Бас тақырып

Оқу ақысы неге қымбат?

Облыстағы тоғыз жоғары оқу орны өткен жылы 13 мыңнан астам студентті қабылдап, 10 мың білікті маманды оқытып шығарды. Өңірдегі оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылып, олардың техникалық және материалдық базасы жаңарды. Дегенмен, оқу ақысы да шарықтау үстінде. Бұл, қажеттіліктен туындап отырған болар. Бірақ, бала оқытқан ата-ананың қалтасына әжептәуір салмақ салары анық. Аймақтағы ата-аналардың сұранысы бойынша облыстағы университеттердің тыныс-тіршілігімен танысып, оқу ақысына үңілген едік…

АҚЫЛЫ ОҚУ – АТА-АНАҒА САЛМАҚ

Көңіл орнына түсті. Өйткені, жыл өткен сайын облыста оқу құнын көтеріп қана қоймай, керісінше, төмендеткен немесе бір деңгейде ұстаған оқу орындары бар. Оған қоса жоғары оқу орындары басшыларының көбісі оқу ақысын Білім және ғылым министрлігі бекіткен талапқа сай ұстайтынын айтты.

Жалпы 2018-2019 оқу жылында облыстағы студенттердің саны – 44 мыңнан асты. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында 14,4 мың студент мемлекеттік білім беру гранттары есебінен білім алуда. Сол студенттердің жалпы санының 64%-ы күндізгі, 34,5%-ы сырттай оқу бөлімінде. Баласы ақылы бөлімде білім алатын отбасыларға салмақ түсетіні рас. Мәселен, қарағандылық Айгүл Мұратқызының баласы биыл мектепті тәмамдап, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің «Жалпы медицина» мамандығына ақылы оқуға түсіпті. Оқу ақысы қымбат болғандықтан, үйін кепілге қойып, несие рәсімдеген. Өңірде Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің білім беру бағасы шарықтап тұрғаны белгілі. Басшылығына қоңырау шалдық.

ОҚУ АҚЫСЫ 800 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН АСАДЫ

Университеттің баспасөз орталығы берген ақпаратқа сүйенсек, талапкерлердің басым көпшілігінің таңдауы «Жалпы медицина» мамандығына түскен. 2018-2019 оқу жылында осы мамандықты таңдап, І курсқа түскендер үшін оқу құны – 810 мың теңгені құраған. Ал, биылғы оқу жылында І курсқа рналған баға – 875 мың теңгеге тұрақтады. Яғни, баға 65 мың теңгеге артты. Ал, ІІ-VІІ курс студенттері үшін оқу ақысына төмен баға қарастырылыпты.

 Оқу ақысының қымбаттауына не себеп дегенімізде, оқытушылары «Білім туралы» Заңдағы 63-баптың 6-тармағы бойынша (соңғы толықтырулар мен өзгерістерді ескере отырып), жалақы ұлғайған жағдайда және инфляция индексін ескере отырып оқу ақысын жыл сайын өзгертуге жол берілетінін алға тартты.

Сондай-ақ, шетелдік студенттердің неге Қарағанды медицина университетін таңдайтынын атап өтті. Зерделей келсек, шетелдің медициналық ЖОО-да оқу бағасы Қазақстандағы оқу құнынан әлдеқайда жоғары. Мысалы, Венгрияда медициналық білім алу құны жылына 17 000 $ құрайды. Ал, Нидерланды ( 38 000 $), Испания (25 000 $), АҚШ-та 40 000 $ -ға дейін. Осы себепті «ҚММУ-де шетелдік студенттер көп болуы – заңды» дейді оқытушылар. Университетте қазіргі таңда шетелдіктер үшін «Халықаралық медицина факультеті» ашылған. Онда «Жалпы медицина» мамандығының I-V курсы бойынша 1168 шетелдік студент ағылшын тілінде оқиды.

Жалпы, медицина университетінде төлем құнын директорлар кеңесі бекітеді екен. Оның құрамына Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, университет ректоры және «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңға сәйкес, тәуелсіз директорлар мен жеке тұлғалар кіреді.

«2010 ЖЫЛДАН БЕРІ ОҚУ АҚЫСЫ ҚЫМБАТТАҒАН ЖОҚ»

Ал, ҚарМТУ-да жағдай басқаша. Биыл 2656 талапкерді І курсқа қабылдаған университеттегі оқу ақысы тұрақты. 1230 талапкер грантқа, 615-і ақылы оқуға түскен. Бұл туралы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Талғат Мақалақов: «Талапкерлердің басым көпшілігі «Электр энергетикасы», «Автоматтандыру және басқару», «Мұнай-газ өнеркәсібі» мамандықтарын таңдайды» дейді. Осы мамандықтарда 25-30 студент топтасқан 7 топ бар көрінеді.

– Бізде 2010 жылдан бері оқу бағасы қымбаттаған жоқ. Оқудың орташа бағасы – 346 мың теңге. Баға университеттің бағалау комиссиясының шешімі бойынша қойылды. Жалпы, министрлік тарапынан бөлінген бір гранттың бағасы 673 мың теңге, – дейді Талғат Мақалақов.

Талғат Жәкенұлының сөзіне сүйенсек, кейбір мамандықтарда орташадан сәл жоғары баға сақталған. Мысалы, «Архитектура және дизаин» мамандығының оқу ақысы – 373 мың теңге. Шығармашылыққа қажетті қосымша материалдар сатып алуды қажет ететіндіктен, мамандықтың бағасы жоғары.

ҚАРМУ-ДЕ БАҒА ТҰРАҚТЫ

 13 мыңға жуық студент білім алатын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен жылғы орташа оқу ақысы – 376 000 теңге болған. Ал, биылға университет ұжымы бір бағаны ұстауды жөн көріпті. Қазіргі таңда ҚарМУ-де барлық мамандықтарға, оның ішінде техникалық және гуманитарлық мамандықтарға белгіленген ортақ баға – 350 мың теңге. Бұл туралы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Бекболат Нүсіпбеков айтып берді.

– Биыл ҚарМУ-да студенттер үшін жаңа мамандықтар ашылды. Олар қоғамның сұранысына сай заманауи технологияның тілін меңгеруге құштар жастарға бағытталған. Атап айтсақ, «IT кәсіпкерлік және цифрлық экономика», «Кәсіпкерлік және жобаларды басқару», «Мұнай өңдеу өндірісінің технологиясы (сала бойынша)», «HR-экономика және өндіріс қауіпсіздігі», «Бастапқы әскери және дене шынықтыру дайындығы», «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау», «Информатика, АЖТ және робототехника» және тағы басқа мамандықтар қосылды, – деді Бекболат Рақышұлы.

Айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы жоғары оқу орындардың басты рейтингісінде көшбасшылардың қатарында тұрған ҚарМУ-да 85 білім беру бағдарламасы бойынша мамандықтар бар. Биыл оқуға қабылданған 4300 талапкердің 1905-і тегін білім беру грантын жеңіп алған. Сондай-ақ, университетте ақылы топқа түскен жетім, мүгедек топтағы студенттер үшін оқу орнының белгілі талаптарына сай жеңілдіктер қарастырылған. Оған қоса, олардың жатақханада тегін тұру мүмкіндігі бар. Университетке түскен студенттер 6 жатақханамен, бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған заманауи жабдықталған орындар және IT орталықтармен қамтамасыз етілген.

***

Жалпы, қазіргі таңда облыстағы жоғары білім беру саласында 3187 педагог, ал, сырттай білім беру бойынша 585-тен астам оқытушы жұмыс істейді. Оқытушылардың айлығы артқан сайын, оқу ақысы да өсе беруі мүмкін. Жалақының өскені оқытушыға тиімді болғанымен, студент үшін тиімсіз болып тұр…

 

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button