Ресми

Өнеркәсіпте – оң үрдіс

Өткен жылы индустрияландырудың үшінші бесжылдығын іске асыру басталды. Оның негізгі міндеттері – индустриялық кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру, ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлар номенклатурасын кеңейту, өңдеу өнеркәсібі салаларын технологиялық дамыту және цифрландыру. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, COVID-19 вирусына байланысты карантиндік шараларға қатысты күрделі жағдайға қарамастан, өнеркәсіпте оң үрдіс сақталды. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,5% өсіммен 2,9 трлн. теңге болды. Іс жүзінде өңдеуші саланың барлық секторларында өсім байқалады.

Өндіріс өнімі – мол

Мысалы, түсті металлургияда өндіріс көлемі 4,5%-ға өсті. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші «Қазақмыс» корпорациясы тазартылған мыс өндірісінің көлемін 4,1%-ға, алтын өндірісін 17,3%-ға, сондай-ақ күміс өндірісін 10,4%-ға ұлғайтты.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да жалпақ илек өндірісінің 26%-ға ұлғаюы есебінен қара металлургиядағы өсім 8,6%-ды құрады.

Сондай-ақ, фармацевтикада 3 есе, тамақ өнімдерін өндіруде 14%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде 9,8%-ға, құрылыс индустриясында 2,2%-ға өсім байқалды.

Өңдеу саласындағы еңбек өнімділігі 3,9%ға өсті.

Облыс өндірушілері 2,5 млрд. АҚШ доллары сомасына өнім экспорттады, олар әлемнің 39 елінде, оның ішінде Ресейде, Қытайда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Ұлыбританияда, Өзбекстанда, Украинада, Қырғызстанда және тағы басқа елдерде тұтынылады.

Инвестиция көлемі артты

Негізгі экспорттық тауарлар-мыс, жалпақ илек, ферроқорытпа, кремний және тағы басқа Индустриялық-инновациялық даму аясындағы басқарма жұмысының негізгі басымдықтарының бірі – инвесторлармен жұмыс және инвестициялар тарту.

2020 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 678,2 млрд. теңгені құрады, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 204,1 млрд. теңге немесе 2019 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 107,7% салынды.

Инвестициялардың негізгі үлесі жеке инвестицияларға тиесілі – 81,6% (2020 ж. – 553,6 млрд.теңге), бұл біздің облыста іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар.

Облыста 12,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылып, 2 трлн. теңгеге жуық сомаға 50 жаңа ірі инвестициялық жоба іске асырылуда.

Оның ішінде 203,6 млрд.теңге сомасына 11 жоба іске қосылып, 2020 жылы 2518 жаңа жұмыс орны құрылды.

Ақтоғай ауданының «Долинное» кен орнында «Алтыналмас» компаниясы алтын өндіру фабрикасының өндірісін кеңейтті. Kemix компаниясы әзірлеген эксклюзивті модель металды үлкен жанасу алаңымен көмірге сорбциялау қарқындылығының артуы есебінен цикл уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік береді. Технологиялық процестің толық циклі SCADA автоматтандырылған басқару жүйесінің көмегімен басқарылады және бақыланады, бұл ААФ-ның толассыз өнімділігін арттыруға және ресурстарды одан әрі ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

«YDD Corporation» ЖШС ферросилиций өндіру зауытын кеңейту. 4-ші пешті іске қосу өнім шығаруды 33%-ға (жылына 180 мың тоннадан 240 мың тоннаға дейін) арттырып, Қазақстанға ферросилиций өндірісі бойынша әлемде 5-ші орынға шығуға мүмкіндік береді. Зауыт өнімі экспортқа бағдарланған.

Бұл жобалар металлургия саласының көлемін ұлғайтуға септігін тигізеді.

Жаңа жобалар – жаңару кепілі

«Linde Gas» кәсіпорны техникалық газдарды алудың технологиялық процесінің заманауи автоматтандырылған жүйесін енгізді. Бұл – болашақта 3-кезеңді жүзеге асыруды жоспарлап отырған голландиялық инвесторлардың екінші зауыты.

Hitachi Construction Machinery ірі габаритті техникасына қызмет көрсету орталығы ашылды. Жобаның ерекшелігі – орталықта кішігірім көліктерден үлкен көліктерге дейін күрделі жөндеу және қалпына келтіру мүмкіндігі бар. Сервис орталығының қуаттылығы – жылына 400 компонент. Бұл – Қазақстандағы ең озық сервис орталығының бірі. Сервистік қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін орталық мамандары Hitachi (Жапония), MTU (Германия және Түркия), Allison (Ресей) үздік тренингтік орталықтарында оқытудан және біліктілігін арттырудан өтеді.

«Qaz Carbon» (Каз Карбон) кәсіпорны жаңа байыту фабрикасының құрылысын салды, сондай-ақ құю өндірісі жаңғыртылды. 100ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Табысты жобаны кеңейту бойынша екінші кезеңі іске асырылды, қуаттылығы – 50 МВт «Ағадыр» КЭС күн паркі, «Solarnet / Goldbek Solar» герман инвесторларымен бірлесіп «ҚазСолар» ЖШС-де қуаттылықты 76 МВтқа дейін арттырылды. Мұнда қуатты қосалқы станциялар мен 150 мың панель орнатылды.

«Global City» көтерме-логистикалық орталығы ашылды. Бұл – өңірде бизнесті дамыту үшін шығындар мен алаңдарды қысқартуға, бәсекелестікті күшейтуге және арттыруға, бөлшек саудада өнім құнын төмендетуге, электрондық сауда үшін алаң құруға, жаңа логистикалық маршрут құру есебінен қалалық автожолдарға жүк көлігімен жүктемені азайтуға бағытталған жаңа тірек нүктесі.

Облыс үшін, соның ішінде Саран моноқаласы үшін ірі және маңызды жобалардың бірі автобус өндірісі болып табылады. Көлік жасау бұл – облыс үшін жаңа сала.

«QazTehna» (Қазтехна) компаниясы Қытай инвесторларының қатысуымен бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының базасында автобус өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы болып табылатын Yutong автобус, карьер және жол-құрылыс техникасын шығару жобасын іске асырды. Жыл сайын 1200 автобус пен 400 бірлік арнайы техника мен арнайы көлік шығару жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, бұрынғы РТБ зауытының бар инфрақұрылымын ескере отырып, осы алаңда өткен жылы бірқатар ірі жобаларды іске асыру басталды:

– Татнефть ресейлік инвестордың қатысуымен шиналар шығаратын зауыт (құны – 125,0 млрд. теңге, 1150 жаңа жұмыс орны);

– Рэди Билд Фэктори типі бойынша дайын өндірістік үй-жайлар кешені бар Индустриялық парк. Бұл Саран қаласының ШОБ жобалары үшін, оның ішінде жоғарыда аталған зәкірлік жобалардың айналасында жиынтықтау және құрамдауыштар базасын өндіру бойынша жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Облыста «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді.

2020 жылы іске қосылған жобалардың жалпы санынан АЭА аумағында 2 жоба іске қосылды, 184 жаңа жұмыс орны құрылды.

«Steel Manufacturing» кәсіпорнымен ТМД елдерінде (Канада) жаңа технологияларды қолдана отырып жез бұйымдарын шығаратын жалғыз зауыт іске асырылды. Өндіріс өнеркәсіптік интернетті қолдану арқылы толығымен автоматтандырылған.

«Polymet Solutions Corporation» ЖШС байыту фабрикаларына арналған резеңке техникалық бұйымдар өндірісі. Өнімдер заманауи жабдықтарда (Германия, Италия, АҚШ) шығарылады.

АЭА аумағында 9 кәсіпорын жұмыс істейді, оларда 100-ге жуық өнім түрлері шығарылады, оның ішінде жаңа түрлері – жезден жасалған бұйымдар, диірмендерге арналған резеңке футеровка, отқа төзімді бұйымдар және тағы басқа.

«Сарыарқа» АЭА кәсіпорындарымен экспорт көлемі – 5,1 млрд. теңге (2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы деректер). Инфрақұрылымға салынған инвестициялардың 1 теңгесіне қайтару 4 теңгені құрайды.

ИИД мемлекеттік бағдарламасында отандық өндірісті дамыту үшін сервистік қолдау көзделген.

2020 жылы облыс әкімдігі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ арасында жалпы сомасы 75,0 млрд. теңгеге жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі Меморандумға қол қойылды және іске асырылды.

Аймақ кәсіпорындары келісімшарт көлемін ұлғайтты

Облыстың 49 кәсіпорнымен 149,0 млрд. теңге сомасына шарттарға қол қойылды.

Тоқсан сайын Қарағанды облысының жүйе құраушы кәсіпорындарының сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесіне талдау жүргізіледі.

2020 жылы облыс әкімдігі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ арасында шикізаттық емес тауарлар бойынша жергілікті қамту үлесінің 5 млрд. теңгеден 10 млрд. теңгеге (10%) дейін өсуін қамтамасыз ету бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Меморандумның орындалуы 31,3 млрд. теңгені құрады немесе 6 есе өсті (Облыстың 34 тауар өндірушілерімен келісімшарттар жасалды).

Өндірістік қуаттылықтардың жүктелуін қамтамасыз ету, ұзақ мерзімді кепілдендірілген тапсырыстармен қамтамасыз ету және босатылған қызметкерлерді тарту мақсатында Қарағанды облысының жүйе құраушы кәсіпорындарының айналасында 43 кәсіпорын оқшауландырылып, аутсорсингке берілді.

Атап айтқанда, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ – Теміртау қаласындағы 33 кәсіпорын, оның ішінде 26 кәсіпорын оқшауландырылып, 7 кәсіпорын аутсорсингке берілді.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тамақтандыру және арнайы киіммен қамтамасыз ету, резеңке-техникалық бұйымдар, оттегі және азот өндіру, жанар-жағармай жөнелту және мұнай шаруашылығы объектілерін күтіп ұстау қызметтерін көрсету саласында 9 аутсорсингтік компаниямен өзара іс-қимыл жасайды.

Сондай-ақ, жоғары қайта бөлу технологиясын қолдана отырып, облыс кәсіпорындарының өндірісті жаңғырту және кеңейту арқылы өсу резервтері бар.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының «Индустрия 4.0» кластерін қалыптастыру және дамыту аясында облыстың 11 кәсіпорнында 40 цифрлық жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні жалпы сомасы 16,6 млрд. теңгеге 22 жоба іске асырылды.

Зияткерлік шешімдер, нақты уақыттағы мониторинг және операцияларды автоматтандыру сияқты технологияларды енгізу қарастырылған «Модельдік цифрлық фабрикалар» («Алтыналмас» АК» АҚ, «Евразиан Фудс» АҚ) жобаларын іске асыру жалғасуда.

«Евразиан Фудс « АҚ «Жабдыққа техникалық қызмет көрсету және жөндеу» жобасын енгізді, ол жабдыққа техникалық қызмет көрсету процестерін оңтайландыруға, өндірістік қызметке зиян келтірмей жөндеу жұмыстарын жоспарлауға, жабдықтың тұрып қалуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Өндірісті Индустрия 4.0 деңгейіне көшіру мақсатында компания 1 млрд. теңгеден астам сомаға 7 жобаға бастамашылық жасады. Оның ішінде 2 жоба аяқталды.

«Алтыналмас» АК» АҚ – өндірісті үнемі жетілдіріп отыратын және өндірісте жаңа технологияларды қолданатын тағы бір модельдік фабрика. Бұл – нақты уақытта таукен көлік кешенін диспетчерлеу және автоматтандырылған басқару және шахтада жұмыс істеу кезінде автоматтандырылған жабдық, бұл техниканың тұрып қалу жағдайларын төмендетуге және еңбек қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.

Компания нақты уақыт режимінде негізгі бизнес-процестерді және бүкіл өндірістік процесті қадағалауға болатын интеграцияланған ақпараттық ортаны құру мақсатында «Цифрлық кеніш» жобасы аясында 12 кіші жобаны іске асырады.

Сонымен қатар, компания жасанды интеллект технологияларын қолдануда пионер болып табылады, оны қолдану жабдықтың шамадан тыс жүктелуіне жол бермейді.

Тұтастай алғанда, өнеркәсіптік өндірістің 4.0-Индустрияға көшуін ынталандыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар өсімнің озыңқы қарқынына қол жеткізуге ықпал ететін болады.

Өнеркәсіп салаларын индустриялық дамыту бойынша жұмыс жалғасуда.

Ғалымжан ЖҰМАСҰЛТАНОВ,

Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық даму басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button