Кездесу

Ортақ ойлар тоғысы

Арқаның арда белі Ақтоғайға арнайы ат басын бұрған облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары Ілияс МҰҚАЙ бастаған тілшілер тобы аудан әкімі Салтанат ӘБЕУОВАНЫҢ қабылдауында болды.

Кездесу барысында Ілияс МҰҚАЙ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық, аймақтың бас басылымы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдық мерейтойларына орай ауыл өміріне арналған «Алтын бесік» қосымшасы ашылғанын тілге тиек етті. Басылым қосымшасы арқылы Ақтоғай ауданында егемендіктің 30 жылдығы аясында атқарылған игі істер мен жарқын жетістіктер насихатталатынын әңгімеге арқау етіп, алдағы жылдың баспасөзге жазылу барысын пысықтап, іссапар мақсатына тоқталды.

Өз кезегінде аудан басшысы журналистер қауымының сапарына сәттілік тілеп, Ақтоғай ауданының қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы қысқа да нұсқа ақпар беріп өтті.

Аудан әкімінің айтуынша соңғы жылдары аудан көлемінде көптеген мемлекеттік жобалар жүзеге асып, қыруар жұмыстар атқарылған. Айталық, өткен жылдың өзінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде бірқатар елді мекендердің ішкі жолдарына қатты жабын төселіп, бірнеше әлеуметтік нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауыл шаруашылық саласында да айтарлықтай өсу бар. Тұрғын үй құрылысы жанданып, аудан орталығындағы Ж.Шайдаров атындағы саябақта реконструкция жасалып, жаңадан көз тартатын алаңдар ашылған. Алдағы жылы аудан орталығы Ақтоғай ауылына кәріз жүйесін тарту жоспарда тұрған көрінеді. Одан тысқары «Туған жерге туың тік» деген ұранмен мектеп түлектерінің ауылға жасаған тартулары да жетіп артылады екен. Соның бір парасы Шабанбай би ауылындағы Ә.Ермеков мектебінің 1974 жылғы түлектерінің мәдениет үйі алдындағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға арнап қойған ескерткіші. Кездесу үстінде аудан көлемінде 30 жыл мұғдарында атқарылған ілкімді істер мен жарқын жетістіктер сөз болды. Аудан басшысы Сарышаған кентінде жаңадан салынған жаңа типтегі мектеп, Сарытерек, Жидебай батыр ауылындағы соңғы үлгідегі салынған отбасылық емхана, Шашубай кенті, Ақтоғай ауылында бой көтерген спорт кешендері, жаңа сипатқа ие болған мәдениет үйлері мен білім ордалары, мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлер, «Ақбұлақ» бағдарламасы негізінде 16 елді мекенде тартылған ауыз су, Шашубай, Сарышаған кенттерінде жүргізілген кәріз жүйелері және өзге де жүзеге асырылған жемісті жұмыстар егемендіктің арқасында қол жеткен толағай табыстар, жасампаз жетістіктер екенін баса айтты.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button