Жаңалықтар

Облыстық байқау – ойдағыдай

       5445425Жылдағы дәстүрге айналған «Абай оқулары» биыл сәл өзгеше сипатта өтті. Әйтеуір бір серпіліс бар. Облыстың түпкір-түпкірінен келген 21 қатысушының әрқайсы – өз ауданы немесе қаласының жеңімпаздары болғасын ба, бірінен-бірі өтеді. Өлең мен қара сөздің майын тамызып мәнерлеуші олар Қарағандыдағы «Достық» үйінде республикалық байқау үшін бақтарын сынады. Ұйымдастырушы – Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы.

Әлбетте, «Абай оқуларының» парқы мен даңқы, салты мен нарқы бөлек. Аталған байқау былтыр тек қана Абай шығармашылығы бойынша өзге ұлттар арасында болса, биылғысында қазақ, орыс деп алалау жоқ. 17 мен 29 жас аралығындағы талапкерлер қатысты және тек Абай шығармаларын ғана оқу шарт емес. Абаймен қатар, Мағжан, Жүсіпбек, Бейімбет, Мұқағали, Оралхан, Шаханаов сынды қазақ әдебиеті алыптарының кез келгенінің шығармаларын оқуына рұқсат. Яғни, мұнда көркем шығарманы шебер оқу – басты талап. Әрине, «Абай оқулары» болған соң, үміткерлердің көбі Хакім шығармаларына ден қойыпты. Арасында басқа да әдебиет алыптарының шығармаларын шебер оқығандары жетерлік. Мәселен, байқау басталысымен бірінші кезең – проза оқудан Балқаш қаласынан келген Жансая Амангелсін Бейімбеттің «Арыстанбайдың Мұқышы» шығармасын майын тамызып әңгімеледі. Поэзия кезеңінде Фариза Оңғарсынованың «Жетімхана» жырын да жаман оқымады бұл бала. Оралхан Бөкейдің «Жылымығын» қарағандылық қатысушы Гәкку Медеубаева қалай сәтті алып шықты! Осындай көркем сөзді шебер оқушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасының да осалы жоқ. Төрағасы – филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхаметқали Әбдуов. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, қаламгер Ерсін Мұсабеков пен Қарағанды экономи­калық университетінің қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы, магистр Шолпан Сағынтайқызы төрелік етті. Байқау шартынша қазылар алқасы қатысушылардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дұрыс дыбысталуына, мәтінді таңдау талғамына және сахна мәдениетіне баса мән берді.

Қазылар алқасының мүшесі Ерсін Мұсабековтің айтуынша, «биылғы қатысушылардың белсенділігі өте жоғары. Бұрынғы байқаулардан артықшылығы – биыл аудандардан тіл, әдебиет мамандары ғана емес, мемлекеттік қызмет атқарушылардың қатысып отыр­ғандығы. Бір әттеген-айы, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Ақтоғай, Ұлытау аудандарынан үміткерлердің жоғы», – дейді.

Сонымен, қазылар алқасының шешіміне сәйкес, Әсем Асқарова (Бұқар жырау ауданы),

Жансая Амангелсін (Балқаш қаласы), Гәкку Медеубаева (Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктен) ІІІ орыннан көрінсе, Айсұлу Нұртай (Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ) мен Ләззат Ботаева (Қарағанды экономикалық университеті) ІІ орын, ал, Еламан Әмірғазы (Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) І орынды иеленді. Приозерск қаласынан қатысушы Гүлжайна Тұрдыбаева, Саран қаласынан Әлия Мәуленова, Сәтбаев қаласынан Жандос Сатыбалды ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Бұлардың бәріне Абай шығармаларының жинағы мен дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен Абай шығармаларының жинағы сыйға тартылды. Бұйыртса, осы жолы қатарынан қара үзген жеңімпаз Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауында Қарағанды аймағының намысын қорғайтын болады.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button