«Орталықтың» ормандай оқырманы қайда?
2005 жылы газеттің №1-2 нөмірінде басылымның сол кездегі редакторы «Құрметті оқырман, өздеріңіз бағалаған басылым таралымы 15 мың дана болды. …Бұдан 7 жыл бұрын газеттің таралымы 3,5 мың болатын. 5 есе өстік!
…Жылдағыдай, Қарқаралы ауданы қамшы салдырмай қара үзді», – деп жазған екен. Аталған 15 мың дана газеттің ширек бөлігін қарқаралылықтар жаздырып алыпты. 2008 жылы «Орталық Қазақстанның» таралымы 19573 данаға жеткен дүр. Соған сай, газетті жаздырып алып оқитын Қарқаралы ауданы тұрғындарының саны да өсе түскен. Облыстық басылым бұдан кейінгі жылдары да өңір оқырмандарының оң ықыласында болды.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның сөзімен айтқанда, облыс халқының «…көзі, құлағы һәм тілі» болып отырған басылымды биыл, яғни, 2025 жылы жаздырып алған қарқаралылықтардың санын көргенде тіліміз байланып қала жаздады. Бар болғаны – 386 дана. Соңғы бірер жылдың ішінде өңірдегі оқырмандар саны ондаған есеге азайып кеткен. Тіпті, Қарқаралының атына ұят екен! Ұлы тұлғалар шыққан, Алаш ардақтыларының, айдай әлемге танылған ақын-жазушылар мен ғалымдардың кіндік қаны тамған қасиетті топырақта санаулы ғана сауатты адам қалған сияқты әсер етті жоғарыдағы дерек.
Әрине, электронды ақпарат құралдары қарыштап дамыған қазіргі таңда адамдардың жергілікті аумақта, елімізде, әлемде болып жатқан жаңалықтарды алу жолдары да, мүмкіндігі де мол. Дегенмен, олардың арасында ақиқатқа, өмірдің шындығына сай келмейтін жалған деректер де көп ұшырасатынын ұмытпау керек. Кім көрінген блогер болып кеткен заманда ой толғамынан, сана сұрыптауынан өтпеген ақпараттар (халықтың жалпақ тілімен айтқанда, өсек-аяң) қоғамдық желілерде қаптап кетті. Бұл біздің елге ғана емес, әлемдегі көп мемлекеттерге тән құбылыс. Сондықтан, ресми көзден ақиқат, нақты хабар алу үшін электрондық ақпарат жүйесі мықты дамыған елдердің өзінде тұрғындар қалта телефонының жазбасына емес, баспасөз жарияланымдарына жүгінеді. Азия мен Америкадағы озық елдердің, Еуропаның халықтары күнін газет оқудан бастайды. Солай болғандықтан, оларда электрондық ақпарат жүйесі қанша дамыса да, газет-журналдардың таралымы өспесе, төмен түспейді. Мәселен, Жапонияның «Асахи симбун» газетінің таралымы таңертең 6 миллион, кешке 4 миллион дананы құрайды екен. АҚШ-тың беделді басылымының бірі «Нью-Йорк таймс» газеті жай күндері 1 миллион 131 мың, жексенбіде 1 миллион 681 мың данамен тарайды (бұл бірнеше жыл бұрынғы мәлімет, қазір газеттің таралымы бұдан көп болуы мүмкін). Телефондағы хабар тез ұмытылатынын, қағазға таңбаланған ақпарат санада сақталып қалатынын ескерсек, дамыған елдерде ғылым мен техника неліктен қарыштап дамығанының құпиясына көз жеткіземіз.
Яғни, телефон хабарласу құралы болса, газет-журнал мен кітап білімнің көзі екен.
Бәсекелестікке бейім, еліктегіш халықпыз ғой, өзіміз білетін мансабы зор, атақ-дәрежесі үлкен адамдар қалай жүріп-тұрса, не иеленсе, солардан кем қалмауға, шама келсе, асып түсуге тырысамыз. Тұрғын жайымыз, көлігіміз, қол сағатымыз, мобильді телефонымыз да өзгелерден, әсіресе, танымал жандардан кем болмауы керек. Мысалға жүгінейік, 1980 жылдары апа-жездем тұратын совхозға жаңадан келген директор келіншегімен бірге киноға баратынын көрген соң сол ауылдың бүкіл бас мамандары, қызметкерлері қонақ шақырып, қонаққа баруды сенбі-жексенбіге қалдырып, кеш болса, әйелдерін қолтықтап клубқа қарай аяңдауға көшіпті.
Сөз басында айтылған 2000 жылдары Қарқаралы ауданында әкім болған Ниқанбай Омарханов облыстық басылым бетіндегі әр шығарманы саралай оқып, онда көтерілген тақырыпқа, айтылған мәселеге, авторының көзқарасына пікірін білдіріп, кейде «ауданға мына журналисті жіберіңізші, біздегі мына өзгерістер мен жаңалықтарды көрсетсін» деп газет редакторына өтініш жасайтын.
Өңірдің бірінші басшысы бұқаралық ақпарат құралына осылай ден қойып отырған соң Қарқаралының басқа қызметкерлері де «Орталық Қазақстанмен» қоян-қолтық байланыста жұмыс істеді. Газет-журнал, кітап оқуға ерекше ден қоятын Ниқанбай Иманғалиұлы қазір де қоғамның белсенді мүшесі. Республикадағы түрлі оқиғаларға, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістерге орай ойын ортаға салып, талқылауға ұсынып тұрады. Қоғамдық пікір қалыптастыру үшін мұның маңызы зор.
Адам бар жерде тіршілік бар. Тіршілік бар жерде қым-қуыт оқиғалар мен құбылыстар болып жататыны түсінікті. Бірақ, коммуникация өрістеген қазіргі заманда әкімшілік қызметкерлерімен және қоғаммен байланысқа тікелей жауапты бөлімдермен хабарласу өте қиын. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды бұқараға көрсету, бір саладағы озық тәжірибені өзгелерге үлгі ету, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп әрекеттесу алға жылжудың, қоғамды дамытудың алғышарты екенін «Осы қызметтегілер түсінбей ме, мерзімді баспасөздің маңызын білмей ме?» деген сауалдар туындайды еріксіз. Дамитын қоғамның жетекшілері журналистермен тізе қосып жұмыс істесе, тоқырайтын қоғамның басшылары журналистерден аты-тонын ала қашады. Әлем танитын, халықты соңынан ерте алатын мемлекет, қоғам қайраткерлері ең алдымен тамаша шешен, мықты публицист болған. Осыны білмейтін әкім-қаралар мен оның төңірегіндегі атқосшыларының газет-журнал оқитынына кейде күмәнмен қарайсың. Жоғарыда айтқанымыздай, баспасөзге зер салатын басшының жанындағылар да қаражаяу қалмайды. Олар оқыған басылымды басқа жұрт та оқиды.
Мерзімді басылымды таратуға байланысты екінші бір түйінді мәселе – оны оқырман қолына табыс ету. Бұл қызметті бұрынғы патшалық Ресей, кейінгі кеңес дәуіріндегі дәстүрге сай пошта жүйесі атқарады. 1960 жылдардан бастап газет-журналдар мен хат-хабарларды алыс елдімекендерге жергілікті авиация, ұшақ қатынамайтын жерлерге жолаушылар автобусы жеткізетін еді. Кеңестік жүйе күйреп, оның орнында бос кеңістік пайда болған соң поштаны осы мекеме өз көліктерімен тасымалдайтын болды. Әрине, бұл өте қымбатқа түседі. Бірақ, әзірге басқа жол жоқ. Елдімекенге жеткізілген газет-журналдарды үйді-үйге тарату одан да күрделі. Себебі, пошташының азғантай жалақысына жұмыс істейтін адам табылмайды. Мұндай тұйықтан шығудың тиімді тәсілін Финляндия мемлекеті осыдан 25-30 жыл бұрын пайдалана бастаған екен. Әр үйдің есігін қағып жүрмес үшін олар ықшамаудандағы, яки, ауылдағы дүкеннің жанына сәлем-сауқат алдыратын адамдарға арнап пошта жәшігін орнатып қояды. Күнделікті наны мен сүтін, шайы мен қантын алуға дүкенге барғандар поштасын да ала қайтады. Скандинавия мемлекетінің тәжірибесін қазір көп ел пайдаланады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, мерзімді басылымнан, көркем әдебиеттен алыстап кеткен жұртты қайтадан білімді, ұдайы ізденісте болатын оқырман қауымға айналдырып, поштаны уақытылы жеткізіп береміз десек, оның жолы да, тәсілі де көп.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»