Руханият

Оқушыдан «робот» емес, тұлға шығуы тиіс

Орынтағы бос қалып, жылы орны бір суымаған білім жүйесінің «маңдайы» неткен кереқарыс? Дөң маңдайының «кеңдігі» шығар. Он-он бес жылда, осынша, тіпті, жиырмаға жуық министр «сыйып» кеткен-ді. Президенттің аузына Алла салып, Құдай айдап, Аймағамбетовтің баруы – «жан сақтауда» жатқан Білімнің «бетін» бері қаратты. Реформа өткізудің полигонына айналған сала «сауығып» келеді. Тура мағынасында. Ұдайы жүргізілген реформадан сау-тамтығы қалмаған жаралы сарбаздың күйін кешкен-тін. Есін жия бастады. Ел де ден қоюға көшті. Сөйтсек, «бақсақ, бақа екен» дегендей, қазіргі мектептердегі функционалдық сауаттылыққа бағытталған бағдарлама анау айтқандай тым «құбыжық» емес екен. Мұны реформадан реңі солғын тартқан білімнің тамыр соғысы тұрақталып, «жасанды демалу аппаратынан» ажырап, тынысы бір қалыпқа түскенде аңғардық. Ашық айтайық. Жаңа білім бағдарламасын жаңа «көрдік». Бұл бағдарлама – мектеп қабырғасында-ақ баланы талдау жасауға, өз ойын ашық білдіруге, көзқарасын қалыптастыруға тәрбиелеп отыр. Кеңес кезіндегідей жаттап алып, зуылдатып «бес» алған «робот» оқушы – ХХІ ғасырға қажет емес. Өйткені, бүгінгі қоғам көзқарастардың қайшылығымен, тоғысымен жаңалықтар ашады. Тың технологияларды дүниеге әкеледі. Себебі, эволюция соны талап етеді…

Жаңа оқу бағдарламасында оқушы небары екі, не үш бағамен қорытылады дегенде, талай атаананың талағы тарс айырылған. Ішінде өзіміз де бармыз. Күнделікті әр пәннен 3-4 баға арқалап жететініне үйренген соң үрікпей қайтейік? Әйтпесе, бала мектепте бос жүргендей көрінетін. Сол баяғы ескі түсінік кең ойлауға мұрша бермеген. Алғашқында жаңа сабақ барысында логикаға сүйенген, тосыннан қойылатын сұрақтарға әжептәуір әбіржіп қалғанбыз. Әбден жаттандыға үйренген бас. Жатырқап қарап. Жақтырмадық та. Бірақ, уақыт өте бала өткен тақырыбындағы мәселені талқылап, келісетін-келіспейтінін, пікірін ашық айта бастағанда бұл бағдарламапақырға ішіміз жылып қоя берген. Байбаламның бекер екенін сездік. Бізге, қоғамға не жетпейтінін түсіндік. Жаңаша ойлау, иегіміздің астынан әрірек көз салу кемшін екен. Білім жүйесіндегі функционалдық сауаттылық осы «ақтаңдақтардың» орнын толтыруға тырысады.

Жалпы, өзі жұрт жақтыра бермейтін «функционалдық сауаттылық» деген не?

«Функционалдық сауаттылық» алғаш рет өткен ғасырдың 70-ші жылдары ЮНЕСКО құжаттарында көрініс тауыпты. Яғни, функционалдық сауаттылық – әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласу, яғни, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесу. Үнемі білімін жетілдіру. Дамыған азамат қалыптастыру, оның кез келген ортаға жылдам бейімделуі» дейді ұстаздар қауымы ашық ресурстарда.

Ұстаздардың мұнысымен келіспеуге әсте болмайды. Шынтуайтында, бағдарлама оқушыдан қоғамның толыққанды мүшесін дайындауда. Бүгінге керегі де – сол.

Негізі, адамның сауаттылық деңгейінің төмендеуі оларға дұрыс білім беріп, тиянақты оқытпаудан, оқырман болуға үйретпеуден болған дейді зерттеушілер. Жалпы, бұл функционалдық сауаттылық – оқырмандық, математикалық, жаратылыстану-ғылыми, қаржылық сауаттылықты қамтиды.

Баяғы оқу дәстүрі қандай еді? Оқығаны ғана айтылады. Одан әрі даму жоқ.

Мысалы, қазақ әдебиетін ала­йық. Әдебиетте көркем шығарма беріледі. Оны оқып аламыз. Содан соң тақтаның алдында таңдайымыз тақылдап, мазмұнын айтып шығамыз. Бітті! «Бес» қалтада. Біздің буын соған үйренген. Бізге дейінгілер де, кейінгілер де. Ал, қазіргі ХХІ ғасырдағы Қазақстанның оқуы мүлдем басқа. Бала көркем шығарманы оқиды. Ондағы кейіпкердің пікірін, мінез-құлқын, әрекетін талдайды. Келісетін, келіспейтіндігін, өзінің сондай жағдайда қандай әрекет ететіні туралы ойын білдіреді. Көзқарасын дәлелдейді. Дәйектейді.

Мұндағы идея мен тақырыпты анықтайды. Салыстырады. Сипаттайды. Жазушының шығарма жазуына түрткі болған себептерге үңіледі. Оның салдарына зейін салады. Сыни ойын көрсетеді.

Қойшы, айта берсек, осылай талқылау толассыз жалғаса береді. Бұның баланың кәдімгі толыққанды қоғамның мүшесі ретінде қалыптасуында ықпалы зор. Олай емес деп көріңізші?! Айтқаныңызды орындап, сонымен жүретін, ойын жеткізіп, шешім қабылдай алмайтын бала – ертеңгі күні қоғамда тобырдың қатарын көбейтпей ме?

«Функционалды сауатты адам – бүгінгі күнге қажетті мамандықты таңдап, дұрыс шешім қабылдап, заманауи ақпараттық технологиялардың тілін біліп, кез келген әлеуметтік ортаға бейімделеді. Ол – қоғамдық ортада өмір сүре алатын, тіл табыса білетін, белгілі бір сапалық қасиеттері бар, жалпы негізгі және пәндік құзыреттіліктерді меңгерген адам»,– дейді психолог Сымбат Берікқызы.

Олай болса, бұл бағдарламадан шошымаңыз. Озықтығын енді ұғындық. Ештен кеш жақсы. Біз ұғындық. Сіз ше? Сіз де қуаныңыз. Сонда ертеңіміз жарқын болары хақ…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button