Қоршаған орта

«Егер адамның жан дүниесі…»

«Егер адамның жан-дүниесі терең болмаса, одан ұлы адам, ұлы суреткер, тіпті, ұлы қайраткер де шықпайды!» (Ромен Роллан) деген аталы сөзді шығармашылық одақтардың маңдайына іліп қою керек.

 

Ақынның тууы

Ақын – топырақтан, ата-баба дәстүрінен, атаның белі, ананың құрсағынан туады. Ақыннан – ақын тумайды. Туса, – өзінің де, өзгелердің де соры…

 

«Егер Ресейде…»

«Егер Ресейде Павел Михайлович Третьяков болмаса, Суриков те, Васнецов та болмас еді!» (Нестеров)

 

Мағжанның бір шумағы

Тұқым-тұқиянынан ел жұртты ойлайтын есі дұрыс бір кісі шықпаған, халқының қолынан кісен, аяғынан шынжыр түскенде соның қазынасын бас салып, иемденіп алған байшыкеш мырзаларым-ау, көздеріңді ашып, көкжиекке бір қарасаңдаршы, сенің қолыңдағы мынау мыңғырған мал, алтынмен апталған сарайлар, аузынан аққан ақ май, бүгінгі бүкіл тіршілік-болмысың Мағжанның:
Ұзын Орал – Күн мен Түн шекарасы,
Өлім-түн, өмір-гүлді Күн даласы,
Өмірменен өлімнің шекарасын,
Ұйықтап озбақ ежелден жер баласы.
Екі дүние – Күн мен Түн, Өмір – Өлім,
Бірі – бесік, біреуі – даяр көрің.
Бала болып жата бер бесігіңде,
Сарыарқаның еркесі, қазақ елім! – деген екі шумақ өлеңіне тұрмайды ғой.

 

Содом мен Гоморра

Дүние жүзінде жыл сайын бірнеше ұлыс­тар құрып кетіп жатады. Тәңірі тура Інжілдегі күнәһарлар мекені Содом мен Гоморра сынды бір-ақ күнде жоқ қылады. Неге? Ел бола алмағанынан құриды! Бір-бірін етектен тартқан алты бақан алауыздығынан, ит мініп, ирек қамшылаған пенделігінен, өзінде барымен көзге ұрып, өзгеден артылмақ пиғылынан, единица болмаса, нөлдің түкке тұрмайтындығын түсінбегендіктен құрып жатыр олар!

 

«Өзім ғана білетін…»

«Өзім ғана білетін, өзге ешкімге айтып, жеткізе алмайтын құпиям – Борис Пастернак!» (Андрей Вознесенский).
Менде де сондай бір құпия бар, – Қасым мен Дәуітәлі!

 

Армян радиосы

«Ең қиын тiл – қай тiл?» – деген сұраққа Армян радиосы былай деп жауап берiптi:
– Қазақ тiлi. Бұл тiлдiң қиындығы соншалық, өзгенi былай қойғанда, қазақтардың өздерiнiң 50 пайызы бұл тiлдi әлi күнге үйрене алмай жүр…(ФБ).

 

Мұқағалидың бір лебізі

«Мен өлеңде жылмиған еуропалық емеспін, – басқамын. Менің қай жерімді тырнап қалсаң да, қазақтың қаны шығады, менің дүниемнің қай шетін ашып қалсаң да, қазақтың дүниесін көресің. Мен кейде өз бойымнан бақсының жыны секілді адуынды, дүлей күшті көрем. Бұл қазақтың рухының күші». (М. Мақатаев).

Сұлтанмахмұттың бір өлеңі

Таяуда Мұхтар Мағауиннің «Нала» деген әңгімесін оқып шығып, шерлі ойда қалдым.
« – Шоқпыттың Махмұты… Білетін шығарсың, әкесінің аты Шоқпыт қой…
– Әубәкір… – дедім мен.
– Ол енді, солай. Шоқпыт деп атап кеткен ғой, шоқпыт-шоқпыт болып жүрген соң. «Жаманнан жақсы туады, адам айтса, нанғысыз» деген осы да…
– Сұлтанмахмұттың аталары ешқашан да жаман болған жоқ! – дедім мен шамданып. – Бесінші атасы – Алашқа үлгі айтқан Едіге би. Одан туған – Орта жүзге аты шыққан Шоң мен Торайғыр. Өз әкесі Әубәкір – кісілігі мол, көкірегі ашық адам болған. Кім баласының атын Сұлтан-Махмұт қойыпты ол заманда. Рас, кедей болған, – дедім. – Бірақ бұл басқа әңгіме.
– Е, шырағым, өзің де біледі екенсің, – деді қартаң әйел көзі жарқ етіп. – Онда біздің аталарымызды да біліп тұрсың. Біз – Шорманның Мұсасы… Одан Садуақас мырза – менің үлкен әкем. Оның бәрі бекер сөз, қазір айтып жүр дейді ғой. Мұса мырза Кенесары ханға қарсы болды деп.. қарсы болмаған, жақтаған, қасында жүрген… Ой, Алла-ай, осы сіздің жорналда біреу жазыпты дейді, жан салып жүріп, патшаның тыңшысы болған деп. Тіпті де олай емес. Ал, әлгі өлеңдегі бар ғой, «Шорманның Мұстафасы атымды алып…» деген, содан жаяу қалдым деген, бұл да бекер сөз, кейінгілер қосқан. Өзінің малы жетпеп пе, кедейдің жауыр торысын қайтеді. Әйтеуір қаралай берген ғой… Мен дау қуып келгем жоқ, шырағым – деді, қарсы уәж айта ма дегендей, сәл-пәл асығыс. Еңсесін тіктеп, тура қарады. – Мын мына… Шоқпыттың … Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тоқсан… жүз жылдық тойы болады дегенге қуанып… Мен көзім ашық адаммын, осындай тойлардың кезінде талай аруақ қайта көтеріліп жатыр. Ал, енді шырағым үкімет пен партия… мына егемен еліміз жүктеген міндеттерің бар емес пе?! Торайғыров Сұлтанмахмұтовқа қамқор аға болған, оның оқуына жәрдем берген, ақылын айтып, оң жолға салып отырған менің атам қашанға дейін елеусіз қала береді?
– Қай атаңыз? – дедім мен. – Қайсысы қамқор болып, оқытып, жәрдем беріп еді?
– Ойбуу, шырағым-ай, ол кезде Шорман атамыз да, Мұса атамыз да өтіп кеткен. Садуақас қой, Мұсаның Садуақасы, Шорманов… Орыстың тілін, ғылымын әуелден жетік білген. Оның үстіне, ақын болған ғой. Байлық, билік өз алдына. Шорман әулетінің мырзалығы қазақта жоқ. Орыстың үлкен ұлықтары келіп жатады. Оқымыстылары алдымен іздеп табады. Қаншама сый-сияпат алып кетеді. Сұлтанмахмұт та өз үйіндей көрген. Жайраңдап келіп, күліп қайтқан…
– Иә… – дедім мен бір түрлі тіксініп, – Барған. Бір рет. Бір-ақ рет.
– Бір рет?.. – дедім қартаң алдымда отырған Шорман әулетіне – Сұлтанмахмұт барған бір рет, атаңыздың алдына. Тарығып келгенін біле тұра, іс жолында жүргенін біле тұра, тышқақ лақ атамаған. Тым құрыса, бір тай берсе, бір қыстың азығы еді. Бермеген. Аштан қатырған, аурудан өлтірген. Сіздің атаңыз. Алаштың ұлы ақынын. Биыл 100 жылдығын бүкіл Қазақ республикасы тойлағалы жатқан Сұлтанмахмұты!
Сірә, өзі де тұрмыстың талқысында жүрген, өзі де кедей, дәл осы ретте ешқандай жазығы жоқ бейшара әйел бұғып, жасып қалды. Бірақ мен тоқтай алмадым.
– Бермегені! – сараңдық емес, -дедім. – Қысас. Қасақана қорлау. Сенің атаң – ақ патшаға қарсылығы үшін айдауға кеткен, менің атам – патша ағзамға адалдығы үшін марапатқа жеткен. Сен кімнің тұқымысың, мен кімнің тұқымымын – сен кім, мен кім демек. Ұқтыңыз ба? Ал, содан бері қанша уақыт өтті. Кім-кім болып шықты? Сұлтанмахмұттың артында қалған қазына – міне, 100 жылдығына жетті. Шорманның қазынасы қайда? Сұлтанмахмұтқа бермей қалған тайын өзі мініп кетті ме?!» (М.Мағауин. Шығармалар жинағы. 12 т. 173-174 бет) .
Сұлтанмахмұт «Бір адамға» деген өлеңін осы сапарында жазған. Бір адамға ғана емес – кеудесіне нан піскен, көкірегінде сәуле жоқ бірнеше шонжарға арналған айыптау актісі. Жер қайыстырып, мыңды айдаған, орыстың тілін тауып, патшаға жаққан Мұстафаның Садуақасынан түк те қалған жоқ. Сұлтанмахмұттың өлеңі қалды. «Отырдым көрсем жекіп тастар ма деп, Шал айтты: «Көріңіздер, жасқанба!» – деп. Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп?!»…
Осындай нақақ көз жасына толы кеселер қазір, тіпті, қаптап барады.
Кейінгі кезде сол Сұлтанмахмұтқа қайыр жасамаған қатыгез типтерді Құнанбай, Шабанбай, Жаңғұтты, Жанкісі билермен қатар атап, қадірлеу үрдіс алып барады. Ақылға сыймайтын алдамшы, қарекет. Құнанбай Тобықты, Найман, Қаракесекті уысында ұстаған аға сұлтан, Меккеге тәкия салған қажы ғана емес, ең әуелі, Алаштың ардағы ұлы Абайдың әкесі. Оның кіндігінен Абайдан басқа, ұлтына өнеге болған тағы қанша бекзат ұл тараған. Абайдың ақын балаларын айтпағанда, інісі Шәкәріммен теңесер кім бар еді?
Құнанбай аға сұлтан болғанымен, ақ патшаға орыс отаршылдарына иіліп төсек, жатып жастық болған жоқ. Қазағына қызмет етті. Әйтпесе, Абай: «Мұқым қазақ баласы, Түгел ақыл сұрапты» демейді ғой. Құнанбай Абылай мен Тәуке ханның заманында туса, «Жеті жарғыны» шығарушылардың бірі, Қасым ханның кезінде дүниеге келсе «Қасқа жолды» ұстайтын қайраткерлердің бірі һәм бірегейі болар еді. Бірақ оның заманы басқа болды. Қазақтың орысқа кіріптар кезінде ғұмыр кешіп, патшаға жағынған жоқ. «Ұлтқа қожалық жасауға болмайды. Ұлтқа тек қызмет етуге ғана болады. Ұлтқа қызмет жасай білген жан ғана оның қожасына айналады» (Ата Түрік). Керемет сөз. Алашын сүйген қазақ қана Абайға айналады. Туған топырақ, үрім-бұтақ, ұлттық намыс үшін қара басын қатерге тіккен бекзат қана Кенесарысының даңқына жетеді. Құнанбайша қарадан шығып, хан болады.
Ақ патшадан шаңырағы шайқалмай, ұлттық қадір-қасиетінен көз жазбай, көңілінде кешегі сақ, ғұндардың саф алтындай сара болмысын сақтаған қазақты қазан төңкерісінен кейін қара басты. Ұлтшыл деген сөзден зәреміз ұшатын болды. Сол сөзден әлі үрейленіп келеміз. «Ұлтжанды» деген дүбәрә тіркес тауып алдық. «Қатынжанды» дегендей…
…Бізге не көрінді…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.
(Басы өткен №86 номерде)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.