Руханият

Оқу – сүннет, тоқу – парыз

Біз – оқырман ұлт емеспіз, сорымызға қарай. Әрісі – әл-Фараби, берісі Абай оқырман ұлтты көксеп өтті. Бірақ, біз тыңдарманға айналдық. Бұл – жақсы емес. Гитлердің көзіқарақты ел жақсы білетін бір сөзі бар, «кез келген халыққа таң атқаннан күн батқанша даңғырлаған мағынасыз музыканы тыңдата берсе, мәңгүрт қауымға айналады» деген мазмұндағы (ақпарат, діни экспансиялар, жарнама – бәрі мысал бола алады бұған). Абайша айтсақ, «баста ми – қолда малға талас қылған» заман. Адамның қолындағы малын алу үшін әуелі ақыл-есін билеу керек… Ендігі соғыс – осы…

Иә, біз тыңдарман ұлтқа айналдық. Жазу-сызу, оқу-білім, өнер-ғылым көшінен қалып қойдық. Сондықтан, бір кездері жерімізден, елімізден айрылып, босқындыққа ұшырап, қырылып қалудың аз-ақ алдында қалдық. Қазақтың тамырына Тәңір дарытқан табиғи таным-өресі биік болғанымен, іргедегі ел өзінің ықпалымен жүруге мәжбүр етті. Оқу-білімінің арқасында. Осы құбылыстың белең алатыны ХІХ ғасырдың ортан белінен былай біліне бастады. Білімі мен ғылымы төмен ел өзгенің отары болатыны, оны басқаның билейтіні.

Бодандықта болғанымызға кім кінәлі? Өзімізден басқа ешкім емес. Сол кездегі талас-тартыс тәмамдалды деп ойлауға болмайды. Ол майдан әлі де жүруде және жүре береді. Кім жеңеді? Әрине, көп оқып, көп тоқығаны, дүниені анық сезінгені.

Иә, біз – оқырман ұлт емеспіз, әзірге. Басты кемшілік – бір нәрсені бір-бірімізден естіп аламыз да, одан әрі негізді-негізсіз өрбіте береміз. Осынау кемшін тұсымыздан арылудың жолы жоқ емес, бар.

Биыл – әл-Фарабидің мерейтойы. Туғанына – 1150 жыл. Осының елуін алып тастайық, орта есеппен еңбектері елу жастан былай шыға бастады делік жарияға. Еңбектері болғанда, жай еңбек емес, ненің немесе кімнің қайдан шығатыны, қайдан туатыны, қалай қалыптасып, өнетіні, қайтсе – көркейіп өнетіні, қайтіп өлетіні туралы ғылыми дәлелдер тұнған. Гуманитарлық ғылымдармен қатар, физика, математика – бәрі бар онда. Дүние өзгеріп кеткен жоқ, әлі сол ғылым жолымен келеді. Демек, 1100 жыл болыпты Фараби сол ғылымның негізін салып кеткелі. Бірақ, біз сол ғылымнан мақұрымбыз ғой…

Әл-Фараби «біздің бабамыз» деп бос мақтанған не керек? Мерейтойы деп сіз де қолға алған жоқсыз бірде-бір еңбегін, мойындаңыз. Күнделікті газет-журнал, кітап оқып жаттықпаған адам оның ғылыми трактаттарын бірден «бұзып-жарып» оқып кете алмайды. Түсіне алмайды. Ежіктеп отырады да, қалып бара жатқан шаруасын күйттеп кетеді. Өмір сүру керек, себебі. Негізі, қоғамда тәуелсіз, дербес өмір сүру үшін о баста Фарабидан бастау керек еді. Әлі де кеш емес. Мойныңыз жар берсе, әрине.

Иә, біз – оқырман ұлт емес, тыңдарман елміз. Фараби мен Абай көксеген оқырман ұлт мұратына жету жолында тырмысып келеміз. «Абай – Фарабидің тығыздалып, сығымдалып берілген нұсқасы» деп өткенде бір мақалада жазған едік. Сол сөзім – сөз. Фараби – қырық бәлен том болса, Абай – екі-ақ том. Абай білімсіздік пен надандықты шенеді, Фараби «ақылдыларын ақымақтар билеген елдің болашағы жоқ» деді. Не айырмашылық бар екі ғұламаның айтқанында? Екеуінің де айтқаны – бір ізгілік, дүние ғылымы, ар ілімі. Екеуінің көксегені – бір. Не керек? Фараби мен Абай керек. Олардың көксегені керек.

Оқырман елге айналмаған халық ертеңіне сенімді ұлт дәрежесіне көтеріле алмайды…

Оны Фараби де, Абай да айтады. Ендеше, оқу – сүннет, тоқу – парыз.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button