Қолдау қанат бітіреді
Қарағанды жастарын не алаңдатады? Олардың қоғамдағы орны қандай? Талап-тілектері ескеріліп жүр ме? Сауалдарға жауап беріп, жылды қорытындылайтын «ŪSTANYM’23» форумы аймақтағы 800-ге жуық жастың басын қосты. Олар мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласындағы тәжірибемен бөлісті. Әлеуметтік салада үздік жобалар ұсынған жастар облыс әкімінің грантына ие болды.
Пікір алмасу алаңдарында танымдық дәрістермен қатар жастарды марапаттау рәсімі өтті. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, өз кәсібін дөңгелеткен жастарға екі миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табыстады.
– Облыста жастарды қолдауға және олардың өз мақсаттарын жүзеге асыруына ерекше көңіл бөлінеді. Қоғамға пайда әкелетін әлеуетті жобаларға бөлінген гранттар – белсенді жастарды қанаттандырады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкім марапатына ие болған Анар Ғаниқызының жобасы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзия орталығына бағытталған.
– Балама аутизм диагнозы қойылды. Сондықтан, осы саланы тереңірек зерттей бастадым. Инклюзия орталығын дамытуға берілген 2 млн. теңге көп көмек. Бүгіннен бастап, керекті құрал-жабдықтарды алуды бастаймыз. Қазіргі таңда кабинет ашылды, дефектолог, логопед секілді мамандар дайын. Негізгі мамандығым бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, балалармен жұмыс істеуді білемін, – дейді Анар Ғаниқызы.
Сондай-ақ, Қарағандыдағы көпқабатты үйлерге қабырға суреттерін көркемдік кескіндеме арқылы салып жүрген Айдар Мұңайтпасов та әкімнің грантына ие болды.
– Жүлдегер ретінде марапатталғаныма қуаныштымын. Біз муралдармен 3 жылдан бері айналысып келеміз. Осы уақыт аралығында Қазақстанның барлық қаласында 40-қа жуық кескіндеме салдық. Ең әдемі мурал – Астана қаласындағы «Абылай хан» бейнесі. Грант қаржысына суретті жобалайтын проектор алу жоспарлануда, – дейді Айдар Мұңайтпасов.
Форумда ұстанымына берік жастардың жарқын жабаларына құлақ түрген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын сөз алып, қарағандылық белсенділерге алғыс білдірді. Аймақтағы өзекті мәселелерді алға тартып, баспана мәселесіндегі түйткілді тақырыптардың шешімін табатынын айтты.
– Мемлекеттің шағын моделі – жастар. Қоғамда жастар арасында қордаланған мәселелер аз емес. Өкінішке қарай, облыста ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны жағынан көрсеткіш жоғары. Сондай-ақ, үй кезегінде тұрған 6000-ға жуық жетім бала бар. Сондықтан, жастар тарапынан көтерілген әлеуметтік тақырыптардың маңызы зор.
Әрбір азаматтың бойында жат әрекеттерге қарсы тұратын «иммунитет» болуы керек. Әрбір жастың әлеуметтік мәселеге, дінге келгенде сараптай алатын белгілі ұстанымы болғаны жөн. Форумдағы әр азамат болашақ отбасының тірегі ретінде алдымен өзін тәрбиелеуі тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.
Форумда жастар түрлі бағыттардағы форсайт-сессияларда мемлекеттік жастар саясаты саласын институционалдық дамыту және креативті индустрия мен кәсіпкерлік бағытты дамытудағы рөлі мен үлесіне тоқталды. Кәсіпкерлік, қаржыны сақтау жайында сөз алған Finmentor.kz білім беру жобасының негізін қалаушы Арман Батаев қаржы жинауға қатысты ойларымен бөлісті.
– Жастар қаржыны жинап үйренуі керек. Қаржыны жинау арқылы көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. Қор нарығына инвестиция салу көлік жүргізумен бірдей. Сіз көлік жүргізуді білетін болсаңыз, бұл оңай. Бірақ теорияны үйрену үшін бірнеше ай қажет, көліктегі педальдар мен айналарға үйрену үшін бір ай және қалалық жолдардағы нұсқаушымен тағы бір ай тәжірибе қажет. Қор нарықтарына дұрыс инвестициялауды үйрену үшін сізге 3-4 ай керек. Негізгі принциптерді білу дұрыс инвестициялық шешімдерді қабылдау әдістемесін жасауға көмектеседі. Сіз бұл әдістемені болашақта қолданасыз. Оны неғұрлым көп пайдалансаңыз, ерте ме, кеш пе, ол автоматты түрде іске қосылғанша оны іс жүзінде қолдану оңайырақ болады. Бастау әрқашан қиын және күрделі, бірақ өміріңізде бір рет болсын, осы жолмен өту керек. Қаржыны жинау болашаққа байсалды қарауға, қажет болған жағдайда оны басқаруға және реттеуге мүмкіндік береді, – деді Арман Батаев.
Сондай-ақ, жастар жергілікті және жаһандық трендтердің әсері жайлы өзара пікірталасты. Жастар ресурстық орталықтарының трендтерге атсалысуы жайлы әңгіме өрбітіп, жұмыстарына тоқталды.
Айта кеткен жөн, жастар саясатының бағыттарына басымдық беруде жастар ресурстық орталықтары белсенді қызмет жасайды. Бүгінгі таңда облыста 13 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Тікелей облыста тұратын 309 мың 285 жасқа орталықтарындағы 165 маман қызмет көрсетеді.
– Қарағанды жастар істері комитеті қызметкерлерінің жалақысын арттырған алғашқы аймақ. Сондай-ақ, қазір аймақта екі ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді. Облыс жастары жаңаша бастамаларда, волонтерлік істерге үлес қосуда, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Мансия Мұхтарқызы.
Форумда аймақ өмірінен тыс қалмай жүрген жастар Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында Қарағанды университеті философия және психология факультетінің магистранты Асылан Смағұлов бар. Волонтерлік қызметпен айналысатын ол қоғамдағы жастар мәселесі жайлы жиі сөз қозғап, халықтың түрлі тобы мен әлеуметтік салалар туралы талқылау жүргізіп тұрады.
– Әлеуметтік желіде өз тәжірибеммен бөлісіп, жастар саясаты хақында азаматтық ұстанымымды білдіремін. Көп уақытымды өзім ашқан «Жастар дауысы» қоғамдық қорына арнаймын. Марапат – мақсат емес, қоғамдық жұмыстардың нәтижесі. Соған қарап, еңбек етуге деген құлшынысым артады, – дейді Асылан Смағұлов.
Форумның жабылу салтанатында университеттің өнерпаз жастары өнер көрсетті. Өңірдің жас кәсіпкерлері іске асырған, бизнес-шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кештің хедлайнері Дастан Оразбековтің жанды дауыста салған әндерін жастар қосыла шырқады.
Форумға Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, республикалық жастар ұйымдарының жетекшілері, облыстың барлық қала мен ауданның белсенді жастарынан құралған делегациялар қатысты.
Аяулым СОВЕТ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz