Приозерск қаласында баспананы көптен күткен тұрғындарды қуантқан салтанатты іс-шаралар легі жалғасын тапты. Тәуелсіздік күні қарсаңында шағын шаһардың 12 тұрғынына жаңа пәтер кілті табысталды. Жаңа қоныстанушылар арасында халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, оның ішінде, көпбалалы және толық емес отбасылар бар.
Қала әкімі Мансұр Ахметов салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстап, жаңа қоныс иелерін құттықтады. Президент Жолдауын іске асыру барысында тұрғындар баспаналы болуда.
Көпбалалы ана Үмітхан Байденова отбасымен бірге жаңа пәтерге көшуге дайын екендігін және қолдау білдірген Приозерск қаласының басшыларына алғысын жеткізді.
– Біздің отбасымызда сегіз адам бар: мен, күйеуім, бес балам және келінім. Біз осыған дейін үнемі баспана жалдап келдік. Әлі де сене алмай жүрміз. Осындай көмек үшін мемлекетке рахмет! Пәтер жарық және кең, – дейді Үмітхан Байденова.
Айта кетейік, тапсырылған жаңа екі қабатты үйде кең 2 және 3 бөлмелі пәтерлер бар. Аумақта балалар алаңы орнатылған. Асфальт төсеу жоспарлануда. Тұрғын үй жалға берілді. Осы жылдың басынан бастап, Приозерск қаласында кезек тәртібімен 31 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Қала тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар әлі де жалғасады.
Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz