Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Құнды құжаттар мұрағатқа тапсырылды

«Қарлаг: болашақ үшін естелік» ғылыми-зерттеу жобасының авторы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ жеке мұрағатын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қарағанды облыстық мемлекеттік архив қорына табыстады. Бұл құнды құжаттар өткен ғасырдағы қуғын-сүргін құрбандарының қиын тағдыры туралы шындықты толық ашуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің қатысуымен өткен тарихи мұраны тапсыру салтанатына тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, депутаттар, өлкетанушылар қатысты.

Архив қорына өткізілген құжаттар арасында Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Финляндия және тағы басқа елдердің мемлекеттік мұрағаттарынан жиналған құнды деректер бар. Зерттеу географиясы Қарағанды облысынан басталып, Ресейдің Сібір өлкесін қамтылды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасынан алынған құжаттарды да кездестіресіз мұнда.

Аталған материалдар Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» Жарлығына сәйкес, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды толық құқықтық ақтау үшін өте өзекті әрі ауадай қажет. Сондай-ақ, зерттеушілерге ГУЛАГ пен Қарлаг тарихы туралы көбірек мәлімет алуға мүмкіндік береді. Ол үшін шет елдердің архивіне бару қажет емес. Мұнда мол дерек бар. Статистика деректері тұтқындардың жынысы, жасы, ұлттық құрамы, саны һәм басқа да мәліметтер мен анықтамаларды қамтиды.

– Жарқын болашақ үшін өткен қорқынышты тоталитарлық жүйе туралы айту керек. Қазіргі уақытта саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік және өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Мұрағаттарды құпиясыздандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылуы тиіс, – деді Абзал Нүкенов.

Нұрлан Орынбасарұлы, сонымен қатар, ерекше режимдегі лагерлерге қатысты бірқатар құжаттарды да тапсырды.

Бұдан басқа, «Алаш» партиясының басшылары мен мүшелерінің қызметін көрсететін деректер де бар. НКВД-ға қарасты Қарағанды ауыл шаруашылық тәжірибе станциясында жұмыс істеген ғалымдардың еңбектері жиылған жұрттың қызығушылығын тудырды.

Сондай-ақ, жеке мұрағат фотосуреттер, монографиялар, БАҚ-тағы көптеген ғылыми жарияланыммен толықтырылған.

– Облыстық мемлекеттік архив қорында аймақтың айтулы тұлғаларының 100-ден астам жеке архив қоры бар. Ең үлкен қор – 430 іс құжаты бар Ж.Бектұровқа тиесілі еді. Нұрлан Орынбасарұлы жеке қорындағы 467 іс құжатты өткізді. Бұл ғалымның 20 жылға жуық ғылыми-зерттеу еңбегінің бір бөлігі. Алда тағы толықтырылады. Енді, олар көпшілікке қолжетімді және жас зерттеушілер мен ғалымдарға мол базалық көмек болады. Нұрлан Орынбасарұлы – 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Оның «Қарлаг: болашақ үшін естелік» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында 45 кітап шығарылды. Бұл – ұшан-теңіз еңбек. Бірақ, репрессия тақырыбын әлі де терең зерттеу қажет. Мысалы, ГУЛАГ жүйесіндегі лагерлердің саны және олардың орналасқан жері, жазықсыз жазасын өтеп, қайтыс болғандар туралы әлі нақты ақпарат жоқ. Мемлекеттік архив осы жолда ізденушілерге үнемі көмекші әрі патриоттық тәрбиенің киелі ошағы, – деді архив басшысы Жаңагүл Тұрсынова. Қарлаг тарихы бойынша құжаттардың негізгі қабатының деректанулық базасының кең ғылыми айналымда болмауы сол қайғылы жылдардың толық бейнесін қалпына келтіруге мүмкіндік бермей отыр.

Сонымен қатар, арнайы қоныс аударылғандар мен жер аударылғандардың тарихы бойынша құжаттар үлкен сұранысқа ие және олар бойынша сұраныстар тек ТМД елдерінен ғана емес, алыс шетелдерден де келіп түсуде. Дулатбековтің жеке мұрағаты – мұрағат ішіндегі мұрағат деуге болады. Өйткені, мұндай бай қорды бұрын-соңды көрмеген едік. Бәрі дайын. «Зерттеймін» деген ынта ғана керек.

– Мен мұрағат материалдарымен жұмыс істегенде сенсация іздеген емеспін. Бұл архивтік-іздестіру жұмысының деректері бір үлкен мақсатқа – саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге қызмет етуі тиіс, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Тағылымға толы тарихи кеш карантин талаптарын сақтап қатысқан жұртшылыққа ұмытылмас әсер сыйлап, рухын қамшылағаны сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button