Руханият

Қонаевтан бата алған

1986 жылдың желтоқсан айының соңында Бұқар жырау ауданындағы Үлгі сегіз жылдық мектебінің директоры болып жүрген жерімнен облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне тілші болып жұмысқа қабылдандым. Сол-ақ екен Қарағандының Совет аудандық әскери комиссариатынан екі күннің бірінде әскерге шақырту келіп қоймай қойды. Өйткені, сол кездегі КСРО-ның «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік туралы» Заңы бойынша ауыл-селода еңбек ететін педагогтер 27 жасқа дейін армияға алынудан босатылатын. Ал қалаға келісімен мен ол жеңілдікке ілінбейтін болдым.

Сөйтіп, 1987 жылдың 8 сәуірінде 26 жарым жасымда 18 жастағы бозбалалармен бірге әскерге аттанып кеттім. Қарағанды облысынан армия қатарына алынған бізді «Қарағанды-Харьков» бағытындағы пойызға мінгізіп, үш күн жүріп Украинаның Николаев қаласына апарды.

Таңертеңгілік сапқа тұрғызып, түгендеді. Біз түскен әскери бөлім артиллерияның оқу полкі екен. Осыдан кейін маған бір сержант полк командирінің мені шақырып жатқанын айтты. Оның кабинетіне амандасып кіргенімде, ұзын бойлы, еңгезердей, қырықтың бел ортасындағы полковник орыс жігіті қарсы алды.

Жөн сұрасып болған соң, полковник Николай Купцов маған төтесінен:

– Қонаевқа қалай қарайсың? – деп сұрақ қойды.

– Қонаевты қатты құрметтеймін. Ол Қазақстанды 20 жылдан аса басқарған уақытта еліміз өсіп, өркендеді. Қазір оның атына айтылып жатқан ғайбаттарға қосыл­маймын, – дедім аспай-саспай.

– Рақмет! – деді полковник орнынан атып тұрып, қолымды қысып, – мен де солай ойлаймын. Өйткені мен де жерлесіңмін, алматылықпын. Бала күнімде маған Димаш Ахметовичтің өзі бата берген, енді оның қалай болғанын тыңда.

Мен селт ете қалдым. Айтуына қарағанда, Николай Павлович Алматы қаласында туып-өсіп, белгілі жазушы Ғабиден Мұстафиннің ұлы Қайратпен бір мектепте, бір сыныпта оқыпты. Бұлардың 4-сыныпта оқитын кезі көрінеді. Қайраттың әкесі Ғабекең Қонаевтың үй ішімен жақсы аралас-құралас болғандықтан ол да сонда бірге барып, анда-санда қалтасы мен сөмкесін елге таңсық тәтті-дәмдіге толтырып алып, «Қонаевтың өзі берді» деп мақтанып, балаларға үлестіреді екен. Бір күні Коля балалық әуестікпен Қайрат досынан Димекеңнің үйіне ертіп апаруын өтінеді. Ол бірден келісіп, бір демалыс күнінде екеуі сол үйге барады ғой. Дінмұхамед Ахметұлы мен жұбайы Зухра Шәріпқызы бұларды үлкен қонақ келгендей қарсы алып, төрге отырғызып, дастарқан жаяды. Ал, оның үстінде не жоқ дейсіз. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Сан алуан жеміс-жидек, қымбат кәмпит, печеньелер, сусындар мен шырындар. Екеуі әбден тойып-ішіп, орнынан тұрғанда, қойын-қоныштарын тағы да сықап береді. Қоштасып, шығып бара жатқанда, Димекең мұны тоқтатып:

– Коля, сен өскенде кім боласың? – деп сұрайды.

– Солдат боламын, – дейді бұл да тақ етіп.

– Жоқ, Коля, сен солдат болма, генерал бол! Өйткені орыстың ұлы қолбасшысы Суворовтың өзі «Генерал болуды армандамаған солдат, солдат емес» деген, – деп Коляның басынан сипапты.

Осыны айтып болған Купцов әңгімесін әрі қарай жалғады:

– Міне, көрдің бе, Димаш Ахметұлының сондағы батасы қабыл болып, енді бір аптадан кейін генерал-майор шенін аламын. Сондықтан мен осы бір адамды әулие көріп, пір тұтамын. Саған істеген бір жақсылығым болсын, жерлес. Бұл оқу полкінде өзіңе қиын болады. Ертең Молдавиядан жаңа келгендерден жауынгерлерді іріктеп алуға тағы бір жерлесің, кентаулық майор Вячеслав Колодеев келеді. Екеуіміз әскери қызметті Үшаралда бірге бастағанбыз. Қазір ол сондағы бір әскери бөлімде штаб бастығы болып істейді. Сені соған тапсырып, қосып жіберемін, – деп сөзін аяқтады.

Айтқандай-ақ, Николай Павлович уәдесінде тұрды. Дәл ертеңгі күні мен Колодеевке ілесіп, Молдавияға жол тарттым, содан қайтып Купцовты кезіктірмедім.

Ержан ИМАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button