауызша тарихнаманы дамытуға Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектері ерекше. Тағы бір таңқаларлығы – қазақтың маңдайына біткен осы қос ғұлама 1858 жылы туып, 1931 жылы қайтыс болған. Бұл кездейсоқтық па, әлде тағдырдың жазуы ма, әйтеуір, екеуі 73 жасында бақилық болды. Бұл екеуінің ғұламалығы қандай еді? Соған тоқталып көрелік.

Шындығында, осы танымдық мақаланы жазуға түрткі болған сұрақ біреу еді. Ол – қазақтың маңдайына біткен, жүз жылда бір көрінетін қос жұлдыздың бір жылда жарқ етіп туып, бір жылда сөнуі. «Неге?» дейміз ғой. Осынша талантты екі азаматтың бір мезгілде дүниеге келіп, бір уақытта бақилық болуы кездейсоқтық емес. Қазақтың рухын көтеріп, руханиятын байытуға Алланың бір мезгілде жіберген елшілері шығар деп ойлаймыз. Екеуі де ерекше жаралған, дарын-қабілеттерінің арқасында әулие деңгейіне көтерілгені анық. Біреуі – Шыңғыстауда, екіншісі – Баянауылда. Алайда, екеуінің ұқсастығы көп. Екеуі де бес жасында сауаттарын ашып, зейінді бала ретінде көзге түседі. Шәкәрім өзінің «Мұтылғанның өмірі» деген өлеңінде: «Қосылмай өзге балаға, ойнаушы ем жалғыз далада» дегеніне қарағанда, оның ерекше болып туғаны байқалады. Ақынның кейінгі өмірі оның шынында қарым-қабілеті айрықша екенін көрсетіп, қазақтың көгіне өрмелеп шыққан күн екенін дәлелдеп берді.

Шәкәрім (шын есімі Шәһкерім) Құдайбердіұлының өмір жолына қарап отырсаң, шынында таң қалатын бір құбылыс бар. Бұл – оның білімділігі, бүгінгі академиктерді шаң қаптыратын ғұламалығы. Бала Шәкәрім молдадан сауат ашқаны болмаса, еш жерде оқымаған. Ағасы Абай бітірген медресені де тәмамдаған. Тек қана ізденіс, өз бетінше оқып-білу арқасында араб, түрік, парсы, өзбек, орыс тілдерін жетік біліп, түрлі тарихи кітаптарды түпнұсқадан оқыған. Әсіресе, орыс тіліне жетік болып, аудармамен айналысқан. Мысалы, Лев Толстойдың әңгімелерін, А.Пушкиннің «Дубровский», «Боран» атты шығармаларын өлең түрінде аударып, қазақ оқырмандарына жеткізген. Әсіресе, Лев Толстоймен шығармашылық байланыста болып, хат алысып тұрған. Оған дәлел ретінде семейлік абайтанушы Қайып Мұхамедхановтың жеке архивінде сақталған Шәкәрім мен Лев Толстойдың хаттарын келтіруге болады. Осы хаттарда бір заманда өмір сүрген екі жазушының дүниетану көзқарастарының ұқсастығы байқалады. Толстойдың тәрбиелік-дидактикалық сипаттағы әңгімелерін қазақшаға аудара отырып, Шәкәрім өзі де орыстың ұлы гуманист жазушысына еліктеп, соған ұқсағысы келгені анық. Л.Толстойдың өзінің Ясная полянадағы мекенінде жазумен айналысып, шулы қаладан қашып, сондағы барлық шаруашылық жұмыстарды қолымен атқарғаны белгілі. Шәкәрім де өзінің ұстазына ұқсап, күнделікті тірлікке, қара жұмысқа араласып отырған. Мал бағу, шөп шабу, ағаш даярлау тәрізді жұмыстардан қашпаған. Тіпті, үй шаруасына қол ұшын беріп, киім пішіп, тігуді ерінбей істеген. Тіпті, Толстой тәрізді қауға сақал да жіберген. Оған сырттай ғана еліктеп қоймай, шығармашылық байланыста болып, оның ақыл-кеңесін тыңдай отырып, өзі де ақындық-жазушылық шыңына ұмтылған.

Көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман жақсы біледі, Шәкәрім 7 жасында жетім қалып, атасы Құнанбайдың және немере ағасы Абайдың тәрбиесінде болғанын. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған еді. Шәкәрім жоғарыда айтқан «Мұтылғанның өмірі» және басқа шығармаларында балалық шағында оқу-білімге онша мойын бұрмағанын мойындайды. «Атам мен ағам мені жетім деп аяп, балалық шағымды ойынмен өткізуге, жастық шағымды аң аулап, думан қуып жүруіме мүмкіндік берді» дейді. Бұдан кейін мені «Өнерлі, шебер тіл жақты, алады – деп бұл бақты» деген желеумен елім мені болыс қойды, сөйтіп 20 жыл болыс болып босқа уақыт өткізгенін айтады. Оның өз сөзімен айтқанда: «Көрсеқызар, мисыз бас, мақтанқұмар мен бір мас, ғылымның сезбей көп нұрын» – деп алданып жүріп қалғанына өкінеді. Содан 40 жасқа келген соң біржола ғылымның жолына түседі. 1904 жылы Абай қайтыс боларда көңілін сұрай барғанда: «Сені оқытып, ғалым етсем деп едім, арманда кетіп барамын», – деген екен. «Жоқ, аға, өкінбеңіз, мен өз бетіммен ғылым жолына түстім», – депті. Содан 1905-1906 жылдары Меккеге сапар шегеді. Бұл алыс сапардың себебін жоғарыда айтқан «Мұтылғанның өмірі» деген өмірбаяндық поэмасында былай дейді:

«Қырықтан аса бергенде,
Ақылым қылды шерменде:
«Дінім қалай, жаным не,
Жоғалам ба өлгенде?
Әлемді кім жаратқын
Осыншама түрлеп, таратқан?
Көрінген сансыз планет,
Бірінен-бірі бөлген бе?
Ақырет деген немене,
Шыққан жан қайта келе ме,
Кіре ме осы денеге,
Дәлелі қайсы сенгенде?…»
Осы оймен Меккеге барғанмын,
Әртүрлі кітап алғанмын,
Ақылға сыймас жалғанын,
Алмадым сынай келгенде».

Осылайша, ойшыл, философ Шәкәрім Меккеге барғанда қажы атану үшін емес, ғылым-ілім іздеп барғанын баяндайды. Содан Аравияны көктей өтіп, Стамбулға, Парижге сапар шегеді. Ондағы мақсаты Еуропадағы өркениетке қол созып, сондағы кітапханаларға барып, жеті жұрттың тарихына үңіледі. Себебі, адамзаттың, соның ішінде, көне түркі, қазақтың тарихы осы кітапханаларда жатыр еді. Шәкәрім сондағы түпнұсқаларды өз көзімен көріп, қолымен ұстап, оқуды мақсат еткен. Мысалы, Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі» ХVІІІ ғасырдың бас кезінде (шамамен 1700 жылдары) ғылым дүниесінде мәлім болған. Бұл кітаптың қолжазбасын Ресейде тұтқында жүрген швед офицері Тобыл қаласында кездестіріп, оны Бұхар ахунына орысшаға аудартады. Оны швед Шенстрем неміс тіліне аудартады, бұл аударма біраз кешігіп, 1780 жылы басылып шығады. Ал, одан бұрын 1726 жылы Лейден қаласында француз тілінде жарияланады. Оны 1770 жылы Тредиаковский орыс тіліне аударып, бастырады. Алайда, бұл еңбектер бірнеше тілге аударылып, түпнұсқа жарияланбағандықтан ол ғылым үшін құнды болмайды. Осы аудармаларды түгел оқып шыққан Шәкәрім тұпнұсқаны оқу үшін Еуропаның кітапханалары мен архивтерін аралап кеткен.

Ондағы мақсаты өзінің ел ішінен жинаған ауызша шежірелердің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеру еді. Ал сол кездегі жазбаша тарихи деректер Еуропа қалаларында Париж, Берлин, Дрезден сияқты қалалардың ғылыми кітапханалары мен архивтерінде болатын. Тұпнұсқалар мен аудармалар да сонда еді. Осыларды оқып, бір-бірімен салыстырып, қазақ тіліндегі тұңғыш «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабын жазуға кіріседі. Оның кіріспесінде автор көрсеткеніндей, алдымен басқа халықтардың да тарихтарын аудармада оқып, мұсылмандардың шежірелерін, соның ішінде Әбілғазы баһадур ханның және орыстың түріктанушы ғалымдары В.Радловтың 1893 жылы шыққан «Ұйғырлар туралы», Н.Аристовтың 1896 жылы жарық көрген «Түрік тайпалары туралы» кітаптарын салыстырып оқиды. Сонымен қоса, орыс тілінде аударылған өзге халықтардың жылнамаларын, көне түрік, қытай, монғол жылнамасын және араб, парсы, рим, еуропалық тарихшылардың жазбаларын сүзіп шығады. Міне, осының барлығын жинастырып, шындыққа сәйкес келеді-ау деген деректерді қазақтың ауызша шежіресімен тұздықтап жазып шығады. Ол өлең түрінде жазылып, араб әріпімен 1911 жылы Орынбор қаласында «Каримов, Хусаинов и К» баспаханасында басылады. Содан бір ғасырға жуық қайтып баспа бетін көрмеді. Архивтерді ақтарған бірен-саран ғалым, жазушылардан басқа қалың оқырманның қолына тимеді. Қаншама ұрпақ өзінің төл тарихын білмей, кеңестік идеология тықпалаған, қолдан жасалған «тарихсымақ» жалған дүниелерді місе тұтты. Тек қана тәуелсіздік алар тұста, 1989 жылы Шәкәрім шежіресін кирилицаға жазушы-этнограф Ақселеу Сейдімбеков түсіріп оқырманға ұсынды. Ақаңның тапсырмасымен осы шежірені Ғафу Қайырбековтің ұлы Бақыт Қайырбеков орыс тіліне аударды. Шәкәрім шежіресін оқып шыққаннан кейін ғана бұрын ақын деп білетін Құдайберді баласының тарихшы екеніне көзіміз жетті. Бәрін қолмен қойғандай, жылдарына дейін көрсетіп берген. Билік басындағылардың Шәкәрімге неге сонша өшіккенін енді түсінгендейміз. Өйткені, ол тарихтың ішек-қарынын ақтарып, өткенде не болғанын қалың қауымға жайып салды. Қазақтардың ешқандай бұратана халық емес, ертеден мемлекет болып келген ел екенін кітапқа түсіріп дәлелдеп берді. Мысалы, Шәкәрім шежіресінің 42-бетінде: «Жошының ұлы Бату 1242 жылы бүкіл Русьті жаулап алды. Жошыға дейін Еділ мен Жайықта қыпшақтар тұрды. Бұл жер Дешті-Қыпшақ атанды» деп жазады. Ал, 43-бетте: «Алтын Орданың (Жошы ұлысының) орталығы Сарайшық қаласы (орысша атауы Царев) Еділдің бойында Астрахан мен Саратов қаласының ортасында орналасқан», – дейді. Одан әрі 98-бетте: «1771 жылы князь Василий Долгорукий Перекопты алды. Қырым ханы Сәлімгерей келісімге отырды. Ал, Шаңкерей ханнан кейін князь Потемкин 1783 жылы Қырымды Ресейге қосты» – дейді. Мұндай тарихи деректер біреулерге ұнамайтын болса керек.

Жалпы, патшалық империя болсын, қызыл империя болсын өз атына айтылған сынды, соның ішінде, халықтың көзін ашуға, рухын көтеруге арнап жазған шығарма авторын ешқашан кешірмейді. Бұрынғы көне тарихты бүге-шүгесіне дейін, айы мен жылына дейін көпшілік алдында, қазақтардың ана тілінде жайып салған авторды жазалайтын ұрымтал уақыт та келіп жетті. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Қазақстанда коллективтендіру күшпен жүргізіліп, елді аштық жайлағанын білесіздер. Малынан айырылып, күнкөрісі болмай қалған жұртшылық толқи бастады. Сондай қарулы көтерілістер Боқты маңында және Қамбарлардың бас көтеруі болып жатты. Оның жаңғырығы Шыңғыстауға да жетті. Осындай қиын-қыстау сәтте ГПУ жазалаушылары атқа қонды. Ел ішіндегі бандаларды жоямыз деп бес қаруын сайлады. Ақыры, осындай қысылтаяң кезде 1931 жылы 2 қазан күні бір топ ГПУ Шыңғыстауда жалғыз өзі тұрып жатқан Шәкәрім үйін қоршап алды. Ал, ақынның өз сөзімен айтқанда, 40 жыл жинаған дүниесін саралап, қорытындылау үшін елден жырақ тұрып жатқан еді. Жазалаушылардың ойы бойынша ол мұнда банданы басқару үшін жатқан-мыс. «Сені апарып қамаймыз, бізбен бірге жүр» – дейді қару кезенген бастық. «Жоқ, мен ешқайда да бармаймын, менің ақтығыма Алла куә» – деп атына мініп, аң аулауға кетпек болады. Содан бірінші атылған оқ ақынның иығына тиеді. Сонда Шәкәрім: «Мені бастықтарыңа апарыңдар. Айтарым бар» – дейді. Істің насырға шауып бара жатқанын біліп, оны екінші рет атқанда, жарықтық ақын ажал құшады. Еш кінәсі жоқ адамды атып тастаған ГПУ отрядын бастап барған шолақ белсенді қылмыстың ізін жасыруды ойлайды. Сол жерде «бандамен атыс болып, оның басшысы Ш.Құдайбердіұлы оққа ұшты» деп хаттама толтырып, қасындағыларды куә қылып, қол қойдырады. Ал, ақынның мүрдесін Бақанас жаққа алып кетіп, бір құрғап қалған құдыққа тастап кетеді. Осылай өтірік өрге басып, кісі өлімі құпия болып қалды. Шындық тек 30 жыл өткен соң ғана ашылды. ГПУ-дің қанішерлері оны атып қана қоймай, жала жауып, оны екінші рет өлтірді.

Шын мәнінде, Шәкәрім істі болып, сотталмады. Оның кінәсін дәлелдейтін сот болмады. Сондықтан, КСРО Бас прокуроры 1958 жылғы 29 қазандағы шешіммен ақтады. Ол аз болса, 1962 жылы құрылған Абай аудандық партия комитетінің комиссиясы 4 ай бойы жұмыс істеп, сол оқиға кезінде болған 300 адамды куәға тартады, олардың 21-і қағаз жүзінде түсінік берді. Олар бірауыздан «Шәкәрімнің бандаларға қатысы жоқ, ол халық жауы емес» – деп жауап берді. Сол түсінік жазған адамдардың ішінде сол кезде ГПУ-де қызмет еткен, жазалаушылардың ішінде болғандар бар екен. «Шындықты неге жасырдыңдар?» – дегенде, «жеке басқа табыну уақытында өзімізге қауіп төнгендіктен айта алмадық» депті. Абай аудандық комиссиясы Шәкәрімді толық ақтап, шығармаларын жариялау жөніндегі шешімін Семей облыстық партия комитеті де қолдап, Орталық комитетке жібереді. Ал, 1963 жылы республикалық комиссия құрылып, оның құрамына белгілі жазушылар мен ғалымдар кіреді. Қазақстан Ғылым академиясының философия секторының меңгерушісі Салық Зиманов: «Шәкәрім Құдайбердиев ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы көрнекті ойшыл ақындардың бірі. Ол өз шығармаларында әділдікті, адалдықты, гуманизмді жырлап, халықты мәдениетке, ғылым-білімге шақырды» – деп баға берген. Міне, осыдан кейін ғана ақынның төл туындылары кітап болып шыға бастады.

Сонымен, көрнекті ақын-философ, тарихшы Шәкәрімнің алғашқы кітаптары 1911 жылы Орынборда, 1912 жылы Семейде жарық көрсе, бұдан соң тарих тауқыметімен араға 70-80 жыл салып, 1990 жылдары ғана толық жарық көре бастады. Ұлы ойшыл өзінің және шығармаларының көп жыл ұмыт болатынын болжап білген тәрізді. Осы мақаланың басында ақынның «Мұтылғанның өмірі» атты поэмасынан үзінді келтірген едік. Себебі, онда Шәкәрімнің бүкіл ғұмыры баяндалады. Ақын алғашқы туындыларын «Мұтылған» деген бүркеншік атпен шығарған екен. Ал, бұл сөз түрікше болса керек, қазақша мағынасы «Ұмытылған». Ақын сол кезде-ақ өзінің біраз жыл халық жадынан ұмытылатынын білген. Бұдан кейін Шәкәрімді көріпкел, болашағын болжайтын әулие емес деп айтып көріңіз.
***
Ал, қос ғұламаның бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тағдыр-тауқыметі де Шәкәрімге ұқсайды. Екеуі де бес жасынан бастап хат танып, ерекше қабілетімен көзге түседі. Құранды жатқа оқып, тақылдап тұрған бала Жүсіпті көрген әйгілі Мұса Шорманұлы оған «Мәшһүр» деген есім береді. Осылайша 8-ден 9-ға қараған шағында ол «Мәшһүр Жүсіп» атанды. Дуалы ауыз Мұсаның айтқан бір ауыз сөзі оны өнер-білімге жетелейді. Ғұмыр бойы ізденіп, ғылым жолында талмай еңбектенеді. Ол да Шәкәрім секілді арнаулы оқу орнында тәлім алмады, тек өздерінің зеректігінен, білімге құштарлықтарының арқасында ғұламалық дәрежеге жетіп, халқына өлмес мұра қалдырды. Мақаланың басында айтқанымыздай, Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп бір жылы өмірге келіп, бір жылы қайтыс болды. Айырмашылықтары сол, Шәкәрімнің ажалы кісі қолынан болды, Мәшһүр Жүсіп өз ажалынан қайтты. Екі құрдастың 60 жыл өмірі патша заманында, 13 жылы кеңес дәуіріне дөп келді. Қазақ халқының бақытына қарай туған екі ақын өз елдерінің басындағы бақытсыздықты өз көздерімен көрді. Қазақ даласының отарланып жатқанын, құнарлы жерлерінен айырылғанын көріп, қан жылағаны анық. Қазан төңкерісі, азамат соғысы кезіндегі аласапыранда қазақтардың қосақ арасында кетіп, қырылып жатқанына куә болды. Тіпті, асыра сілтеу, ашаршылық зардаптарын көрді. Осындай саяси өзгеріс, өлара кезеңнің оқиғалары олардың шығармашылығына әсер етті. Оған дәлел көп.
Мәшһүр Жүсіптің алғашқы үш кітабы 1907 жылы Орынбордағы белгілі «Каримов, Хусаинов и К» баспасынан жарық көрген. Бұлар «Хал-ахал», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты кітаптары еді. Осы кітаптарда ел ішіндегі хал-жағдай, халықтың ауыр тұрмысы әңгіме болған еді. Сол-ақ екен патша билігі ол кітаптардың таралуына тыйым салып, жоғарыдағы Каримовтар баспаханасына айыппұл арқалатты. Авторды қамауға алу жөнінде заң орындарына тапсырма берілді. Содан Мәшһүр Жүсіп Орта Азияға, оңтүстікке қарай жылыстап, бой тасалайды. Мұны өзінің «Ташкент сапары», «Түркістан сапары», «Бұхара сапары» – деген өлеңдерінде баяндайды. Баянауылдан шығып, Семізбұғыға тоқтап, одан Нұра жағалап Қараөткелге, одан Жаңаарқаны көктей өтіп, Сарысудың бойымен Бетпақдаланы басып, Қаратауға жеттік деп жүрген жерін суреттейді. Бұл – 1908 жылы екен. Содан Ташкент, Самарқанд, Бұқараны аралап көп жүреді. Мысалы, Бұқараның мешіт-медреселерін көргенде өзінің осында келіп жасында оқымағанына өкінеді. Ол жақта қарап жүрмей тарихи орындарды аралап, ауыз әдебиетін жинап жүреді. Сөйтіп жүріп әйгілі шығыстанушы, этнограф Василий Радловқа (шын есімі Фридрих Вильгельм) жолығып, өзінің білетін шежіре, ауыз әдебиетінің үлгілерін береді. Бірінші дүниежүзілік соғыс, басқадай төңкерістерден патша тыңшылары өз бастарымен әуре болған тұста Мәшкең елге оралып, өзінің ақындық, шежірешілік ісімен айналысады. Ел ішінен көп деректер жинайды. Бірнеше сандық болған қолжазбаларын қалай кітап етіп бастырсам деп жанталасады. 1926 жылы С.Мұқановқа хат жазып: «Біздің жаққа экспедициямен келген ғалымдар біраз қолжазбамды алып кетіп еді, сол қашан кітапқа басылады» – деп сұраған екен. Бірақ одан хабар болмайды.
Біз жоғарыда қай империя болмасын, өзінің қырына алған адамдарды ешқашан кешірмейді, қыр соңынан қалмайды деп айтқан едік. Шәкәрімнің кебін Мәшһүр Жүсіп те киді. Оның да шығармалары насихатталмады, қолжазба күйінде Ғылым академиясының орталық кітапхана қорында жатты. Солайша кітапхананың жертөлесінде аман-есен жатқанына, жоғалып әркімнің қолында кетпегеніне тәубе етеміз. Мәшһүр Жүсіп атамыздың да алғашқы кітаптары ХХ ғасырдың бас кезінде шыққанын жоғарыда айттық. Содан араға 70-80 жыл салып (тура Шәкәрімнің кітаптары тәрізді), 1990 жылдары ғана жариялана бастады. Сылтау сол, ескіні көксеген шежірені, хандар тарихын жариялауға болмайды деген кеңестік идеологияның тұжырымы болатын. Ал, шын мәнінде, оның қолжазбаларында талай тарихи деректер бар еді. Ол естіген-білгенін қағазға түсіріп жаза берген. Сол себепті шежірелерінің өзі бірнеше түрден тұрады. Солардың ішінен кейінгі тарихшылар сараптап, салыстырып, керегін алар деген ойда болса керек. Мысалы, жұрттың аузында жүрген «Абылай аспас Сарыбел» хикаятының 6 түрі бар. Ақынның қолжазбаларын баспаға әзірлеген кезде 6 папкадан алты түрі шыққан екен. Алтауының да мазмұны бір, тек жазылуы бөлектеу. Ол оқиғаны қысқаша айтқанда, Абылай мен бес Мейрам елінің қақтығысы туралы еді ғой. Мәшкеңнің айтуы бойынша, Қаракесектің бір атасына ас беріліп, үш жүзге сауын айтылған екен. Шақыру болған соң Абылай да төлеңгіттерін ертіп барады. Ас соңында ат жарыс, теңге ілу тәрізді ойындар болды. Осындай қызық болып жатқанда шаншардың бір қуы: «Мына сұлтанның басындағы бөрікті қағып түсірсе, сұлтан не қайрат көрсетер екен» – деп әзілдепті. Сонда Қаздауысты Қазыбек бидің інісі, «мөр таңдайлы» Балапан: «Оны айтып қана қоймай, іс үстінде көру керек» – деп той қызығын қарап тұрған Абылайдың артынан барып, байқамағансып қамшының сабымен Абылайдың бөркін қағып түсіреді. Абылай көптің көзінше ашуын білдірмей: «Ұлан асыр үлкен ас, жеген тоқ, ішкен мас» – деп күледі де, атының басын бұрып жүре береді. Жерге түскен бөрікке қарайлап қарамайды. Бұл оқиға қашан болғанын Мәшкең нақтыламайды. Есесіне оны Ілияс Есенберлин нақтылайды. Жазушының көшпенділер тарихи трилогиясының екінші кітабы «Жанталастың» 492-бетінде бұл оқиға 1751 жылы болды. Келесі жылы, яғни 1752 жылы генерал Киндерман Қызылжар бекінісін салып болып, соның құрметіне үлкен жәрмеңке өткізді дейді. Жәрмеңкеге Қаракесектен біраз адам қатысады. Осы кезде өткен жылы өзін күлкі етпек болған қулардың әрекеті есіне түскен Абылай сол елден келген Жанай мен Ботақан деген екі белгілі адамын ұстап қалады. Жанай Қазыбек бидің немересі еді, оған онша қысым жасамайды. Ал, Ботақанға көр қаздырып, соған түсіріп, байлап тастайды. Ертеңіне «бері шық» десе Ботақан: «Көрге түскен адам тірі шықпайды» деп ызадан өзін жарып тастап, өліп кетеді.
Бұл хабарды естіген бес Мейрам көтеріліп, үш мың қол жинап, «Абылайды шабамыз» деп аттанады. Басшылары Бекболат, ішінде Айдабол Олжабай батыр бар екен. Жолдан қосылғаны бар бес мың қол келе жатады. Абылай да тегін адам емес қой, «мына Бекболаттың ашуы жаман екен, не Абылайдың басын аламын, не қара қазанын қақ айырамын» – деп сертпен келе жатыр екен деп, қазанға ет астырып, қасына бір табын сиыр тастап, өзі көшіп кетіпті. Абылайдың ойын түсінген Бекболат қазандағы етті жеп, сиыр сойып бес мың қолды тойдырып, найзаларын қандап кері қайтыпты. Мәшкең айтады, сол қара қазанды Бекболат ұстады, одан соң Тіленші ұстады. Ақыры одан келіп Абылайдың кенже ұлы Шама төре айыбын төлеп қазанды сұрап алды деп. Сол Шама төре патша заманында Шаншар еліне болыс болып, 1841 жылы қайтыс болды. Төренің шошақ бейіті әлі күнге дейін Мәди жырға қосқан Үшқара тауының солтүстігінде Түндікті өзенінің бойында тұр. Мұндай тарихи деректер Мәшкең кітаптарында жетіп артылады. Керегін ала бер. Айтпақшы, Астана мен тең ортада Анар деген станция бар. Бүгінгі Қарағанды облысының басталар тұсы. Бұрынғыша бес Мейрам елінің шеті. Жоғарыдағы оқиғадан кейін Абылай бері өте алмай, «Абылай аспас Сарыбел» атаныпты.
Енді бір ауыз сөз – Мәшкеңнің өз қазасын болжауы туралы. 1929 жылы ақын Бұқар жыраудың басына зиярат етіп барып, оның қай жерде жатқанын көрсетеді. Сол жерде қазір Бұқар жыраудың кесенесі тұр. Содан өзінің өлеңінде айтатын «Баянауылдан 60 шақырым, Айдос бұлағындағы» мекеніне келіп, өзінің қазасына дайындалады. Алдымен қыстаудың оңтүстігінде 1,5 шақырым жердегі Ескелді биігінің үстіне екі бөлмелі үй салдырады. «Жерге көмбейсіңдер. Өзім бальзам жасадым, соны аптасына бір рет жағасыңдар. Осылайша, 40 жыл жатуым керек» – дейді. Көзі тірісінде өзіне ас бергізеді. «Мұның не?» – дегендерге, «жаман заман келе жатыр, ас беруге шамаларың келмес» деген екен. Айтқаны келіп, ашаршылық басталып ел тоз-тоз болып кетті емес пе? 1931 жылы өзі айтқандай Мәшкең марқұм болды. Содан әулиенің айтқанын істеп, оның мүрдесін алғашқыда бәйбішесі, кейін келіні бальзамдап тұрған екен. Ақыры 1952 жылы Мәскеуге біреулер хат жазып: «Кремльде Ленин ашық жатса, мұнда Мәшһүр Жүсіп деген қазақ жер қойнауына берілмей жатыр. Неге?» – деп арызданған екен. Содан моланы бұзып, «анау қазақты жерлеңдер» деген бұйрық түседі. Бұйрық орындалды. Ақыры 40 жыл емес, 21 жылда Мәшкең жер қойнауына беріліп, өзі салдырған үй бұзылды. Бірақ тарих бәрін өз орнына қойды. Бүгінде Ескелдінің биігінде Мәшһүр Жүсіптің көк күмбезді кесенесі ат шаптырым жерден көрініп тұр. Кесенеге көтерілетін 73 баспалдақ бар. Мәшкең 73-інде қайтқан еді. Қысы-жазы халық ағылып келіп, зиярат етеді. Төменде үш қабатты қонақ үй, ас ішетін және құрбандыққа мал соятын орын бар. Автотұрақ жасалып, айналасына ағаш егілген. Келушілерге барлық жағдай жасалған. Жоғарыда айтқан Айдос бұлағы бұл күнде «Мәшкең бұлағы» деп аталады. Сәл дөңестеу жерден қайнар шығып жатыр. Басында қыстау бар. Бір кездері сол бұлақ төмен қарай ағып жататын еді, келушілер шомылып былғай берген соң, қазір таспен шегендеп құдық жасап қойды. Қауғамен су алуға болады. Міне, әулиенің өз қазасын болжауы осындай болды. Бір кездері құдықта қалған Шәкәрім бүгінде Жидебайда Абай ағасының қасында, бөлек күмбез астында жатыр. Мәшһүр Жүсіп өзі тұрғызған моласы трактормен бұзылса, бүгінде көк күмбезді кесенесі менмұндалап тұр. Түбінде әділдік жеңіп, уақыт бәрін өз орнына қойғанына куә болып отырмыз.
Қорыта келгенде, қазақтың қос ғұламасы әрі әулиесі Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіптің өміріне қатысты шағын танымдық мақаламыз осы еді. Біздер газеттегі ресми қызметімізді тоқтатып, зейнетке кеткенімізбен қаламымыз демалысқа шыққан жоқ. Бұрынғы журналист деген болмайды депті, сол рас болар. Қарап отырмай кітап оқып, бірдеңелерді тірнектеп, жинай беретін әдет әлі қалған жоқ. Сіздердің кәделеріңізге жараса деп, қос ақынның өмірінен осындай деректер келтірдік. Қабыл алыңыз!

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Басқа материалдар

Back to top button