«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

«Орталық» және Елбасы

Қазыналы Қарағанды өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін тасқа қашап, аймақтың айнасына айналған – «Орталық» ормандай оқырмандарының рухани серігіне айналып отыр бүгінде. Топқа түскеніне тоқсан жыл толса да алқынбаған тұлпардай, саңқылдаған сұңқардай қалпы бар байырғы басылымның кешегісі – тұлдыр, болашағы – бұлдыр емес. Бұған «шаң басқан архивтерді» ақтарғанда көзіміз анық жеткен. Уақыттың көшінен қалыспай, төл тарихымыздың жылнамасын хатқа түсіріп келе жатқан газеттің сарғайған беттерінен өндірісті өлкенің шежіресі мен өшпес із, өлмес өнеге қалдырған тұғырлы тұлғалардың еселі еңбектерін оқуға болады. Ал, тоқсанның төріне шығып, абыздыққа иек артқан басылымның 1960-1970 жылдардағы сандарынан жалындаған жас хатшы Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ авторлығымен жарыққа шыққан «Қарышты қадаммен», «Шабыт шарықтар шақ», «Әркім ізденісте болғанда», «Басты бағыт», «Ерлік еңбек дәстүрі» атты соқталы туындылары Елбасының «Орталықтың» сол кездегі тұрақты авторларының бірі һәм басылыммен шығармашылық байланыста болғандығын білдірсе керек…

Иә, жазиралы жастығы Арқада өткен алғыр азаматтың өзі еңбек жолын бастаған қаланың тыныс-тіршілігі мен жұмысында кезіккен өзекті мәселелер жайлы аймақтың бас басылымына жиі жазып тұруы – оның қаламмен жас кезінен серік болғандығын айғақтай түскендей. Туындылары дәуір тынысын дәл бере алуымен ерекше. Сонымен қатар, газеттің 1968 жылғы санында жарияланған журналист Риза Ахметованың «Талаптыға нұр жауар» мақаласында жас Нұрсұлтанның іскерлік, азаматтық тұлғасы толық ашылып, оқырманды ордалы ойға жетелейді. Сөзіміз жалаңболмас үшін үзінді келтіре кетсек…

– …Біз, – деді –Нұрсұлтан, – завод директорына, – туысқан Украина республикасында екі жыл оқып, шойын қорытушы – горновойшы мамандығын алған едік. Енді, міне, комсомолдық жолдамамен қарамағыңызға келіп тұрмыз. Не бұйырсаңыз соны орындаймыз.

– Неше жігіт едіңіздер?

– Жетпіспіз. Бәріміз бірге оқыдық. Құрдаспыз. Бірімізден-біріміздіңайырылғымыз да келмейді.

– Жолдамаларыңыз бойынша – деді директор, бір ай тынығуларың керек екен. Оларың қалай, демалып қайта оралмақсыңдар ма, әлде, бірден жұмысқа араласпақшысыңдар ма?

– Жоқ, – деді, Нұрсұлтан. Тыныққанымыздан еңбекпен шыныққанымыз артық…

…Жұмыс та аяқталды. Сол күні аға горновойшы Нұрсұлтан, Төлеген, Аманкелділердің есімі завод «Молниясына» ілікті. Өйткені, олар бұл күні жаңабір рекорд жасаған еді…

Немесе А.Сағындықов пен А.Ахметәлімовтің газеттің 1965 жылғы 15 желтоқсанында жарияланған «Өмірбаяннан үзінді» мақаласында «Бойында қайраты, болашаққа сенімі зор Нұрсұлтан өз жұмысына белсене араласты. Тынбай еңбек етті. Жетіжылдықтың ғаламаты аталған – Қазақстан Магниткасының ірге тасын қалауға атсалысты. Мұндай тағдырдың тізгінін ұстау жас жігіт үшін үлкен бақыт еді. Біз сонда Нұрсұлтанды алғаш көріп, танысып, еселі еңбегімен құттықтап қайтқан болатынбыз» деп жазған екен.

Міне, осы бір үзінділерденақ еңбекке ерте араласқан жанның болмыс-бітімі мен Тәуелсіз елдің ғана емес, Қазақстан Магниткасының да ірге тасын қалауға сүбелі үлесін қосқан Н.Әбішұлының болашақ көшбасшыға тән қайраткерлік қыры айқұлақтанып көрініп тұрған жоқ па?!

2005 жылы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев газеттің сол кездегі Бас редакторы, марқұм М.Сембай ағамызға берген жедел сұхбатында «Қарағанды, Теміртау қалаларымен менің өмірімнің аса маңызды қымбат жылдары байланысты. Сондықтан, мен мұнда жарқын пейілмен, асқақ сезіммен, жақын-туыстарыма жеткендей болып келемін» деген екен. Ендеше, Теміртауда түлеген тұғырлы тұлғаның «Орталықтың» тарихында да айшықты ізі қалғаны оқырман үшін де, біз үшін де үлкен мәртебе дер едік.

Ілияс МҰҚАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button