Жаңалықтар

ӨНДІРІС ЖЕТЕКШІСІ ЖЕҢІСХАН

Қып-қызыл балқытылған мысты алып ожау көтеріп барады. Ел ырызығы, экономикамыздың тірегі. Сол елу тонналық алып ожауды көтеретін кранды үнемі бақылауда ұстап, күндіз-түні ақаусыз қозғалуына мұрындық болатын жөндеушілердің еңбегі де ұшан-теңіз. Осы алып ожауды көтеретін кран болмаса еңбек өнімділігі артып, жоспар да орындалмайды. Алып ожауға құйылған мыс бірден анод пешіне жеткізіледі. Конвертор бөлімшесінен мысты сұйық ваннада балқытатын пештің арасында алып ожау қозғалыссыз жүреді.Ал, анод пешінен тап-таза мыс электролид цехына жіберіледі. Одан енді тиісті орындарға жөнелтіледі.

Мыс балқыту цехындағы алып ожауды көтеретін кран жөндеушілер бригадирі Жеңісхан Тәттібекұлы Дәрібековпен өндіріс жайында әңгімелесіп тұрмыз.

– Не нәрсенің өлшемі болады ғой. Біздің еңбегіміздің өтеуі алып ожауды көтеретін кранның үздіксіз, үзіліссіз қозғалуы. Елу тонналық алып ожауды көтеретін кран үнемі техникалық бабында болуы керек. Алып ожау жерге түсіп кетпеуі керек, өндіріс апатына ұрынбауы керек. Міне, біздің жұмысымыз осымен бағаланады. Кезекші слесарь, кезекші электриктер  уақытпен санаспай еңбек етеді. Біздің бригадада Алдаберген Әбеуов, Ақжол Сұлтанбеков, Мәди Қуатбековтер еңбек етеді. Ал, Анатолий Копаев өзімнің ұстазым, қазір жасы ұлғайды. Орнын жастарға берді. Бұрын бригадир болатын. Ал, бүкіл кран жөндеушілердің жетекшісі Бақтыбай Дүбірбеков,– дейді Жеңісхан Тәттібекұлы бізбен әңгімесінде.

Мыс балқытушылардың еңбегі тіптен бөлек. Аса жоғары температурада балқыған мыс сұйытылған күйінде өндірістік өңдеу жолынан өтеді. Моншақ-моншақ маңдай тердің өтеуі мыстың экспортқа шығуы – ол табыс әкеледі. Мұнда мыс балқытатын бірнеше пеш бар. Үлкен ожауды  пештің алдына тосады, іле пештің қақпағы ашылып, балқытылған мыс алып ожауға шүмектей құйылады. Еңбек қауіпсіздігін сақтау осыдан туындайды.

– Жаңа айттым ғой, көтергіш кран үнемі техникалық қалпында болуы керек. Көбінесе темір арқан үзіліп кетеді, редуктор істен шығады. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Біздің жөндеушілер бригадасы алдын ала бақылау жүргізіп, істен шыққан тетіктерін тез арада айырбастап отырады. Иә, кезінде апатты жағдайлар орын алды, оның бетін аулақ қылсын. Жаңа технология өндіріске батыл енгізілуде. Бұдан былай мамандарымыз кран кабинасында отырмайды. Электронды түрде жерде отырып басқарады. Міне, бұл да жаңалық. Өскеменнен арнайы мамандар келді. Үш кранды осы әдіске қосып берді, үлкен жеңілдік. Қазір төртінші кранды жасап жатыр. Бұған Россиядан келген мамандар араласып, бізбен тәжірибе алмасуда. Өндірісте «Өмір жобасы» деген үлкен бағдарлама бар. Қауіпсіздік үшін, еңбек адамдарының алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай жасалып, жаңа заман талабына сай әлемдік жаңалықтарды енгізу болып табылады. Шындығында «Өмір жобасы» арқылы біраз жаңалықтар енгізіліп, қол жұмысы жеңілдетілуде,– дейді бригадир Жеңісхан сөз арасында.

♦ ♦ ♦

Жеңісханның жігіттері кранды жөндеген кезде сол маңайды бірден қоршап тастайды. Еңбек қауіпсіздігін қатты сақтайды. Арнайы киімдерін киіп алып, уақытпен санаспай еңбек етіп, кранды мезгілінен бұрын іске қосып, алып ожауды ерсілі-қарсылы қозғалысқа түсіреді. Кейде кранды күрделі жөндеуге қояды. Мұнда тетіктерді түгелдей жаңадан айырбастайды. Сапалы жөнделген кран өндірістегі адамдардың амандығы үшін аса қажет.

– Өндіріс – табыс көзі. Балқаш мысы әлемдік беделге ие. Жұртшылық «Комбинат» деп атап кеткен іргелі өндіріс орыны өркендей берсін. Әріптестерімді дәстүрлі мерекесімен құттықтаймын. Ауыз біршілік, әмсе ынтымақ тілеймін, – дейді Жеңісхан.

Айтпақшы Жеңісхан Тәттібекұлының өмір жолына үңілмеппіз ғой. Ол 1971 жылы Гүлшат елді мекенінде дүниеге келген. Әскери борышын өтеп жүргенде жүк көтергіш кранның оқуын оқып алыпты. Еңбек жолын құрылысшы ретінде бастаған, 1997 жылдан бері Мыс балқыту цехының жүк көтергіш кран қызметінде еңбек етіп келеді. Өз ісіне ұқыпты, білімді жас жігітті басшылар жөндеушілер бригадирі етіп тағайындады. Әкесі Тәттібек өмір бойы геологияда еңбек еткен. Анасы Рәзия да жастайынан еңбекке араласқан. Бір отбасына төрт ұл, екі қыз тәрбиеленді. Яғни, қарапайым еңбеккердің отбасынан шыққан Жеңісхан біртін-біртін еңбекте шыңдалып, мыс балқытушылардың өнімді, ақаусыз еңбек етуіне айтарлықтай үлес қосып келеді.

Әркімнің отбасы өз бақыты, рахаты. Жеңісханның жары Толқын Маратқызы қаладағы көп салалы аурухана перезентханасында аға акушерка болып қызмет етеді. Үлкен ұлы Нұржан Төтенше жағдайдар жөніндегі маман. Сүйікті қызы Әсем 11 сыныпта оқиды. Кенжесі Сұлтан  балабақшада.

 

♦ ♦ ♦

Жігерлі жігіт ағасының еңбек соқпағы осындай. Ол әріптестерінің арасында құрметке бөленген. Мысшылар мерекесі қарсаңында Жеңісханның суреті алдыңғы толқын ағаларымен қоса өндіріс озаттары тұратын  Құрмет тақтасына ілінді. Тамаша жетістік.

Қарапайым еңбегің баянды болсын, Жеңісхан!

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ.

 

Суретте: Кран жөндеушілер бригадирі Жеңісхан ДӘРІБЕКОВ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button