Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Оқырман тартудың озық үлгісі

2007 жылдан бері республикалық «Бір ел – бір кітап» әдеби акциясын Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ҚР Кітапхана Қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырып келеді. Жыл сайын арнайы комиссия пікірі негізінде жаппай оқуға ұсынылатын отандық автордың бір кітабын таңдайды. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 кітап таңдалды. Облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында сол кітаптардың бейнетаныстырылымы өтті.

Аталған акцияның мақсаты – өткен кезеңдер мен қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті насихаттау, кітап оқуға кең көлемде оқырман тарту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және зияткерлік өзара пікір алмасуды дамыту, Қазақстан тарихына, мәдениетіне, дәстүрлері, тілі мен тұрмысына деген қызығушылықтарын арттыру.

Кітапханашылар оқырмандарды республикалық комиссия ұсынған шығармалармен ғана емес, сондайақ, әр жеке автордың шығармашылығын толық сипаттайтын таңдалған авторлардың басқа да шығармаларымен таныстыруға тырысып келеді.

Жыл басында кітапханада «Поэзия», «Проза», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» және «Аударма» сынды 5 бөлімнен тұратын «Бір ел – бір кітап» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Таңдалған 30 кітап осы 5 жанрға 6 кітаптан бөлінген.

Осыған орай, кітапханашылар оқырмандар үшін «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» атты бейнетұсаукесерді дайындап әлеуметтік желілерге орналастырды. Ғаламторға телмірген заманда қандай кітап оқуды білмей дал болған оқырманға бұл шараның берері мол екенін сөзсіз.

Мың жерден «Ел кітап оқымайды» десек те, кітап беретін рухани азықты интернеттен алып отырғанын да ескерген жөн. Осыны ойлап, біз таңдаулы отыз кітаптың бейнепрезентациясын кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырдық. Осылай, уақыт тапшы заманда оқырманның кітап таңдауына көмектесіп, кітапханаға шақырудамыз, – дейді кітапхана басшысы Баян Уатаева.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button