Жаңалықтар

Наурыздың түп-тегі қайдан шыққан?

Бұл туралы жазушы, публицист Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ былай дейді:
– Негізі әлі анықталған жоқ. Аңызына, оның атасы Мәшһүр Жүсіп бабамызға құлақ түрсек, тым алысқа кетеді. «Нұх кемесі топан судың толқынында алты ай, он күн тербеліп жүріп, Мухаррам айының бірінші күні Қазығұрттың басына тоқтапты» – дейді. Ол – күн мен түннің теңелген сәті екен. Содан топанға тоғытылып кетпегеніне қуанып, қалған-құтқан азық-түлігімен той жасапты, Наурызды тойлау содан бастап Нұхтың үш ұлының (Хам, Сам, Иафас) ұрпақтарына мұра болып қалыпты, – дейді. Бақсақ, Наурыз адамзаттың екінші атасымен бірге туған болып шығады.
Нұх топаны Құранда да («Нұх» сүресі) бар. Бірақ, онда Қазығұрт емес, Жуди тауы айтылады. Ай-күні де жоқ. Сонша дәл деректі Мәшекемнің қайдан алғанына зейінім жетпеді де басқаны іздей бастадым…
«Қазақ» газетінің 1914 жылғы 9 -(22) наурыздағы санынан Әлихан Бөкейханұлының «Әлем күнтізбелерінің тарихы және оның маңыздары» деген мақаласы табылды (Наурызды осы газетте 1917 жылы А.Байтұрсынұлы да, 1923 жылы «Еңбекші қазаққа» М.Дулатұлы да жазыпты).
«Әлемдегі алғашқы күнпарақ Ғайсадан 5000 жыл бұрын Тигр, Ефрат аңғарында өмір сүрген Вавил (Шумер) елінде жасалған халдей күнтізбесі еді», – дейді данышпан. Онда жыл басы етіп күн мен түннің теңелу сәтін алған. Ұлы көштер кезінде Халдейлер ыдырап, билік парсыларға өткенде, ол Наурыз (Ноу – жаңа, руз – күн) аталды. Одан Григориан календарлары шықты да, Халдейді де, наурызды да ығыстырды. Бірақ, астрономиялық дәлдік жағынан жыл басын Халдей күнпарағы бойынша жүргізген дұрыс еді…» деп жазады Әлихан Бөкейханұлы.
…Наурыз – табиғат таразысы теңелген дәлдік сәті. Осы айдың 21-23-інде күн мен түн теңеледі. Суық пен жылылық ауысады, қыс пен көктем қауышады. Көкте нұр көбейеді. Жерге жылылық жайылады. Тіршілік бусанып көгереді, тамырына нәр енеді. Олай болса, «Жыл басы Наурыз болғаны жөн» деп санайды ғылым…»

(Қасымхан Бегманов. «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең»)
Дайындаған
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button