Жаңалықтар

Әнет баба – ғұлама, дана

«Әнет баба – Арғынның ел ағасы,

Әрі би, әрі молда, ғұламасы.

Үлгі айтқан Орта жүзге ғаділ екен,

Сол кезде 95-ке келген жасы.»

Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ.

Осы бір шумақтың мазмұнына мұқият мән бере, тереңірек2017-06-22-PHOTO-00000001 үңіле, ой-қиялға беріле сараласақ, Әнет бабаның қандай адам екенін ұққандаймыз. Ел ағасы, білікті молда. 95 жасының өзінде алдына әділдік сұрай халқы жүгінген ғаділ би, орта жүзге үлгі айтқан ғұлама. Иә, бұл, Шәкәрімнің Әнет абыз дүниеден өткеннен кейін шамамаен 250 жылдай уақыттан соң ақындық жолына түсіп, аты шыққан кезіндегі жазған ой түйіні болса керек. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» жырында бабаның беделі мен әділдігі және «Тобықты шежіресінде» оның үрім-бұтағы туралы айтылады. Мүмкін кезінде бұдан да көлемді деректер жазған болар.

Әрине бабаның өз заманында айтқаны мен жазғандары аз болмауға тиіс. Одан кейін де дананың ой-түйткілері, шешім-биліктері, өмірі мен еңбектері жөнінде қалам тартқандар жоқ деуге болмас. Бірақ, кеңестік заманда «кедейді кенелтеміз» деп байды да, бар байлықты да құртқан, оларды «аштықпен қырған» адам атын жамылған екі аяқты айуандардың кесірінен жойылған заттар да, еңбектер де аз болмағанын білеміз. Талай зиялыларымыздың елеулі еңбектері жағылып, жыртылғандай, бабаның да ғибратты еңбектері бізге жетпегеніне шәк келтіруге болмас.

Әйткенмен, Төле, Қазыбек, Әйтеке билермен тілдескен, қатар жүрген кездеріндегі Әнет баба айтты деген, ел аузында қалған және кейбір жазушылар мен қаламгерлердің, ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектерінен алынған абыз бабаның алғырлық қабілетін, тапқырлық дарынын, ділмарлық шешендігін, әділдік билігін танытарлық даналық ой-пікірлері баршылық. Соларды оқи отыра, бабамыздың данышпан да ділмар, ғажап та ғаламат тұлға екендігіне көз жеткізуге болады.

Жас кезінен алғыр Әнет бірде:

«Әке, әлем деген қызық та құпия, астарлы да айқара ашық дүние ғой, ә!», – дейді, өзінің таңданысын білдіре.

«Иә, оған сонша неге қызықтың?», – деген әкесіне ол:

«Түн артынан таң атады, күн шығады. Түннің салқындығын күннің шуағы сырғытады. Қайтадан күн батып, түн келеді. Жаз қысты жеңеді. Қыс жазды ығыстырады. Арасында көктем мен күз. Бірін-бірі қуа, шіркін уақыт шыр айналады. Ғажап! Бұл қалай?! Түсіндіріңізші?».

Кішкентай баласының мынадай сұрағына риза болса да, жауап беру оңай еместігін білген әкесі:

«Балам, бұл – құпия. Оны оқып-білген ғана шеше алады. Оқысаң, өскенде өзің-ақ бұл сұрағыңа жауап табасың», – дейді.

«Ендеше маған көп оқып, сондай білім алуым керек шығар?..».

1626 жылы Шыңғыстаудың баурайында туған зерек бала ерте хат танып, арманына орай Бұхардағы Шарип-ғаділ медресесінде оқиды. Мұсылмандық шариғатты, сол заманның ғұлама философтары: Сократ, Платон, Аристотель, Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йассауи, тағы басқалардың еңбектерімен танысып, 17 пән мазмұнын толық меңгеріп, жан-жақты білім алған үздік шәкірт атанады.

Діни сауатты, философиялық ой өресі қалыптасқан, әлем кеңістігінің өзгерісінен, саяси бағытынан хабардар оқымысты жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ елінің болашағына зер сала, өркендету жолында тер төгеді. Көп жылдар Жәңгір хан (1645-1680), Тәуке хан (1680-1718), Батыр хан, Болат хан ордаларында кеңесші болған. Тіпті, Әз Тәукенің тұсында бас уәзір болып мемлекеттік іске батыр, билермен қатар, қара халықты тартушы алғашқы қайраткер. Уәзірлік кезінде орда қызметкерлерінің, үш жүздің сұлтандары мен билерінің біліктілігін, саяси сауаттылығын, мәдениетін дамытуға баса назар аударды. Әсіресе, сол замандағы елдер арасындағы шапқыншылыққа орай ел дауы, жер дауы, ел ішінде күйіп тұрған барымта, жесір дауын шешуде әділдікті, шешендікті қажет ететін елшілер мен билерді хан маңына жинауға, дайындауға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта Тәуке ханмен ақылдаса келе «Билер кеңесін» құрады: ата би, төбе би, төте би, бала би, жеке би, қатар би деген атаулар бабаның кезінде пайда болған шығар, сірә. Уәзір – ата би, Ұлы жүзден Төле – төбе би, Орта жүзден Қазыбек – төте би, Кіші жүзден Әйтеке – бала би (жасынан билікке араласқандықтан аталған болар), ал, қалған мүшелері қатар би, жеке би аталса керек.

Ел билігіне араласып, жаһан жаңалығына көз салған қарымды қайраткер бұрынғы хандар мен билердің мемлекетті сақтауға, күшейтуге бағытталған «Қасым ханның қасқа жолы», одан соңғы «Есімханның ескі жолы» атты ғаділеттік жинақтардағы басқару жүйесінің заман талабына сай еместігін байқайды. Ғұлама елді билеудің жаңа бір жүйелі түрін: қағидалар мен ережелер, заңдар мен баптар топтамасын жазып, елдің ішкі-сыртқы қарым-қатынасын әділ жолмен жақсартуға ойысады. Әз-Тәуке, Әнет би, үш жүздің үш биі және Соқыр Абыз, Қожаберген жырау сынды 7 ғұламаның ізденіс-зерттеуі, сұрыптау-жазуымен аса құнды «Жеті жарғы» заңдар жинағы жарық көреді. Десек те, сол кездегі түрік тілді елдер мен араб елдерінің жарғыларын пайдалана жазылған, кей деректе «Әз-Тәукенің жеті жарғысы» аталатын бұл әйгілі ғаділет жинағының мазмұнын реттеп, тиянақтауға Құдайназыр, Болпыш, Жылкелді, Майлы, тағы басқа сауатты ұлыс басшылары мен қаламгерлер де қатысқан деген тарихи деректер бар. Кейінде бұл жарғы Әлихан Бөкейхан басқарған алғашқы Қазақ Автономиялы «Алашорда» үкіметінің жарғысын жазуға да негіз болған.

Әнет Кішікұлы Орта жүз, Арғынның Тобықты руынан. Жобамен Абай хакімнің 6-шы атасы. Туған жері Сарыарқа аймағы болғанмен, қазақтың ұланғайыр кең даласында даналығымен танылып, билік айтқан. Мемлекет ісіне араласып, қайраткер ретінде танылған орны – сол кездегі Қазақ елінің астанасы Түркістан. Қазақ халқының тұрмыс-жағдайын жақсарту, ұлтының ұлылығын таныту жолында, ел мен ел арасындағы мәмілегерлік шарттарын реттеуде тиімді де еселі еңбек еткен білікті би.

Өсиет-мұралары, нәрлі нақылдары, билік шешімдері, сұрақ-жауаптары талайларға үлгі-өнеге. Ғалымдарымыз бен жазушыларымыздың баба жөнінде оқып-біліп, зерттеп-зерделеп жазғандарына көз жүгіртсек, ұлы ойшылдың ұрпақтарына қалдырғаны – том-том шығармаларға бергісіз ұлықты ұстанымдар.

«Төле биден біраз билер:

Уа, Төле, Сіз төбе бисіз! Біз адассақ сізден ақыл сұраймыз, ал, Сіз адассаңыз кімге жүгінесіз? – депті.

Е-е, Әнет бабам бар емес пе? – деген екен Төле би» (Мамашәріп би).

Сондай-ақ, бабаның Төле биге «мынаны сындыршы» деп бір жас шыбықты береді. Шыбық сынған соң «енді мыналарды біріктіре сындыршы» деп сондай 6 шыбық ұсынады. Шыбықтар майысса да сынбайды. «Міне, алты алаштың баласы біріксе, оларға ешкімнің шамасы келмес еді» деген екен баба. Данышпан дананың «Өткенімізді дұрыс түсініп, ойымыз бірге тоғысып, сөзіміз бір жерден шығып, оларды тиімді пайдалансақ қана халықтың басы бірігіп, өрісіміз кеңейе өркенді жолға бет бұрарымыз хақ» деген қанатты қағидасының өзі, оның ойшыл да ел болашағын ойлаған қарымды қайраткер екендігін көрсетеді. Осындай ақыл-кеңесті, әділ билік шешімді сан рет естіген де пайдаланған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, «көмекей әулие» Бұқар әз бабаны өздерінің ұстазы санапты (Бұқар данаға қосымша «жырау» атын Әнет баба берді деген дерек те бар).

«Әнет баба – ХVII ғасырда қоғамдық аренаға шыққан «сөзі уәлі, аузы дуалы» атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұстазы. Әз-Тәуке ханның ақылшысы, бас уәзірі. «Жеті Жарғы» жинағының авторы – көрнекті қоғам қайраткері» (Тұрсын Жұртбаев, жазушы, ғалым).

Елдің айтулы азаматтарының арасында жиірек болып, олардың орынды да опықты ойларын тыңдап, түсініп, азулы да арынды әрекеттерін көріп-біліп, көтеріңкі де кірбің көңілдерін сезініп, шерлі де шешендік сөздерін ести-сеніп тәжірибе жинақтаған ғұлама би қашанда, қысқа да қанатты, аталы да дуалы сөзімен үлгілі де үмітті насихат нәрін сеуіп, жүректеріне адами қасиеттің рухани да жауһарлы нұрын ұялатып, әділ билік пен айғақты ақиқаттың әсерлі қуатын қолдана іс-әрекет жасауды дәстүрлеген заманының заңғар заңгері десек болады.

Дәлел ретінде Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиясының академигі Салық Зимановтың Әнет баба жөніндегі зерттеулерінде келтірілген:

«Баба, дүниеде «не арсыз, не ғайып, не даусыз, не қадірсіз, не тәтті, не күшті, не жаман?» деген көпшіліктің 7 сұрағына қысқа да нұсқа берілген жауаптардың біреріне назар аударасақ. «Үш арсыз – ұйқы, күлкі, тамақ; үш тәтті – жан, мал, жар; үш күшті – ақыл, жүрек, тіл; үш жаман – нақақ қан төгу, ұрлық, ата-баба жұртын бұзу; үш даусыз – мінез, кәрілік, ажал; Бұдан сақ болыңдар» депті.

Сондай-ақ, «жеті қазына», «жеті ата», «жеті жұрт», «жеті ғалым», «жеті хақ», «жеті жоқ», «жеті жетім» ұғымын сөз қорына енгізе, халық құлағына сіңіре жауап берген де Әз ата екен. Мәселен; «әйел, ер жігіт, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, алғыр тазы» – жеті қазына. Ал, жеті жоғың: «аспанда – тіреуіш жоқ, жерде – сүйеуіш жоқ, таста – тамыр жоқ, аққуда – сүт жоқ, жылқыда – өт жоқ, аңда – қанат жоқ, тасбақада – тамақ жоқ» депті.

Мынандай білік, қысқа да нұсқа ой түйіннен соң, қалай ғана бабаны биолог, астроном, географ, философ, филолог, ғұлама ғалым демеске?!

Бірде қаз дауысты Қазыбек бидің: «О ұстазым! Осы адамды не аздырады, күнә неден болады, дүниені нені бұзады?» – деген сұрағына, баба «Құран Кәрімді» қолына алып: «Мұнда араб тілінде «хакім», қазақта «әкім» деген сөз бар. Осы сөздерді екі рет қайталасаң екі «а», екі «к», екі «м» әріптері бар. Әріптерден мынадай сөздерді шығаруға болады: әйел, алтын, кек, кесір, мақтан, мансап. Адамды аздыратын да, күнаһар ететіндер де, дүниені бұзатын да осылар. Мынаны мұқият еске ұстаңдар:

Ер адам әйелқұмар болмауы керек. Мұндай құмарлық күнаһарлық, лас іс;

Алтын – сұлу тас, бірақ суық тас, суықтығын көрсетпей қоймас. Ол да адамды аздырады, қиянатқа қауыштырады. «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген бекер емес;

Кек жақсылыққа жеткізбес. «Кекшіл болма, көпшіл бол».Үш күннен артық араздасу, кектесу ислам дініне жат;

Кесірлік – пайдасыз қасиет. «Кесір адам – несібесінен айрылар, кең кісіге несібе өзі қайрылар»;

Мақтаншақтық – жараспастық қылық. Мансапқорлық – адамды аздырар ауыр дерт».

Қалмақ-жоңғар шапқыншылығында алты ұлы қаза болған, жерін таптап, халқын қорлаған қас жауларына қарғыс тілегенде абыз 100-ге тақаған екен. «Көптің қаны жібермесін, көздерің тоймай, байлыққа құныққан қу сүйектерің жат жерде қуарсын! Е, Жасаған ием, осы батамды қабыл қыл», – деп көкке қолын жайып жиі жалбарынған деседі. Аруағыңнан айналайын әулие бабаның сол сөзі Алла Тағаланың құлағына жеткендей, жоңғар халқы жер бетінен жойылды, қазақ елі жерін басқыншылардан азат етіп, егеменді ел болды.

Ертедегі жаугершілік «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қиыншылық заманның 1723 жылғы жоңғарлар шабуылы кезінде Әнет баба «ата-бабамның аруағы қонған, балаларымның сүйегі қалған жерімнен кетпеймін» деп жұртта қалып, иманын келтіріп көз жұмыпты (Кейінде Әнет бабаның мүрдесін Көкенай батыр Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи мазарына апарып жерлеген).

Осындай абыз атаға Әйтеке би: «О, Баба! Сіздей дана ғасырда бір туар: алпыста – ақылдыға арқа, жетпісте – жүйріктерге желкенді кеме, сексенде де – көпке көсем болдыңыз. Тоқсаныңызда да – таңғаларлық тұлғасыз. Сіз бергеніңіз де мол, әлі де береріңіз көп кемеңгерсіз ғой», – деп ризалығын білдіріпті. Адамға ақиқат та анық бағаны білім алған шәкірті мен жанындағы серіктес-қызыметтесінен артық ешкім бере қоймас.

Қазір де ағайынды Әнет пен Әйтек тұқымдары – Айдос пен Жігітектен тараған кейінгі ұрпақтары Ақан Телібай-ұлы, Данелия Хамзин, Жарқын Ақан-ұлы, Ернұр Мұсабайұлы, Талғат Хамзин және иман жүзді азаматтар Мұхаметқали Баймұқанов, Амангелді Ноғаев, Әли Тілеміс, Амангелді Туғанбаев, Қасым Жақыпбеков, тағы басқалары бастап, Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа мен көптеген зиялы зейнеткерлер қостап, Республикалық діни басқарманың шешімімен баба есімі Қарағанды қаласында бой көтерген Жаңа мешітке берілді. Осы бағытта мешіт жанынан жеті зиялы зейнеткерден құрылған ұйымдастырушы топ іс-әрекеттер жоспарлап, шаралар өткізуде. Сол шараның алғашқысының бірі – Қарағанды облысы әкімдігінің келісімімен осы жылдың 28 маусымында Әнет баба мешітінде өткізілетін тарихи-танымдық кездесу кеші.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы 100 есімнің біріне ұсынылып отырған һас дананы әлі де тереңірек зерттеп, халық жадында қалдырарлықтай: аймақты ма ауданды, қаланы ма алаңды, кешенді ме көшені атап, білім ордаларын белгілеп, еңселі ескерткішін орнатып, бағдарламалар жазып, оқуларын өткізуді ойластыру қажет десек, артық болмас. Театрлық қойылымдар, ғылыми-танымдық, тіптен, көркем фильмдер, кітаптар жазылып, игілік іске асырылса көпшіліктің риза болары хақ.

Ұлы ғұламаның ғанибетті ғұмырына тереңірек үңілсек, тамаша тағлым, зиялы насихат, зерделі өсиет, рухани ұмтылыс. Ендеше, ұлықты бабамыздың, айтулы Алаш арысының атын асқақтату, ұрпақтар санасына сіңіру барысында қажетті қор жинап, іс-әрекеттер жасап, тарихи-танымдық шаралар өткізсек, ұтарымыз аз болмас.

Бабаның атына төмендегідей есеп-қоры ашылғанын ескертеміз:

KZ486010002002125343

Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,

ардагер педагог,

Қазақстан Журналистер,

Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

«Әнет баба мешіті» жанындағы ұйымдастырушы

топтың мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button