БайқауРухани жаңғыру

Әнші атында – әннен жарыс

Қарағанды аймағындағы періште жүрек, жас талаптар мен таланттар ұлтымыздың ән мұрасын Мейірхан Адамбеков атындағы облыстық әншілер байқауында аспандатты. Қазақ ұлтының болмысы мен рухы домбырамен салған әні мен күйінде десек, өле-өлгенше сол мұраны үкілеп, аспандатып өткен Мейірхан АДАМБЕКОВ есімі қандай құрметке болсын лайықты екендігін көзі қарақты жұрт білсе керек. Сол құрметтің титімдейі һәм тұңғышын бірінші болып Қарағанды қаласы Сұрыптау бекетіндегі №3 балалар өнер мектебі жасады. Аймағымызда М.Адамбеков атындағы І облыстық «Жасыл перне» байқауы мектеп табалдырығындағы жас талаптар арасында қашықтан өтті.

Ән өнерінің аймаңдайы Мейірхан Адамбеков есіміне құрмет қазақ ән өнеріне құрмет деп білген жөн шығар. Аталған байқау қазыларының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Жақсыкелді Кемалов ағамыз қатысушылардың талабы мен ынтасын, дайындығын жақсы бағалап отыр. «Жер-жерде Мейірхан Адамбековтен сабақ алған дәстүрлі әншілер ендігі уақытта өздері де шәкірт тәрбиелеп, бәйгеге қосып жатқанын біз осы байқауда білдік» дейді Жақсыкелді ағамыз.

ZOOM платформасында өткен жас әншілер байқауына облыстың түпкір-түпкіріндегі өнер, музыка мектептері мен оқушылар сарайларынан қатысқан үміткерлер төменгі, орта, жоғары сынып бойынша бақ сынасқан. Яғни, жас ерекшелігіне байланысты үш категория.

Кеше жарияланған байқау қорытындысында қазылар шешімімен төменгі сыныптар арасында бас жүлдені қарқаралылық Алуа Сағынбай алса, І орын қарағандылық Зере Қалкенге, екі ІІ орын Топардан қатысқан Ғафура Мұратбек пен балқаштық Айту Серікке, үш ІІІ орынды қарағандылық Мирас Есжанов, Көкпектіден қатысқан Назым Жаңбырбай, топарлық Айжан Серік бөлісті. Орта сыныптағылар арасынан ІІІ орын Жаннұр Төлеуова, Әмина Мұхаммедқанапия, Зайытхан Алтынбекке бұйырды.

ІІ орын Саяжан Тайтөлеуова мен Жәңгір Шуданбекке, І орын Қайыржан Тақсинге, бас жүлде – Сезім Несіпбайдың еншісінде. Жоғарғы сыныптағы қатысушылардан бас жүлде Жәңгір Серіковке, І орын Мөлдір Өтемісоваға, ІІ орын Дилек Тулумға, ІІІ орын Аяжан Қасымоваға табысталды.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button