АбайАймақ

Қос куәгер

Еліміз тарихында өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасына да биыл үш мүшел толады екен. Бірақ сол күндердің қос бірдей куәгері қазірде Абай ауданының Қарабас жалпы білім беру мектебінде мұғалім болып еңбек ететінін біреу білсе, біреу білмейді.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Соның бірі Бақытгүл Айтжанова бұл кезде Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты химия­-биология факультетінің 5-курсында оқитын. Дәл 1986 жылдың 16 желтоқсан күні бұлар институттың Панфилов көшесіндегі оқу ғимаратының 7-қабатында химия сабағында отырған еді. Бір уақытта сырттан «ҚазПИ, ҚазПИ!» деп айқайлаған дауыстар қатты-қатты естіле бастады. Бәрі орындарынан жүре көтеріліп, терезеден қараса, көше бойымен Брежнев алаңына қарай шерулеп бара жатқан жастар. Пән оқытушысы Иманмәлік Нұғыманов, осы мезгілде дәрісханаға кірген курс жетекшісі, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрсұлтан Баймұханов, факультет деканы Болат Алмашев: «Барыңдар да, қосылыңдар! Қазағымыздың намысын қор­ғаңдар! Сендерге бір сөз келтірмейміз!» дегені. Ұрыста тұрыс бар ма?! Бойларында жастық оты жалындап, республикамызды ширек ғасырдай басқарған Қонаевтың орнын қайдағы бір Колбиннің сырттан әкеліп сайланғанына қандары қайнаған 25 қыз-жігіт қалың шоғырға араласты да кетті.

– Содан біз үш күн бойы алаңға барып, елмен бірге ереуілдеп жүргенімізді жан баласы сезбейді. Біздің топтағы бірде-бір студент қудаланып, жапа шекпеді. Бүгінде арамызда жоқ сондай асыл ағаларымыздың аруағы алдында әлі күнге бас иемін, – дейді Бақытгүл өткенді ойға алғанда.

Оның айтуынша, бірінші күнгі шерулері тыныш өтіп, ұрандап, талап қойып, жатар орындарына оралған. Ал, ертеңінде 17 желтоқсан күні барғандарында, арандатушылардың жағалай арақ, темекі таратып жүргенін байқады. Ол әбден жаурап, қайтып кеткен соң, сойқанның көкесі басталыпты. Мұздай қаруланып, қасқыр ит ұстаған солдаттар шерушілер қатарына жауша тиіп, мұздай сумен атқылап, ит айтақтап, сапер күректерімен сұлатып салып, топырлатып көлікке тоғытқан. Түнгі сағат 10-ның кезінде үсті-басы сауыс-сауыс боп қатып қалған Сәуле Мурсалимова мен көк ала қойдай боп таяқ жеген Жәмила Сұлтанова келеді. Кешкісін жатақханаға оралмаған Алтынай атты құрбысы өздерін машинаға тиеп, қала сыртындағы күресінге апарып тастағаннан әрең жеткенін жылап тұрып айтады.

Алайда, албырт жастық алды-артына қаратсын ба?! Бақытгүл тағы да үшінші рет 18 желтоқсан күні атой салған топпен бірге алаңда тұрды. Жабыла «Менің Қазақстаным!» әнін шырқап, «Колбин кетсін! Бірінші басшы Қазақстаннан сайлансын!» деген талаптарын қайталаумен болды. Бір уақытта алаңды қоршаған қалың әскер үш қатардан шеп құрап, бұларды қыспаққа алып, қаусыра түсті. Шетте тұрған мұның алдына бір жас қазақ солдатының тап келмесі бар ма? Ол ақырын ғана «Жылдам өтіп кетіңіз» деп, араларын ашқан бетте қоршаудан сытылып шыға берді. Оның арты ұрып-соғып, қанды қырғынға ұласқанын кейін естіп білді. Жоғарыдағы абзал ағаларының арқасында жазадан аман қалған өзі де оқуын бітіріп, елге оралып, ордалы отбасын құрып, аталған мектепте көп жылдан бері химия-биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуде.

Ал, Желтоқсан оқиғасының екінші куәгері Гүлзия Қалышева сол кезеңде Целиноград педагогикалық институты филология факультетінің 3-курс студенті еді. Қалада бұдан басқадай ауыл шаруашылығы, инженерлік құрылыс институттары да бар болатын. Сол жоғары оқу орындарының студенттері бастаған ұзыннан-ұзақ созылған шерудің қала орталығына бет алғанын бұлар жатақхана терезесінен ғана көріп,еш қайран қыла алмады. Сонда көздеріне ешқандай тәртіпсіздік, бейбастақтық түсе қоймаған. Бұл нағыз бейбіт шеру еді деуге болады. Олардың дүкен тонап, машиналарды шағып, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарсылық көрсетті дегенге еш сенбейді. Өйткені институт басшылығы мен оқытушылары өздерін үш күн бойы қамақта ұстап, интернационализм, халықтар дос­тығы туралы құлақтарына құйып, миларын шірітіп бітті. Ақыры құрсау алынған соң бұлардың факультетінен алаңға барған Аринов деген жігіттің, басқа институттардан да бірнеше студенттің оқудан шығарылғанына қанықты. Өздері ештеңеден зардап шекпеді. Сөйтсе де, Бақытгүл мен Гүлзия қазақ жастарының Желтоқсанда жаппай бас көтеруі болашақ Тәуелсіздігіміздің негізі болып, КСРО-ның құлап, ыдырауына себеп болғанын айтып, бүгінгі күндеріне шүкіршілік етеді.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button