«Қолғанаттың» қолтаңбасы
Отандық өнімге жол ашылғалы, «Қазақстанда жасалған» деген түрлі заттар дүкендерді толтыруда. Саудасы да жүріп тұр. Осындай игілікті істі қолға алған «Қолғанат-Қарағанды» кәсіпорнына қарасты тігін фабрикасында жақында оқыту-тәжірибелік орталық ашылады. Осы арқылы тігіншілердің санын арттырмақ. Өйткені, 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында бұл мекеме ірі 10 компаниямен келісімге отырды. Қарағанды қаласына арнайы сапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ компания жұмысына оң баға берген болатын. Нарықта өз қолтаңбасы бар «Қолғанат-Қарағанды» ЖШС-ға қарасты тігін фабрикасына барып, жұмысымен танысып қайтқан едік…
Бастапқыда «Қолғанат – 2015» қоғамдық бірлестігі болып құрылып, кейіннен мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда өз орындарын тауып, тұрақты жұмыс жасауы үшін «Қолғанат-Қарағанды» атымен қайта құрылды. Кәсіпорын арнайы киім тігу, жиһаз өндірісі және респираторлық құралдар шығару бағыттарында жұмыс атқарады. Осылай, ісін екі тігін машинасымен бастаған шағын шеберхана қазіргі кезде ірі, заманауи, бәсекеге қабілетті, әрі табысты кәсіпорынға айналды. Бүгінгі таңда кәсіпорын «Maker» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «ВОСТОКЦВЕТМЕТ» ЖШС, «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен серіктестік орнатқан. Сондай-ақ, «Қазақстан Темір жолы» ҰК АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС» ЖШС қызметкерлеріне де арнайы киімдер тігіп береді.
– «Қолғанат-Қарағанды» компаниясы 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Негізгі үш бағыттағы, атап өтер болсақ, арнайы киімдер тігумен, өз цехымызда жиһаз шығарумен айналысамыз. Облыс әкімдігінің бастамасымен 10 компаниямен меморандумға қол қойылды. Бұл келісімнің басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмыс орындарын ашу. Тігінші қатарын толықтыру мақсатында оқыту орталығын ашпақпыз. Аталмыш жобаны пысықтап, әкімдікке ұсындық. Меморандумға қол қойған 10 компанияның төртеуі әлеуметтік бағыттағы кәсіпорындар. Бізге жұмысқа жұмыспен қамту орталығынан да, сонымен қатар, жарнама арқылы да келіп жатыр. Арнайы колледжерді бітірген түлектер де тігінші қатарын толықтыруда, – дейді «Қолғанат-Қарағанды» ЖШС директорының орынбасары Ақнұр Қаршагинова.
Бүгінгі күні кәсіпорынның тігін фабрикасында 45 адам тігінші болып еңбек етеді. Оның 25-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Олар арнайы киім, респиратор және де басқа өнімдер шығарады.
Айта кету керек, кәсіпорында мүмкіндігі шектеулі, зейнеткерлік жас алдындағы адамдарға, жалғызбасты аналарға және халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа да өкілдеріне жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.
– Біздің арнайы киімдеріміз өнеркәсіптік және металлургиялық кәсіпорындар арасында сұранысқа ие. Біздің тұрақты серіктестеріміз бар. Біз ынтымақтастыққа дайынбыз және ұсыныстарға ашықпыз. Өкінішке орай, бізде тапсырыстардың болмауына байланысты жұмыс кейде тоқтап қалады. Қызметкерлер бұған түсіністікпен қарайды. Егер тапсырыс көбейсе, біз көп адамдарды, соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыра алар едік, – деп атап өтті «Қолғанат-Қарағанды» ЖШС директорының орынбасары Асхат Жұмағұлов.
Ал, 2021 жылы компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі облыстық «Парыз» байқауында жеңіске жетті. Биылдан бастап, ол әлеуметтік-кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне енді.
Кәсіпорында өз қызметкерлерін
Айта кету керек, кәсіпорында мүмкіндігі шектеулі, зейнеткерлік жас алдындағы адамдарға, жалғызбасты аналарға және халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа да өкілдеріне жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.
ұдайы көтермелеп отырады. «Қолғанат-Қарағанды» ЖШС жақында 7 жылдығын атап өткенде кәсіпорынның іргетасын қалаған қызметкерлері марапатталғанын айта кету керек.
Бар болғаны 2 тігін машинасымен жұмыс бастаған кәсіпорынның болашағы жарқын. Өйткені, олар: «Қолдан келгенше жәрдем беру, біреудің қажетін ашу да – жақсылық» дейді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.