Бас тақырып

Өнерпаз көп, өнертапқыш жоқ

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ кезекті Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалынан жан-жақты дерек беріп, бүкпесіз, емен-жарқын райдағы әңгіме қозғады. Экономикамыз халықаралық экономикалық үдерістермен тығыз байланыста болса да, өзгелерге шектен тыс тәуелді болмаудың жолын қарастыру керектігін Мемлекет басшысы қадап айтты. Оның ішінде, ұзақ мерзімді инновациялық даму мәселелерін шешуге, ғылым саласын дамытуға терең мән берді. Осы орайда, «Қазақстанда өнерпаз көп болғанымен өнертапқыштар жоқ па?» деген сауал көңілімізде алаң тудырды.

Өнертапқыш болу оңай емес. Тауарлар мен қызметтерге толы нарықта сұранысқа ие болатын өнім шығару қиын. Тұтынушыларға қажет өнімді жасау үшін сізге көп уақыт, ресурс жұмсауға тура келеді. Сонымен қатар, зияткерлік меншігіңізді қорғау үшін өз өнертабысыңызды патенттеудің де өз алдына қиындығы жеткілікті. Десек те, инновациялық үрістерді жолға қоюда, жаңашыл өндірісті қолға алуда самарқаулық танытып отырған жайымыз бар. Республиканы айтпағанда, 80 мың халқы бар, өндірісті Балқаш қаласының экономикасы металл өндіру саласына арқа сүйеп отыр. Бұл ғалымдарды өнертапқыштық, зерттеу жұмыстарына тарту, таланттыларға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық талпыныстарын қалыптастыруда жүйелі жұмыстың жүргізілмейтіндігіне сайдық. Ал, Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәния Ермекбай өнертапқыштар келсе, қолдауға әзір екендігін айтады.

– Басқа өңірлерде өнертапқыштар автокөлік, өндіріс, ауыл шаруашылығы, әскери техника, су көлігі, құрылыс, жылу-электр энергетикасы, авиация және космонавтика бағыттарындағы жобаларын таныстырып жатады. Біз ғалымдарға қолдау көрсетуге қашан да дайынбыз. Бірақ, балқаштықтар тыңнан түрен салып, өзгеше өнертабысымен алдымызға келген емес. Жеңіл өнеркәсіпті жандандырып, жаңа технология ойлап тауып жатса қуанамыз, – дейді Сәния Ермекбай.

Ал, керісінше, балқаштық қолөнер шебері Жұмағазы Мұхаметжановтың айтуынша, өнертапқыштар қолдаудың жоқтығынан үнемі өз жұмыстарынан бас тартып жатады. – Қазақта өте бір жақсы мақал бар: «Өзіңе өзің берік бол, қоңсыңды ұры тұтпа». Қай заманда да өзектілігін жоғалтпай келе жатқан осы даналықтың астарына үңіліп көрдік пе екен, сірә? Үңілмедік деп айта алмаймын, бірақ жете мән бермейтін секілдіміз. Біз өзіміздің ғалымдарды, өнертапқыштарды бағалай алмай келеміз. Әйтпесе, Қазақстан – әлемдегі өнертапқыш елдердің бірі. Дәлел ретінде елімізде соңғы 20 жыл ішінде 30 мыңға жуық ғылыми жетістіктің патенттелгенін айтуға болады. Бұл туралы бір кезде Әділет министрлігі ақпарат таратқан болатын. Ал, сол дүниелер қазір елімізде шығып жатыр ма? Жоқ. Өйткені, қолдаудың жоқтығы жарға жығып отыр. Өнертапқыштарға жергілікті билік қолдау көрсетемін десе, бізде ғалымдар іркілместен жұмыстарын қолға алар еді, – дейді Жұмағазы Мұхаметжанов. Зияткерлік меншікті коммерцияландыру мәселесі көп адамды алаңдатады. Ал, оны қолданысқа енгізіп, халыққа шығару одан да қиын. Еске сала кетейік, осыдан біраз жыл бұрын қарағандылық жас өнертапқыш тірек-қимыл мүшелері жарақаттанған адамдар үшін экзоскелет құрылғысын жасады. Интерн-хирург Вячеслав Литвинов халықаралық көрмеде тірек-қимыл мүшелеріне зақым келген адамдарға және өз еркімен қозғалу мүмкіндігін жоғалтқан адамдар үшін экзоскелеттерді қалпына келтірудің портативті үлгілерін жасау және іске асыруға бағытталған жобасын ұсынады. Сол жоба қолдау тапса, қазір тірек-қимыл мүшелеріне зақым келген талай адам пайдасын көрер еді. Халық санын ескеретін болсақ, біздің ғылыми потенциалымыз Жапония мен Ресейден кем түспейді. Бірақ, әлі күнге дейін халық жаппай тұтынатын қазақстандық өнертабыс өнімі шығарылмай отырғандығы анық.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button