Шет

Өндірістік кооперативтер: алғашқы қадамдар, проблемалар

Ауыл адамдарын ұжымдастырып жаппай нәтижелі еңбекке тартудың бірден-бір жолы селолық өндірістік кооперативтер екенін түсінген Шет өңірінің халқы бастаманы қызу қолдады. Небары 1-2 айдың ішінде аудан бойынша 11 кооператив құрылып, оларға 307 адам өз еркімен мүшелікке өтті. Қайсыбір кооперативтерге 30-40 жеке тұлғалар бірікті. Бұрын назардан тыс қалып келе жатқан жеке адамдар үшін қолдарындағы малдарымен тауарлы өндіріске қатысып, мемлекеттік қолдауға ие болу мүмкіндігі ашылды. Шаруашылығын өркендетіп, малының сапасын арттыруға бел байлаған ауыл тұрғындары облыстың ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жеңілдетілген несие ала бастады.

Талды ауыл округінде құрылған ет өндіруге маманданған «Талды-Нұр» кооперативінің 24 мүшесі 67 млн. теңге, Ақой ауыл округінде сүт бағытындағы «Ақой-Ақбұлақ» кооперативінің 27 адамы 50 млн. теңге қаражат алып, тиісті шаруаларына белсене кіріскен.

«Келешегі бар кемел істе кедергілер де аз емес, – дейді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Имаш Жақанов. – Әділет басқармасынан тіркеуден өткенмен бүгінгі күнге дейін бордақыға қойылатын мал сатып алуға несие ала алмағандықтан ет бағытындағы қалған кооперативтердің жұмысы тежеліп тұр. Күнделікті өнім өндіретін тауарлы сүт кооперативтеріне технологиялық жабдықтар (тоңазытқыштар, сүт өңдейтін қондырғылар) алсаңдар ғана несие беріледі деген шарт қойылған. Алайда, бұл жабдықтарды сатып алған күнде оларды қоятын, жарығы, суы тартылған мекен-жайлар керек. Күрделі құрылысқа күрделі қаражатты кім бермек? Міне, осындай жағдайларға байланысты кооператив құрамына кірген, алайда қаржылай көмекке қолдары жетпеген жеке шаруалар арасында кооперативке деген сенімсіздік пайда болатын түрі бар. Мәселені шешуге көмек сұрап облысқа, министрлікке шығып жатырмыз» .

Осы саламен шұғылданатын аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жұмкин мәселені шешудің оңтайлы жолдарын қарастырып, қиындықтарды еңсеру үшін тиісті іс-шаралар жасалып жатқанын айтты.

Е.Жәнібеков,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Шет ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button