Әнге бөлеп Арқаны…
Біздің Сарыарқа – жусанын жел тербесе жыр төгілген, қурайына құс қонса күй төгілген өңір. Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Иманжүсіптерден келе жатқан бұл дәстүр әлі де үзілген жоқ. Екі ғасырдың арасына алтын көпір болған, бабалар мұрасын бізге қаз қалпында жеткізуші, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әндерді орындаушылардың VII республикалық конкурсы өз межесіне жетті.
Арқа аспанында үш күн бойы ән қалықтады. Әнсүйер қауым қарашаның 15 жұлдызында «Саржайлау» кинозалында конкурстың ашылуын тамашалап, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 32 үміткердің реттік нөмірлерін анықтайтын жеребе тарту рәсімінің куәгеріне айналды. Айта кететін бір жайт, бұл байқаудың өңірлік ауқымы жылдан жылға кеңеюде. Бұл жолы Астана, Алматы, Маңғыстау, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Балқаш және Қарағанды өңірінің қыздары мен жігіттері бақ сынады. Қазылар алқасы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Мейірхан Адамбеков, Жақсыкелді Кемалов, Талғат Ыдырысовтан құралса, төрағасы – Қазақстанның халық артисі, профессор Қайрат Байбосынов болды.
16 қараша «Шалқыма» концерт залында байқаудың І кезеңі өтіп, қазылар шешімімен 17 үміткер іріктеліп алға шықты. 17 қараша күні ІІ кезеңге өткен үміткерлер түске дейін өз өнерлерін ортаға салды. Осы жерде ескере кететін бір жайт бар. Іріктеу кезеңдеріне сауын айтып, көрермен шақырылмады. Бірақ, тамашалаймын деген жанға есік ашық еді. Бұның басты себебі, конкурс шартында көрсетілген әндердің жиі қайталануы, көрермендердің жалығып кетпеуіне қатысты. Байқау бойы тақымын қысып, балалары үшін, достары не болмаса туыстары үшін жанкүйерлік етіп жүрген жұрт қараша айының 17 күні кешке «Шалқыма» залында тоқайласты. Жүсекең атындағы конкурстың жабылар сәті де келді. Қазылар алқасының төрағасы Қайрат ағамыз сахнаға шығып, елмен амандасып, конкурс жайлы, ұстазы Жүсекең жайлы тебірене сөйледі. Қатысушылардың жүзінен толқу байқалды. Алдымен Алғыс хат алғандардың есімі аталды. Содан соң, конкурстың дипломанттары белгілі болды. Кеш жүргізушілері сахнаға Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жаролла Ақышев ағамызды шақырды. Жәкең сахнаға жақсы жаңалығымен шықты. КМС атынан арнайы екі сыйлық тағайындалған екен. Жүсекеңнің қос шәкірті, Жүсекеңнің телқозысы атанған Жәнібек Кәрменов атындағы және Қайрат Байбосынов атындағы сыйлықтар бұдан кейінгі конкурстарда дәстүрлі түрде тапсырылып тұратын болды. Сонымен, Астана қаласынан келген Дәулеткелді Сағатов Қайрат Байбосынов атындағы сыйлықты иемденсе, тағы бір астаналық қатысушы Сұлтан Тілеубеков Жәнібек атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанды. Сондай-ақ, осы конкурстың о баста қалыптасуына, қанатын кеңге жаюына үлкен күш жұмсаған Рымбала Кенжебалақызы Қазыбек бидің 350 жылдығына орай, конкурс барысында өзіндік ерекшелігімен көзге түскен Маңғыстаудың маңғаз ұлы Әзімхан Баймағамбетовке Қазыбек би атындағы арнайы сыйлықты табыстады.
ІІІ орын үш адамға берілді: Атырау музыка колледжінің студенті Ідірбай Байбақты, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Мейірхан Нұржан және конкурс тарихында сахнаға ең бірінші рет қобызбен шығып ән салған, Тәттімбет оркестрінің артисі, жерлесіміз Еркежан Садуақасоваға.
ІІ орынды жаста болса қазылар алқасының көңілінен шыққан, «Конкурс жаңалығы» болған, небары 18 жасар Диас Мұратхан (Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Алматы) мен Аяулым Қамажан (Қазақ Ұлттық Өнер университеті) бөлісті.
Жеребеде бірінші нөмірді таңдаған Азат Әбдіғалым (Қазақ ұлттық өнер университеті) өзінің шын мәнінде біріншіге лайық екенін дәлелдеп, І орын алса, Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде ұстаздық жолын енді бастап жатқан Сырым Мұхамеджанов Бас жүлдені еншіледі.
Мінекей, Елбасымыз «Рухани жаңғыру» мақаласында айтқан «Ұлттық код» дегеніміз осындай келелі істердің жемісі болса керек. Түп-тамырымыздан ажырамайық, ағайын!
Айсұлтан ЖАҚЫПОВ,
Қ.Байжанов атындағы концерт бірлестігінің бас редакторы.