Оң өзгерістерге толы жылдар
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық аренада танымал елге айналды. Осы уақыт аралығында мемлекетпен бірге мәжбүрлеп орындау органдарының жүйесі оң өзгерістерге бет бұрып, даму жолына түсті. Бүгінде сот актілерін орындау көрсеткіші мемлекеттегі сот төрелігі тиімділігін көрсететін құқықтық тәжірибенің маңызды бір бөлігіне айналды.
Өткенге шегінісі жасасақ, Қазақстанның атқарушылық іс жүргізу органдарындағы дамуды бірнеше кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең кеңестік 1917-1973 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезең орталықтандырылған мемлекеттік органдардың мәжбүрлеп орындатуының болмауымен және сот орындаушыларының соттарға бағынуымен сипатталады. Екінші кезең – 1973-1993 жылдар аралығы – сот орындаушыларын әділет органдарына мәжбүрлеп бағындыру органдарын құру кезеңі.
Үшінші кезең – 1993-2000 жылдар – құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы ережелерінің жариялануымен және іске асырылуымен сипатталатын Тәуелсіз Қазақстанда атқарушылық іс жүргізудің қалыптасу кезеңі. Бұл кезең ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының қабылдануымен есте қалса, төртінші кезең – 2000 жылдан 2010 жылға дейін тәуелсіз сот билігін күшейту және соттардың бақылауындағы мәжбүрлеп орындату органдарын қалыптастыру жүзеге асты. Ал, бесінші кезең – 2010 жылдан бастап жаңа ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңын қабылдау және әділет органдарының бақылауындағы мемлекеттік және жеке орындаудың аралас жүйесін қалыптастыру кезеңі ретінде таңылды. Бүгінде Қазақстан атқарушылық іс жүргізу органдары жүйесінде реформаларды белсенді түрде жүргізуде. Ал, кеңестік даму кезеңінде және Тәуелсіздік алғаннан кейінгі бастапқы кезеңде атқарушылық іс жүргізу органдары сот органдарының құрамында, ал, атқарушы билік органдарының жүйесінде кезең-кезеңімен, мемлекеттік органдар жүйесінде өз орнын іздеуде болды. 1998 жылғы 30 маусымда «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның қабылдануымен, сот орындаушыларының қызметі атқарушы билік органдарының, атап айтқанда әділет органдарының қарауына өтті. «Сот әкімшілігінің жаңа жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы №471 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет туралы ереже бекітілді. Соған сәйкес, Комитет атқарушылық құжаттардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ететін уәкілетті орган болып тағайындалды.
2010 жылы сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру функциялары әділет органына берілді. Сол жылы қабылданған ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңы Қазақстанда жеке сот орындаушыларының қызметі мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар жүзеге асырылатын атқарушылық іс жүргізу жүйесінің ерекше моделін құруға мүмкіндік берді. Қазақстанда жеке сот орындаушыларының институтын енгізу идеясын Мемлекет басшысы 2005 жылы республика судьяларының 4-съезінде айтқан болатын.
Сот актілерін орындаудың мұндай аралас моделі шетелдерде бұрыннан бар. Мысалы, Канадада, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігін айтуға болады. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін Әділет министрлігі бірінші кезекте жеке орындау институтының тиісті нормативтік базасын әзірлеп, қабылдады. Атап айтқанда, жиырмадан астам заңға тәуелді актілер, әдістемелік және нұсқаулық құжаттар қабылданды. Жеке сот орындаушыларын лицензиялау және конкурстық іріктеу жүйесі жолға қойылды. 2011 жылғы тамызда жеке сот орындаушылары лауазымына орналасуға алғашқы конкурс өткізілді. 2011 жылғы тамызқыркүйекте өңірлерде жеке сот орындаушыларының алғашқы өңірлік алқалары, сонымен қатар, сол жылы қарашада Республикалық алқа құрылды. Жеке орындау жүйесі қазіргі таңда тиімділігін танытып отыр. Мұнда сот және өзге де актілердің орындалу сапасын арттыру, өндіріп алушылар тарапынан сот актілерінің орындалмауына шағымдарды төмендету, орындау мерзімдерін төмендету және жеделдігін жақсарту, сот және өзге де актілердің орындалуын қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік шығындарды (бюджетті) қысқарту жұмыстары ойдағыдай жүзеге асуда.
Жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамытуды қамтамасыз етуді көздейтін «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 27-қадамы атқарушылық іс жүргізу саласын реформалаудың негізіне айналды. Атап айтқанда, жеке сот орындаушыларының қызметін үйлестіруді және олардың Қазақстан Республикасының Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасын сақтауын жүзеге асыратын ұйым ретінде жеке сот орындаушыларының Республикалық Палатасы құрылды. Оның бақылау функциялары кеңейтілді, жеке және заңды тұлғалардың пайдасына атқарушылық құжаттар жеке сот орындаушыларының айрықша құзыретіне берілді. 2016 жылғы сәуірден бастап, сот орындаушыларының қаулыларын электрондық санкциялау және соттардан атқарушылық құжаттарды электрондық форматта алу, борышкерлердің мүліктік жағдайы туралы автоматтандырылған мәліметтерді талап ету, борышкерлердің мүлкі мен ақшалай қаражатына автоматтандырылған тыйым салу жұмыстары іске қосылды.
Бүгінде, елімізде мемлекеттік және жеке сот орындаушылары қатар жұмыс істейді. Алайда, мемлекеттік сот орындаушылары қызметін кезең-кезеңімен қысқарту жалғасуда. Атқарушылық құжаттардың негізгі бөлігін жеке сот орындаушылары орындайды. Заңда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және жеке сот орындаушылары қызметінің заңдылығын қамтамасыз ету мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Заңнамада уәкілетті орган, сот, өңірлік палаталар, прокуратура және басқа да бақылау-фискальдық органдар тарапынан бақылаудың көп деңгейлі жүйесі бар. Бұл ретте, Әділет министрлігі республикалық палатамен бірлесіп, жеке сот орындаушылары институтын жетілдіру саясатын жалғастыруда. Көпжылдық тәжірибе бұл институттың маңыздылығын дәлелдеді. Бірақ, дәл осы тәжірибе оның кемшіліктерін, ең алдымен сот актілерін орындаудағы қиындықтарды анықтады. Бұл одан әрі реформалауды қажет етеді. Франция мен Нидерланды сияқты дамыған елдердегідей Қазақстанда да жеке сот орындаушылардың қызметіне толық көшу сот төрелігінің тиімділігі мен қоғамдағы құқықтық сананы арттыру үшін қолайлы ахуал туғызады. Тәуелсіздік алған сәттен бастап, 30 жыл ішінде атқарушылық іс жүргізу институты дамудың бірнеше сатысынан өтті. Және бұл даму үрдісі жалғасуда.
Мұрат ӘБІЛОВ, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.