Қоғам қамқорлықпен кемелденеді
Биылғы Ұлттық Құрылтайда ел Президенті біздің еліміз әлеуметтік мемлекет екенін тағы да атап өтті. Президенттің бұл сөзі әлеуметтік көрсеткіштердің өсуі бойынша мемлекеттің нақты шараларынан көрініс тауып отыр. Соңғы алты жылда елдің әлеуметтік дамуында айтарлықтай өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алды. Мәселен, ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен екі есе 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін өсті. Өзгеріс 2 миллионнан астам қазақстандық үшін оң әсер етті.
Отбасын қолдау – мемлекет міндеті
Отбасы – мемлекет негізі. Оны қолдау мен қорғаудың жан-жақты шаралары бар. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қолдаудың механизмдері жүйелі іске қосылған әрі жаңғыртылып отырады. Президент бастамасымен көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан төленетін жәрдемақы енгізілді. Аймақта 4 және одан да көпбалалы 17 мыңнан астам отбасы бар. Олардың барлығына бала санына қарай ай сайын төлем жасалады. Бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге қатысты. Атаулы әлеуметтік көмек Мемлекет басшысы тапсырғандай, шынымен мұқтаж отбасыларға төленіп келеді. Облыста оны 251 көпбалалы отбасы алады. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы төлем енгізілді. Өңірлер арасында арнаулы төлемді алуға ең көп өтініш білдірген – облыс тұрғындары. Жыл басынан бері 200-ден астам адам жүгінген.
Биыл екінші рет елдегі 6 миллионнан астам бала «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының бір бөлігін алды. Бұл да тікелей Президент тапсырмасымен қолға алынған бұрын-соңды болмаған бағдарлама.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге басымдық берілгенін ерекше айту керек. Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу туралы үнемі айтып келеді. Осы саясат шеңберінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған, ұрып-соғуды және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жазаға жатқызуды көздейтін заң қабылданды. Ол бұрын тек әкімшілік нормалармен реттеліп келген болатын.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жақында ғана өскелең ұрпақты қолдау шараларын жүйеге келтіруге және күшейтуге бағытталған «Қазақстан балалары» атты жаңа біртұтас бағдарламаны ұсынды.
Соңғы жылдары қарқынды түрде бой көтеріп жатқан денсаулық сақтау, білім беру нысандары халықтың әлеуметтік жағдайына, әл-ауқатының артуына өз септігін тигізері анық.
Жұмыспен қамту – басты басымдық
Халықты әлеуметтік қолдаудың басты бағыттарының бірі – жұмыспен қамту. Соңғы алты жылда жұмыссыз халықтың үлесі азайды. Атап айтқанда, 30 013 адамнан 22 915 адамға төмендеді. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, алты жылда аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 0,3% төмендеген. 2019 жылғы 4,4% деңгейінен былтырғы 4,1% деңгейіне жетті. Осы жылдар ішінде 167 309 жұмыс орны құрылды. Олар «Qarmet»АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Карцемент» АҚ, «СарыарқаEnergy», «Satkomir», «Тау-Кен Темір», «Эгофом», «Трек» «Максам Казахстан», «Карцемент», «ККК Бетон», «Сантехпром», «Караганданеруд», «Казтрансметалл», «NORD Пром НС», «Карал PLAST», «Завод Металл Профиль» секілді ірі кәсіпорындарда ашылды.
Одан бөлек, халықты жұмыспен қамтуда түрлі бағдарламалар бар. Әрқайсы түрлі санаттағы тұрғындарға бағытталған. Мәселен, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы еңбек машығы жоқ, алғаш жұмыс іздеген адамдарға арналады. Сондықтан, оған жасы 35-тен аспағандар қатысады. Қазіргі уақытта 5 адам. Жоспар бойынша – 479 адам. «Ұрпақтар келісімшарты» оқу орны түлектеріне алған мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектеседі. Шарт бойынша зейнетке шығатын адамның орнына жас маман келуі тиіс. Биыл 25 адам жіберілуі тиіс.
«Күміс жас» – әлі зейнет жасына жетпеген 50-ден асқан адамдардың жұмыспен қамтылуын көздейтін жоба. Ұзақтығы 3 жылға созылатын жоба аясында облыстың 773 тұрғыны жұмыс тапты. Биылғы жоспарға сәйкес 1 995 адам жобаға қатысады. Жыл басынан бері аймақта «Күміс жастың» жалғасы ретінде «Алтын жас» жобасы қолға алынды. Ол зейнет жасындағы адамдардың жұмыс таба алуы үшін аймақ басшысының тапсырмасымен жүзеге асуда. Оның аясында 900-ден астам жұмыс орны құрылса, 2375 адам жұмысқа орналастырылды. Жобаға қызығушылық білдірушілер көп. Қазірдің өзінде биылғы жоспардың 94%-ы орындалды.
Жұмыспен қамту аясын арттыру үшін қысқа мерзімді оқыту курстары жыл сайын ұйымдастырылады. Осы уақытқа дейін 3 395 адам оқуға жіберілді. Биыл 600-ге жуық адам жаңа кәсіп игеруге мүмкіндік алды. Әлеуметтік аз қамтылғандар санатындағы 150 адам «Jumys Tap» жобасымен білім алып шықты. Олар тігінші, шаштараз, электрик, слесарь, дәнекерлеуші, сантехник сынды мамандықтар бойынша оқып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Ерекше жандарды қолдау да айрықша
Басқармада мәлімдегендей, соңғы алты жылда мүгедектігі бар жандарды техникалық бұйымдармен және оңалту қызметімен қамтуға бағытталған қаражат үш есе өсті. 2019 жылы бұл сома 3,3 млрд теңге болса, биыл 11 млрд теңгеге өскен. Осы жылдар аралығында облыс көлемінде 191 249 адам протездік-ортопедтік, тифлотехникалық, сурдотехникалық құралдармен, қоларбалар, гигиеналық құралдар, санаторийлік-курорттық ем, сонымен бірге, жеке көмекшінің қызметін алды.
2021 жылы әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылғаннан бері мүгедектігі бар адамдар қажетті қызметтерін онлайн режимде алуға қол жеткізді. Жыл басынан бері аталмыш портал арқылы мүгедектігі бар адамдардың 9,9 мың тапсырысы орындалды. Оның ішінде, 6 мыңнан астам оңалтудың техникалық құралдарын, 574 мың ымдау тілі қызметін, 1 968 мың жеке көмекшінің, 696 – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды. Санаторийлік-курорттық емдеу облыста алғаш рет 2023 жылы енгізілді. Содан бері 389 ардагер жолдама арқылы емделуге мүмкіндік алды. Биылдан бастап, ардагерлер өз қаражаты есебінен санаторийлік-емдік шараларға бара алады. Шығынды кейін мемлекет қайтарып береді. 14 күндік ем үшін мемлекет тарапынан 305 мың төленеді. Биыл 10 ардагер аталған көмекті пайдаланды.
Санаторийлік-курорттық ем мүгедектігі бар балаларға қолжетімді. Екі жылда менталды ауытқулары бар 25 бала осындай көмек алды. Ата-аналарының бірінің шығындарының 70%-ы қайтарылады. Мәселен, 14 күндік емдік шараның жалпы құны 305 374,72 теңге болса, оның 213 762,30 теңгесі мемлекет есебінен өтеледі. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің шешімімен І топ мүгедегін санаторийлік-курорттық емге алып жүретін адамның да шығындарының 70%-ы қайтарылады.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамға көмек көрсететін жеке көмекшілердің ақысы көтерілді. Олар үшін міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік төлемдер, міндетті медициналық сақтандырылу жарналары төленетінін айта кету керек.
Мүгедектігі бар адамдар үшін инватаксидің қызметі де аса маңызды. Бүгінде облыстың барлық қалалары мен аудандарында аталған қызмет іске қосылған. Оған 2 012 адам жүгініп отыр. Оның ішінде, балалар да бар.
Мүгедектігі бар адамдардың жағдайын жақсарту – мемлекет мойнындағы зор жауапкершілік. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясат жыл сайын жетілдіріліп келеді. Халықтың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік жағдайын арттыру қашан да назарда.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ