ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРГЕ – қатаң бақылау

Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Қысқы маусымға дайындық, Қарағанды қаласы қоғамдық көліктердегі ахуал сынды бірнеше мәселе жиынға өзек болып, терең талқыланды. Алдымен аймақ басшысы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жаңа басшысы Әскербек ХАЛТОНОВТЫ таныстырды. Әскербек Ибрагимұлының өмірбаяны мен еңбек жолын атап, жаңа қызметін абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев, облыс әкімінің орынбасарлары Серік Шайдаров, Анатолий Шкарупаның баяндамасын тыңдап, тиісті сала басшыларына  атқарылатын жұмыстарға жоспар түзіп,  жұмыс жүргізуге нақты тапсырмалар берді. Жылу маусымы бойынша әр қала мен аудандағы кестеден кешіккен нысандардың тізімі жасалды. Әзірлік барысында артта қалған Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданы әкімдері жылу беруге қатысты ешқандай мәселелер туындамайтынын айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін аймақ басшысы Қарағандыдағы қоғамдық көліктердің жұмысына қанағаттанбайтынын айтып, қатаң ескерту жасаған. Бір ай уақыт аралығында барлығын тәртіпке келтіруді тапсырған. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров тапсырма жүзеге асып жатқандығын тілге тиек етті.

– Біз бүгінгі күнде аталмыш мәселені төрт бағыт бойынша қарастырып отырмыз. Қоғамдық көліктегі мәдениет мәселесін реттеп, техникалық кемшіліктердің алдын алу мақсатында жұмыстар жасалып, GPS-бақылаумен жабдықтау толықтай іске асырылуда. Жолаушыларға қанағаттанарлық сапалы қызмет көрсетуге қажетті автобустар санын есептей отырып, автобустардың жүріс кестесін бір жүйеге қойдық. 365 павильонда аншлагтар орнату аяқталды. Екіншіден, жүргізушілер –100%, кондукторлар 70% бірыңғай жазғы киіммен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, біз күзгі киімді қыркүйек айының соңына дейін сатып аламыз. Сонымен қатар, келеңсіздікке жол бермеу үшін қоғамдық көлікке бейнебақылау жүйесін орнатуды да қолға аламыз, – деді Нұрлан Әубәкіров.

Облыс әкімі №43 автобусқа отырып, 15 аялдаманы жүріп өткен. Тіпті, кондукторға өзін таныстырғаннан кейін ғана сыпайы сөйлескендігін айтты.

  • Заманауи технологияны автобустарға қолданбас бұрын, басқа қалалармен тәжірибе алмасу керек. Тағы да айтамын, жүргізушілердің дөрекі сөйлеуі, рульде отырып темекі шегуі, ұялы телефонмен сөйлесуі, музыканы көтеріп қоюы, қалай болса солай тоқтауы қадағалануға тиіс,– деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов.

Нұрдос КӘРІМ.

 

One thought on “ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРГЕ – қатаң бақылау

  1. Ассалау магалекум Ерлан Ага ,осы позицияныздан таймай халық үшін жумыс жасауыңызға тілектеспін.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.