Жаңалықтар

Нысаналы индикаторлар орындалды

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарауындағы мемлекеттік орман қорының жалпы алаңы 204258 га, соның ішінде орманмен көмкерілгені – 83508 га құрайды.

Жыл сайын мемлекеттік орман қорының аумағында орман дақылдарын отырғызу жүргізіледі, 2017 жылы 435,3 га алаңға дақылдар отырғызылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 69 га артық.

Балық шаруашылығы қорында жергілікті маңызы бар 127 балық шаруашылығы су айдыны есепке алынған, жануарлар дүниесінің 40 пайдаланушысына 63 су объектісі бекітіліп берілген, 64 су объектісі резервтік қорды құрайды.

Аңшылық алқаптардың жалпы алаңы 35,3 млн.га, соның ішінде бекітіліп берілген аңшылық алқаптары – 21,6 млн.га, резервтік қор алаңы – 13,7 млн.га құрайды. Облыста барлығы 139 аңшылық шаруашылығы бар. Жануарлар дүниесінің 31 пайдаланушысына 96 аңшылық шаруашылығы бекітіліп берілген.

2018 жылы облыстық бюджеттен табиғат қорғау іс-шараларына 1,4 млрд.теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Қалалар мен аудандар әкімдіктері көгалдандыруға, нөсерлік жүйелерді тазалауға, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келтіруге, сынапқұрамды аспаптарды жинау үшін контейнерлер орнатуға және қызмет көрсетуге, мал қорымдарының құрылысына қаржы бағыттайды.

Басқарма экологиялық ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту, қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру, экологиялық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру, қоғамды одан әрі экологияландыру саласында үкіметтік емес ұйымдармен тұрақты түрде бірлесе отырып жұмыс жүргізеді.

Эмиссиялар өсіміне жол бермеу жөніндегі міндеттерге қол жеткізу үшін 2017 жылы «Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері» әзірленді. Бұл келешекте жүктемені азайту және қоршаған ортаның сапасын арттыру, сондай-ақ, ірі кәсіпорындардың атмосфералық ауа ахуалына шындыққа негізделген әсерін анықтау және әрбір қала мен аудан үшін эмиссиялардың ұйғарынды көлемдерін белгілеу жөніндегі нақты іс-шаралар кешенін жоспарлауға мүмкіндік береді.

«Қарағанды қаласының ГорКомТранс» ЖШС, «Қарағанды-Ресайклинг» ЖШС, «ТТК» ЖШС мамандандырылған ұйымдары қалдықтарды бөлектеп жинауды енгізуде. Облыс аумағында пластик, қағаз, шыны жинау үшін 1000-нан астам мамандандырылған контейнер және сынапқұрамды аспаптарды жинау үшін 56 контейнер орнатылды.

Қарағанды облысының 2011-2016 жылдарға арналған Даму бағдарламасымен белгіленген коммуналдық қалдықтармен айналысу саласындағы индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізілді.

Жыл сайын Қарағанды облысында шамамен 650 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар құралады.

ШОБ кәсіпорындарын бөлектеп жинауды енгізу және қалдықтармен айналысу саласына тарту жөніндегі іс-шаралар қазірдің өзінде оң нәтижесін берді. Соңғы 3 жыл ішінде ТТТ қайта ұқсату облыста 2-ден 10 %-ға дейін ұлғайды.

2017 жылы 650 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жиналып, 65 мың тонна ТҚҚ сұрыпталып, одан әрі қайта ұқсатуға жөнелтілді.

Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі (ӨКЖ) ұстанымын енгізу жөніндегі жұмыстар аясында автомобильдерді кәдеге жарату жөніндегі зауыт іске қосылды.

Жыл сайын қоқысты бөлектеп жинауды белсенді түрде насихаттау жүргізіледі, солардың бірі – Қарағанды мен Теміртау қалаларының ірі ұйымдарының, ПИК өкілдерін, оқушылары мен тұрғындарын қамтитын дәстүрлі «Бөл, тапсыр, қайта ұқсат!» акциясы.

Облыста ТҚҚ қайта ұқсату саласына инвестициялар тарту жөніндегі белсенді жұмыс жүргізіледі.

Бүгінгі таңда МЖӘ шеңберінде қоқысты қайта ұқсатушы зауыттар мен сұрыптаушы кешендер құрылысы жөніндегі 3 ұсыныс қарастырылуда. Осы жобалардың бір бөлігі «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде көпшілік назарына ұсынылған болатын.

«2017-2020 жылдары тасқын су қауіптерін ескерту және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасын орындауға орай, 2017 жылы Ақтоғай ауданының Тоқырауын өзенін санациялау жөніндегі жұмыстар басталды, Нұра (Бұқар жырау ауданының Теміртау қ. жақын Чкалово с., Садовое с., Нұра ауданының Майоровка с., Тассуат с.), Шерубай-Нұра (Жартас су қоймасынан Сасықкөл көліне дейін), Топар, Солонка өзендерін санациялау жөніндегі жұмыс жобалары әзірленді, сондай-ақ «Қарағанды қ. Федоров су қоймасы ауданындағы Соқыр өзенінің арнасын тазалау» жұмыс жобасын түзету жүргізілді. Бұқар жырау ауданының Чкалово және Садовое, Нұра ауданының Тассуат және Майоровка селоларындағы қорғаныш дамбаларының құрылысы жөніндегі жұмыстар жүргізілді.

Басқарма коммуналдық қалдықтармен айналысу саласындағы, су және орман шаруашылығы саласындағы 2017 жылға арналған барлық нысаналы индикаторларға қол жеткізді.

Р.ТӨЛЕПБАЕВ,

Қарағанды облысының табиғи

ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button